Көкжөтелдің алдын алу – қоғам денсаулығының кепілі
Соңғы жылдары тыныс алу жолдарының жұқпалы аурулары арасында көкжөтел деректері жиілеп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл ауру әсіресе балалар үшін қауіпті болғанымен, ересектер арасында да таралу қаупі жоғары. Сондықтан дәрігерлер көкжөтелдің алдын алу шараларын күшейту қажет екенін ескертеді.
Көкжөтел ауа-тамшы арқылы жұғады. Науқас адам жөтелгенде немесе түшкіргенде тарайтын бактериялар жабық ортада тез таралады. Ұзаққа созылатын ұстамалы жөтел – аурудың негізгі белгісі. Ерте кезеңде дәрігерге қаралу асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Медицина мамандарының пікірінше, көкжөтелден қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Жоспарлы екпелер ағзада иммунитет қалыптастырып, аурудың ауыр түрін болдырмауға көмектеседі. Сонымен қатар, жеке гигиена талаптарын сақтау да маңызды. Қолды жиі жуу, жөтелгенде ауызды жабу және бөлмені тұрақты желдету инфекцияның таралуын азайтады.
Иммунитетті күшейту де – алдын алудың маңызды бөлігі. Дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы және белсенді өмір салты ағзаның қорғаныш қабілетін арттырады. Дәрігерлер ұзақ жөтел байқалған жағдайда өздігінен емделмей, медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
Қоғамдық денсаулық – әр азаматтың жауапкершілігі. Уақтылы екпе алу, санитарлық талаптарды сақтау және ақпараттандыру жұмыстарын күшейту арқылы көкжөтелдің таралуын азайтуға болады.
Б.Еркебаева,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы
















