ҚАУІПСІЗ ТАҒАМ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ!
Тағамнан улану – сапасыз немесе микробтармен, олардың токсиндерімен және басқа да зиянды заттармен ластанған азық-түлікті тұтыну нәтижесінде пайда болатын денсаулыққа қауіпті жағдай. Тағамнан улану жылдың кез келген мезгілінде кездесуі мүмкін. Әсіресе азық-түлікті сақтау, дайындау және тасымалдау талаптары сақталмаған жағдайда улану қаупі артады. Сондықтан тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау – халық денсаулығын қорғаудың маңызды шараларының бірі.
Тағамнан уланудың негізгі себептеріне жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді тұтыну, тағамды дұрыс сақтамау, жеткіліксіз термиялық өңдеу, жеке бас гигиенасын сақтамау және дайын тағамдардың шикі өнімдермен жанасуы жатады. Сонымен қатар белгіленбеген сауда орындарынан сатып алынған, шығу тегі мен сапасы белгісіз азық-түліктер де адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Тағамнан улану кезінде жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, іш өту, дене қызуының көтерілуі және жалпы әлсіздік сияқты белгілер байқалады. Ауыр жағдайларда ағзаның сусыздануы және басқа да асқынулар туындауы мүмкін. Әсіресе балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар және иммунитеті әлсіреген азаматтар үшін тағамнан улану қауіпті.
Тағамнан уланудың алдын алу үшін азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде олардың жарамдылық мерзіміне, сақтау жағдайына, қаптамасының бүтіндігіне және сыртқы түріне назар аудару қажет. Тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышта тиісті температурада сақтап, дайын тағамдарды бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырмау маңызды.
Ет, балық, құс еті және жұмыртқа өнімдерін жеткілікті термиялық өңдеуден өткізу қажет. Шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтап, оларды дайындау үшін жеке тақтайлар мен асүй құралдарын пайдаланған жөн. Көкөністер мен жемістерді тұтынар алдында ағын сумен мұқият жуу, ал тағам дайындау алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен жуу – инфекцияның таралуын болдырмаудың қарапайым әрі тиімді жолдары.
Сондай-ақ сүт және сүт өнімдерін, кремді кондитерлік өнімдерді, салаттарды және басқа да тез бұзылатын тағамдарды сақтау талаптарына ерекше көңіл бөлу қажет. Үй жағдайында дайындалған консервілерді пайдалану кезінде де сақтық шараларын сақтау маңызды. Қақпағы ісінген, қаптамасы бүлінген немесе сапасына күмән тудыратын консервіленген өнімдерді тұтынуға болмайды.
Қоғамдық тамақтану орындарында санитариялық талаптардың сақталуы, қызметкерлердің жеке бас гигиенасы, тағам өнімдерінің дұрыс сақталуы мен дайындалуы тағамнан уланудың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Тағам дайындау және сату орындарында тазалық пен қауіпсіздік талаптары тұрақты сақталуы тиіс.
Тағамнан улану белгілері байқалған жағдайда өз бетінше ем қабылдамай, медициналық көмекке жүгіну қажет. Ағзаның сусыздануын болдырмау үшін сұйықтықты жеткілікті мөлшерде қабылдау маңызды. Ал тоқтаусыз құсу, қатты әлсіздік, қан аралас іш өту немесе сусыздану белгілері пайда болған жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгіну керек.
Құрметті аудан тұрғындары! Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың амандығы үшін тағам өнімдерін сатып алу, сақтау және дайындау кезінде санитариялық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтаңыздар. Күнделікті қарапайым сақтық шараларын орындау арқылы тағамнан уланудың алдын алуға болады.
Есіңізде болсын, қауіпсіз тағам – денсаулық кепілі!
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
















