АДАМ ПАПИЛЛОМА ВИРУСЫНАН САҚТАНАЙЫҚ!
Адам папиллома вирусы (АПВ) – әлемде кең таралған жұқпалы инфекциялардың бірі. Бұл вирус тері мен шырышты қабаттарды зақымдайды және оның кейбір түрлері қатерлі ісік ауруларының дамуына себеп болуы мүмкін. Атап айтқанда, адам папиллома вирусы жатыр мойны обырының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Сондықтан аталған инфекцияның алдын алу, халықтың ақпараттандырылуын арттыру және профилактикалық екпелердің маңыздылығын түсіндіру – қоғамдық денсаулық сақтаудың өзекті міндеттерінің бірі.
Адам папиллома вирусының 200-ден астам түрі белгілі. Олардың кейбірі теріде сүйелдердің пайда болуына әкелсе, жоғары онкогенді түрлері жатыр мойны, анус, ауыз-жұтқыншақ және басқа да ағзалардың қатерлі ісіктерінің даму қаупін арттырады. Инфекция көбінесе жыныстық қатынас және тері мен шырышты қабаттардың тікелей жанасуы арқылы беріледі. Көп жағдайда вирус жұқтырған адамда ешқандай белгі байқалмайды. Сондықтан адам инфекцияны тасымалдаушы екенін білмеуі мүмкін.
Адам папиллома вирусының алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі – вакцинация. Вакцина ағзаның вирусқа қарсы иммундық қорғанысын қалыптастырып, жатыр мойны обырының және АПВ-мен байланысты басқа да аурулардың даму қаупін төмендетеді. Вакцинацияны вируспен кездеспей тұрып жүргізу оның профилактикалық тиімділігін арттырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес адам папиллома вирусына қарсы вакцинация 11 жастағы қыздарға жүргізіледі. Екпе алты ай аралықпен екі рет салынады. Вакцинация ата-анасының немесе заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімімен жүзеге асырылады.
АПВ-ға қарсы вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі ғылыми зерттеулер арқылы дәлелденген. Вакцина құрамында тірі вирус болмайды, сондықтан ол адам папиллома вирусын жұқтырмайды және қатерлі ісік ауруын тудырмайды. Екпеден кейін инъекция орнында ауырсыну, қызару немесе дене қызуының аздап көтерілуі сияқты уақытша реакциялар байқалуы мүмкін.
Аурудың алдын алу үшін вакцинациямен қатар салауатты өмір салтын ұстану, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан сақтану және профилактикалық медициналық тексерулерден уақытылы өту маңызды. Әйелдерге жатыр мойны обырын ерте анықтауға бағытталған скринингтік тексерулерден белгіленген мерзімде өту ұсынылады. Себебі вакцинация жатыр мойны обырының даму қаупін айтарлықтай төмендеткенімен, барлық онкогенді вирус түрлерінен толық қорғамайды.
Құрметті ата-аналар! Қыз баланың денсаулығын қорғау – оның болашағына жасалған маңызды қадам. Адам папиллома вирусына қарсы профилактикалық екпені уақытылы алу арқылы болашақта жатыр мойны обырының және басқа да қауіпті аурулардың даму қаупін төмендетуге болады.
Есіңізде болсын, уақытылы вакцинация – қатерлі ісіктің алдын алудың тиімді жолы!
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
















