» » Соғым немесе көк қасқаның соңғы минуты

Соғым немесе көк қасқаның соңғы минуты

qarmaqshy-tany.kz Сәске түс. Әкеме келген хабарды алып ауылға жол тарттым. Марқұм Кенжебек ақсақалдың баласы Бақытбек папам соғымға жылқы сойғалы жатыр екен. Әкем бала күнімде «менің ауылдағы құрдастарымның бәрі сенің де әкелерің, мені қалай сыйласаң оларды да солай сыйла» деп құлағыма сіңіріп өсірген еді. Бұл кісіні «папа» деуім де сол. Жылдағы әдетімен қысқы жілік алушыларға соғымға жылқысын баптапты. Соны сойып таратпақшы. Әкемнің ауылға барасың деген сөзі майдай жақты. Бұл жаққа келмегелі көп болды десем артық айтқаным болар. Жалпы өзім ауыл десе бір бүйрегім бұрып, сағынып тұрам. Көлігімнің жылдам жүрісімен бесін ауа ауылға да жеттік.
Әдріс бойынша көк қақпаның алдына келіп тоқтағаным сол еді жиналған жұртты өзіме қараттым. Ауылға бөтен көлік келсе «бұл кім болды?» деп бажырая қарайтын әдеті емес пе? Қастарына барып амандасқанымда танығаны «Е, Сәкеңнің баласы ғой» деп әңгіменің астына алып жатты. Соғым әлі басталмапты. Анадай жерде күннің шуағында арқасын сарайға сүйеп бір жігіт пышағын қайрап отыр. Сірә қасапшы осы болса керек. Өзі де ірі денелі алпамсадай. Қайраққа пышағын үйкеп әрі-бері тартып қояды. Үлкен малды әдісін білген епті адам соймаса кез келгеннің қолынан келетін оңай шаруа емес. «Ал кеттік» деп Бақыт әкем қораға қарай жол бастады. Тозығы жеткен қораның ішінен кісінеген жылқының дыбысы шыға бастады. Жақындап келіп есігін ашқанда ортадағы бағанға байланған көк қасқа құлағын тікірейтіп бізге қарап тұр екен. Жалпы журналист қауымның қалам тербеуіне бір жағдай себеп болмаса оңай жерден шабыт келмейтіні бар ғой. Көптен бері жылқы жануарының осы бір керемет сәті көз алдымнан кетпей қойды. Қамбар атаның тұқымы туралы көсіліп жазуға да, апталап айтуға да арқау әңгіме жетерлік. Бүгінгі мақаланың байыбы бөлек, оған мына көрініс түрткі болды.
Қолына арқанын ұстаған екі-үш адам бастырық қораға енді. Әлде бір жайсыздықты сезген жануар орнынан тыпырлай бастады. Жаз бойы жайылымда еркін жүрген оған мына тар кепе жат көрінді. Жанына жақындағанды жолатпай өзін байланған бағананы айнала қашқақтады. Түріне қарап асау екені көрініп тұр. Ырыққа көнер емес. Бағаннан арқанды жәйлап босатып қасындағы көмекшілеріне «тартыңдар» деді. Оған қырсыққан көк қасқа кері тартып қос тұяғымен жерді тіреп қасқайып тұрып алды. Бар күшін бойына жинағаны – қос танаудан шыққан демінен бу болып көрініп тұр. Табиғатында жылқы айдауға жүре беретін жануар емес. Ол мінезді, кемшілікті кешірмейді. Есіктің сыртынан оның мөлдіреген жанарына жүрегім езіле қарап, оны мына жағдайға іштей қимадым. Жануар-ай, алдағы жайын енді сезгендей. Бақытбек папам да оның қырсық мінезіне қарап тұрмады. Ой «әкеңнің, сен-ақ қанымды ішіп болдың ғой» деп боқтап қояды. Оның айтуынша осыдан бір-екі апта бұрын жылқыларды жайлаудан қайтарарда бұл көк қасқа біраз әбігерге салған көрінеді. Айдауға көнбей ұстатпаған секілді. Енді міне өз обалың өзіңе дегендей оны соғымға соймақшы. Қораның ішінде кішігірім айқас. Қасапшы жігіт қолындағы арқанын алып алдыңғы аяғына тұсау қылып лақтырды. Бәрі де тез болып кеткендей. Лақтырған тұсау аяғына дәл түсіп оратылды. Шапшаңдық деген ә, «арқанды тарт» деген жан дауыстар жылқының зәресін одан сайын ұшырды. Адамның айласынан кім асып түссін. Бұлқынған көк қасқа жантайлап келіп ақыры құлады. Бітті, бәрі бітті. Еркін далада еркелеп өскен жануардың ендігі көктемі қайтып келмесіне көзі жеткендей. Үйірімен соңғы рет қоштасқандай ақырғы демін жиып жан екпінімен бір кісінеді. Бүгінгі қара бұлт басқан суық күн райы да оның ақырқы өмірін осылай көрсетті.
«Қане бастаңыз»...
«Ап, біссміллә рахманир рахим»...


Ерсін СӘДУҰЛЫ
27 желтоқсан 2022 ж. 740 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930