Көкжөтел және одан қорғану жолдары
Көкжөтел – тыныс жолдарының шырышты қабатын зақымдайтын, ауа арқылы тез таралатын өте жұқпалы бактериялық инфекция. Аурудың қоздырғышы Bordetella pertussis бактериясы адам ағзасына жөтелгенде немесе сөйлескенде бөлінетін ұсақ тамшылар арқылы еніп, кеңірдек пен бронхтың ішкі қабығында көбейеді. Инфекцияның өршуі кезінде бактериялар жүйке жүйесіне әсер етіп, жөтел орталығын қоздырады, нәтижесінде күлу, сөйлесу немесе терең тыныс алу кезінде ұстама тәрізді жөтел жиілейді. Ауру жүрек пен қан тамырларын әлсіретіп, иммунитеттің төмендеуіне әкеледі және қосымша инфекциялардың дамуына жағдай туғызады.
Көкжөтел көбіне мектеп жасына дейінгі балалар арасында кездеседі, дегенмен бұл ауру ересектерде де болуы мүмкін. Ең үлкен қауіп – бір жасқа толмаған нәрестелер үшін, себебі оларда ауру ауыр өтеді және пневмония, неврологиялық зақымданулар секілді күрделі асқынулар туындауы мүмкін. Науқас адам алғашқы белгілер байқалған кезден бастап шамамен бір ай бойы басқаларға инфекция жұқтыра береді. Вакцина алған адамдарда көкжөтел жеңіл өтетінін де ескеру қажет. Емдеу кезінде дәрі-дәрмек, тыныс жолдарын қалпына келтіруге бағытталған терапия және дәрігер бақылауы міндетті.
Көкжөтелдің алғашқы белгілері бірнеше күн немесе екі аптаға дейін жалғасуы мүмкін. Аурудың бастапқы кезеңінде құрғақ жөтел, дене қызуының аздап көтерілуі және мұрын бітелуі байқалады. Кейіннен тыныс алғанда ысқырықты дыбыстың шығуы, кеуде қуысындағы қысым сезімі, тамақтың жыбырлауы, жөтел ұстамасы кезінде ауа жетпеуі, түнгі уақытта жөтелдің күшеюі, жалпы әлсіздік, мазасыздық және тәбеттің төмендеуі сияқты белгілер қосылады.
Инфекцияның негізгі таралу жолы – ауа-тамшы механизмі. Ауру адам жөтелгенде, күлгенде немесе сөйлегенде шашыраған сілекейдегі бактериялар жақын тұрған адамдарға жұғады. Сондықтан көкжөтел балабақша, мектеп сияқты балалар көп шоғырланатын орындарда тез тарайды. Адамда бұл ауруға қарсы туабіткен қорғаныс болмайды, бірақ вакцинация немесе бұрын ауырғаннан кейін ұзақ мерзімді иммунитет қалыптасады.
Көкжөтелге шалдығу қаупін арттыратын факторлардың ішінде жеті жасқа дейінгі бала жасы, жоспарлы вакцинацияның болмауы, науқаспен тығыз қарым-қатынас және иммунитеттің әлсіреуі бар.
Аурудың алдын алу – денсаулықты қорғаудың ең маңызды бөлігі. Көкжөтелге қарсы 3 айлығынан бастап баланың жоспарлы екпе алуы – инфекциядан қорғанудың жалғыз сенімді жолы. Екпе үш рет егіледі және аралығы 6 апта болуы тиіс. Тыныс жолдарының жұқпалы ауруына тән белгілер пайда болса, уақытылы дәрігерге қаралу қажет. Сонымен бірге науқас адамдармен байланысқа түспеу де маңызды.
Есте сақтаңыз, ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу әлдеқайда тиімді.
Н.Нұрлыбекова,
Қармақшы аудандық
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы













