Химиялық уланудың алдын алу – қауіпсіз өмірдің кепілі
Химиялық улану – адам ағзасына әртүрлі химиялық заттардың түсуі нәтижесінде пайда болатын қауіпті жағдай. Тұрмыста, өндірісте және ауыл шаруашылығында қолданылатын химиялық заттармен дұрыс жұмыс істемеу денсаулыққа елеулі зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан химиялық уланудың алдын алу – әрбір азаматтың сақтық пен жауапкершілікті талап ететін міндеті.
Химиялық улану көбіне тұрмыстық химия құралдарын дұрыс сақтамау, дәрілік заттарды бақылаусыз қолдану, улы газдармен немесе химиялық булармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан орын алады. Мұндай уланулардың салдары жеңіл белгілерден бастап, ауыр асқынуларға дейін апаруы мүмкін.
Алдын алу шараларының ішінде ең алдымен химиялық заттарды сақтау тәртібін сақтау маңызды. Тұрмыстық химия өнімдері балалардың қолы жетпейтін жерде, түпнұсқалық қаптамасында сақталуы тиіс. Химиялық заттардың құтыларына жазылған нұсқаулықтарды мұқият оқып, оларды тек белгіленген мақсатта қолдану қажет.
Өндірістік және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтау ерекше маңызға ие. Жеке қорғаныш құралдарын пайдалану, желдету жүйелерін қамтамасыз ету және жұмыс орнында санитариялық талаптарды орындау химиялық улану қаупін төмендетеді.
Сонымен қатар дәрілік заттарды дәрігердің нұсқауынсыз қабылдауға болмайды. Дәрілерді шамадан тыс немесе дұрыс емес қолдану да улануға себеп болуы мүмкін. Улану белгілері байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай медициналық ұйымға жүгіну қажет.
Халық арасында химиялық уланудың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – улану жағдайларының азаюына ықпал етеді. Әрбір азамат өз денсаулығы мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін химиялық заттармен жұмыс істеуде аса мұқият болуы тиіс.
Химиялық уланудың алдын алу – қарапайым сақтық шараларынан басталады. Қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы ғана өзімізді және жақындарымызды түрлі қауіп-қатерден қорғай аламыз.
А.Алиева,
Қармақшы аудандық санитариялық – эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы
















