Адам папиллома вирусының алдын алу
Адам папиллома вирусы (АПВ) – әлемде кең таралған вирустық инфекциялардың бірі. Бұл вирус көбіне тері мен шырышты қабық арқылы жұғып, көптеген жағдайда ешқандай белгісіз өтеді. Алайда оның кейбір қауіпті түрлері жатыр мойны обырының, сондай-ақ анус, ауыз-жұтқыншақ, жыныс мүшелері обырының дамуына себеп болуы мүмкін.
АПВ қалай жұғады?
Вирус негізінен жыныстық қатынас кезінде жұғады. Сонымен қатар тері мен шырышты қабықтың тікелей жанасуы арқылы да берілуі мүмкін. АПВ-ны жұқтырған адамның өзінде ауру белгілері байқалмауы ықтимал, бірақ ол вирусты өзгелерге тарата алады.
Алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация
Қазіргі таңда адам папиллома вирусына қарсы вакцина аурудың алдын алудың ең сенімді және ғылыми дәлелденген әдісі болып табылады. Вакцина ағзаның иммундық қорғанысын қалыптастырып, қауіпті вирус түрлерінен қорғайды.
Қазақстан Республикасында адам папиллома вирусына қарсы вакцинация ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Вакцина 11 жастағы қыз балаларға тегін жүргізіледі. Бұл жас иммундық жауаптың жоғары болуымен және болашақта жұқтыру қаупінің алдын алумен ерекшеленеді.
АПВ-дан қалай қорғануға болады?
- АПВ-ға қарсы уақытылы вакцина алу;
- Салауатты өмір салтын ұстану;
- Жеке бас гигиенасын сақтау;
- Қауіпсіз жыныстық мінез-құлық қағидаларын сақтау;
- Әйелдерге профилактикалық гинекологиялық тексерулерден және жатыр мойны обырына скринингтен уақтылы өтіп тұру.
Вакцина қауіпсіз бе?
Иә. Адам папиллома вирусына қарсы вакциналар әлемнің көптеген елдерінде ұзақ жылдар бойы қолданылып келеді. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан қауіпсіз әрі тиімді деп танылған. Вакцинациядан кейін байқалатын жанама әсерлер, әдетте, жеңіл түрде өтеді. Мысалы, екпе салынған жерде ауырсыну немесе қызару, дене қызуының аздап көтерілуі сияқты уақытша белгілер болуы мүмкін.
Адам папиллома вирусының алдын алу – болашақтағы ауыр аурулардың, әсіресе жатыр мойны обырының алдын алудың маңызды қадамы. Уақытылы вакцинация жасау, профилактикалық тексерулерден өту және салауатты өмір салтын ұстану арқылы өз денсаулығыңызды және жақындарыңыздың саулығын қорғауға болады.
А.Идрисова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы















