» » ШҮЛЕНКӨЛ НЕМЕСЕ ӘКЕМ АЙТҚАН ӘҢГІМЕ

ШҮЛЕНКӨЛ НЕМЕСЕ ӘКЕМ АЙТҚАН ӘҢГІМЕ

1982 жылдың күзі. Күзі болғанда да қыркүйек айының суыта қоймаған соңғы күндері. Бұзаулап қалды ма екен, туғалы тұрған қызыл қасқа сиыр екі күннен бері өрістен келмей қалды.
Сәті түскен сәрсенбі күні ертеңгі шәйімді ішіп болысымен құнанынан мініске үйретіп, «Көкше» атап кеткен көк бестіме ер салдым. Мақсатым өріс айналып, мал қарап қайту. «Аю» жармасын жағалап келдім де, бірінші кездескен кең жайпауыттан өтіп, оңтүстік-батысқа бет бұрдым. Жайбарақат жайылған сиыры бар, жылқысы бар өріске шыққан ауыл малының арасынан іздеген жоғымды көре алмай, жүре-жүре бағана алыстан көрінген биік төбеге де жақындап қалыппын.
Біліп келем. Осыдан елу жыл бұрын қоныс еткен жеріміз. Төбенің арғы бетінде Шүленкөл көрінуге тиіс. Бір есептен жақсы болды. Таба алсам, әкемнің жатқан жерін де көріп, бет сипап кетудің сәті түскен шығар. Жануар жем жеп тұрған мал ғой, ауыздықты сүзе тартып ентелеген Көкше, қамшы салдырмаған күйі лекіте желіп, төбе басына шыға келді.
Өзек сияқты иретіле келіп, бүйен тәріздене тұйықталған айдын көзге оттай басылды. Екі жақ жағасы жуандығы жас баланың білегіндей жұпжұмыр ұйыса өскен нар қамыс. Судың бетінен қар бойындай балық жеген жері сидаң көрінгенімен жоғары жағындағы қалың жапырақ бір-бірімен айқасып, ит тұмсығын өткізбестей қабаттасып қалған. Тіпті ұзын өскен жерлері жел мен дауылдың әсерінен бір-бірін ығыстыра құлап, үстінен түйелі адам жүрсе де былқ етпестей болып қатпарлана созылып жатыр. Тек үйір-үйір қасқалдақтар мен сұңқылдаған сұқсұр үйректер шүрегейлерін ертіп, осы көлдің еркесіндей әлгі нуға еркін кіріп шығады. Кейбіреулері айдында «мені көрдің бе?» дегендей аяғын суға тіреп жіберіп, кеудесін кере қанатын қаққыштап қояды.
«Шолп» етіп сүңгіп кеткен сүңгуірдің толқын жүгірткен іздеріне сүйсіне қарай берсең-ақ келесі сәтте айдынға сіңіп жоқ болады. Ортаға таман шапши көтеріліп құйрығын бұлғаңдата суға қайта құлайтын ақбалықтардың бауыры күнге шағылысып жарқ еткені де көлдің көл екенін білдіріп тұрады ғой, жарықтық! Төбе басында ойға шомып тұрмын. Көлді айнала жер кепе қазып, күнделікті шанышқыға іліккен он шақты балықты бөліп жеп күнін көрген жеті үй керейтті сонау аштықтың зұлмат жылдарынан аман алып қалған көл еді ғой бұл.
Иә, сонан бері тура елу жыл өтіпті-ау!
Жарты ғасыр ішінде қайда бармадық, не істемедік?! «Отан қорғау жолында жан пида» деп кешегі фашистік қырғында жауға қарсы оқ аттық. Жараланып, госпитальдің дәмін таттық. Елге аман-есен оралып колхозшы атандық. Бейбіт өмірге араласып, шаруашылықтың түрлі жұмыстарын қолымызбен атқардық. Қарақұм мен Қызылқұмның беткейлеріне мал да жайдық. Ұл өсірдік. Қыз өсірдік. Құда-жекжатпен араластық. Ағайынның қадірін білдік.
Сол бір қиын жылдарда өкпесіне суық тигізіп алып, төрт ай бойы төсектен тұра алмай жатқан әкемнің: «Бұл өмірде, шырақтарым, сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл» деп бастаған бір әңгімесі есіме түсіп кетті. О дүниедегі қанша көрген ұжымағың бір күнгі тіршіліктей болмайды. Осы жүрген жүрістеріңе тәубе етіп, ендігі жерде өз қамдарыңды өздерің жасаңдар. Қиындық көрдім демей, тәңір берген несібелеріңді арыстанның аузынан, «түрікпеннің төрінен» алып жемесеңдер бір жапырақ нан өздігінен келіп аузыма түседі екен демеңдер. Еңбек ет. Кәсіп істе. Отырма.
«Өзек жағалағанның өзегі талмайды» деп отыратын аталарыңның сөзімен осы жағалауға әкеліп қоныстандырдым. «Балықшы Құпия» атанып тап осы көлден аулаған талай ақ сазан мен көксеркені халыққа шүлен қылып тараттым. Махамбет ағаларыңның көрігінен шығып, суып қандыра суарылған ана қасиетті шанышқыны қолыңа ал. Қанша жыл болды, әлі ұшы қайтып, еш жері мұқалған жоқ. Мен енді тұрып балық аулай алмаспын. Ана Тұрақбайға еге бол. Шешеңе қара. Ағаларың да ұста болғаны болмаса бүгінгі күні біреуді біреу біліп болмаған мына заманда оларға іс соқтырып жатқан адам жоқ. Екеуі де мерген ғой, мылтығымен күн көрер.
Қазір кәсіп болғанда да тамақтан өтер нәсіп табудың жағдайын ойлаңдар. Кешегі Николайдың заманында да аштан өлмей, көштен қалмай жүріп ек. Елді ел қыламын десе, мына жаңа келіп жатқан үкімет те бір ыңғайын жасар...
Осы әңгімелерін жаны қиналмай жайбарақат айтып жатқан әкемді «тәуір боп кетер» деген үмітіміз ақталмады. Сол күні іңір қараңғысында соңғы рет иек қақты. Аз уақыт жаны тыныш тапқаны – бой жазып жатқаны екен деп кейін ойладық қой.
Пәни жалғанның елу төрт жыл дәмін татып, дүниенің баянсыз екеніне мойынсұнған әкемді 1932 жылы тап осы төбенің батыс етегіне өз қолыммен көмгенде 18 жаста екенмін.
Бірінен-бірін айырғысыз сұрғылт күндер өтіп жатты. Күн көрісіміздің түрі көлден балық аулау, құс ату. Әкемнен Алмаш деген інісіне жасатып алған құс қайығы мен әлгі айтқан шанышқысы қалған. Ана жылы Сарымсақ ағамның берген аузынан оқталатын пілтелі мылтығын басыма жастап жатамын.
Қайық бір-ақ адамдық. Қалт-құлт етеді. Басына шыңға бекіткен ұзындығы кісі бойындай білік темірді жағаға қағып, қайықтың шынжырын шыңғасынан өткізіп құлып саламын. Ешкім алып кете алмайды. Қауіпсіз. Салынған құлып кілтін әкелмей міз бақпайды. Аламын деген адам, қайықтың басын білік темірдің бойындай көтеруі керек.
Сол жылы Тұрақбай 5 жаста. Үйде қалмай маған еріп көл жағаға келеді. Ондайда қылтылдаған қайықпен еркін жүре алмайсың. Көл ортасындағы жиекке жақын жердегі аралға өткізіп, отырғызып қоямын. «Өлмегенге өлі балық» дегендей жиектен өлі шабақ іздеп көл жағалап жүретін аш адамдар алып кете ме деп сақтанғаным бұл. Ондайлар көп. Кейде өзім де қорқам. Сондай бір адамға сенуге болмайтын заман болды ғой.
Естуімізше, бұл нәубет жалғыз біздің басымызда емес, бүкіл елде болып жатқанға ұқсайды. Өтірік-расын кім білсін, «аштықтан есі ауып, өмірден күдер үзген жас баласын асып жепті» деген әңгіме де есіттік.
Ондайда «ешек сауып ішеді екен» деп жүрген ағайындарымыздың ісіне «тәубе» дейміз.
Мен үшін осы бір зұлматты кезеңдердің бүгінге жеткен куәсінің бірі – осы Шүленкөл!
Бүгінде Шіленкөл деп те атайтын болыпты ауылдың кейінгі жастары. Қазақта ондай сөз жоқ. «Шілен» деген орыстың сөзінен шыққан деудің қисыны келмейді. Ана жылы біреу «Шилан көл» деп те атапты. Көлдің ені тар өзек тәрізденіп ұзынша болып айналып келетін жеріне қарап, «шиландай» деген сөзден шыққан деп қояды. Шиландай деп артық еті жоқ, сүйегі терісіне жабысып қалған арық адамдарды айтады. Жерге, көлге қаратып айтуға келмейді бұл сөз.
Мынадай малға да, жанға да жайлы, шөбі шүйгін берекелі жердің айдынды көлін «шилан» деуге бола ма? Басынан аң-құсы арылмаған, балығы тайдай тулаған, тарыққан, қамыққан жылдарда елге сая да болған, пана да болған тап осы жерді бұлай атаудың жөні жоқ.
Қазан майланып, балықшылар олжалы болғанда жақын үйлерге шелектеп, аулағырақтағы ауылдарға арбалап, ауланған балықты үлестіретін үрдіс бар ол кезде. Жиналған халық шуылдап жүріп мол олжадан таласа-тармаса өз үлесін алып, мәре-сәре болысады. Мұндайда әрине абыр-сабыр, айғай-шу да шығып жатады. Қазіргі «балық үлестіріп жатырсыңдар ма?», «Шүлен таратып жатыр ма?» деген сөздердің мағынасы қазақтың осы дәстүрінен туындаған...
Қой, ау! Ұзақ тұрып қалыппын. Іздеген малымның қарасы көрінбейді, сірә бүгін таппаспын деп, елу жыл бұрынғы әкемді қалдырған беткейге бұрылдым.
Тез таба қоям дегем. Қайдағы?! Өзгеріске түскен жер бедерімен бірге қамкесектен өрген тапал сыпадан түк қалмаған. Төбеге бір қарап, көл жиегіне бір қарап жүріп, «осы тұс-ау» деген шамамен жас шырпылардың ортасындағы биіктеу көрінген боз топырақтың тұсына тоқтадым. Қақпан құруға керекті құрал-жабдықтарымды салған дорбадағы кішкене шапашотымды алып, қаза бастадым. Қол сиятын көлемде қар бойы қазғанымда қолыма қамыс ілікті.
«Қанша жыл топырақ астында жатса да қамыс шірімейді» дегенге анық көзім жетіп, әкемнің осы жерде жатқанына күмәнім болған жоқ. Себебі бұл маңды одан кейінгі жылдарда қоныс етіп, адам көму жағдайы болмаған.
Ауылға келген соң Шүкірбай ініме көктас құйдырып, Қуаныш інім темір шарбағы мен бетон қадаларын әзірлеп, ауылдағы білікті молдалардың келісімімен аталарыңның басына елу жылдан кейін белгі орнаттым – деп әкем әңгімесін аяқтаған еді.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ
07 қараша 2025 ж. 107 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (10454)

11 қараша 2025 ж.

№85 (10453)

08 қараша 2025 ж.

№84 (10452)

04 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.
ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 847
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 568

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930