» » » СОҒЫМ шүйгін болсын!

СОҒЫМ шүйгін болсын!

Шіркін-ай марқұм әжем қасына ертіп, анамның бала мектеп бағдарламасынан қалады ғой дегеніне де қарамай, арысы Көмекбаев, Алдашбай ахун мен берісі Тұрмағамбет, Ақжар ауылдарындағы ағайын­­дарға ертіп апарған кезі әлі есімде. Әсіресе, қараша-желтоқсан айларында елде соғым сою маусымы басталған кездер есімнен бір сәтке де кеткен емес. Ағайын-жұртқа «Кәрі апа» атанып кеткен әжем ауылға келген кезде ағайындар өткен жылғысы мен биылғысы және жаңа сойған соғымы бар дәу қазанға бәрін салып, майын бетіне шығара қайната асады. Ал, сол ет піскен соң көрші-көлем «сүрленген еттен» дәм татамыз деп үйге жиналады. Шіркін, бал бармақты аналарымыз дайындаған «сүр» еттің дәмі кімнің де болса есінде шығар.


Марқұм енем де соғым етті сүрлеуге шебер еді. Төркіндеп барғанымызда бірінші үйге емес, қорадағы шайлаға кіретінмін. Өйткені, онда міндетті түрде енемнің қара қазанында иісі мұрынды анадай жерден жаратын сүр еті бұрқырап қайнап жатады. Оны бір иіскемей үйге кірмеймін. Содан енем жарықтық біз киім ауыстырамыз дегенше бүкшеңдеп жүріп дастархан жа­йып, үлкен табаққа бұрқырата салған етін әкеліп қояды. Ал, мен өзгелерден бұрын үстімдегі киімімді жартылай ауыстыра сала дастарханға отыра кетемін. Менің сүр етке деген жақындығымды білетін ата-енем ас жеп отырғанда қиқалап тураған сүріні алдыма көбірек ысыратын-ды. Сондай дәмді асты жей отырған бізге әке-шешеміздің сүйсіне қарап отырғанын байқаушы едім. Бірде енемнен етті қалай сүрлейтінін сұрадым. Сөзге шебер анамыз соғым сойған соң бірер жілігін ағайындарына, балаларына таратып, қалғанын үлкен қазанға асып, жартылай піскен етті біраз уақыт далада кептіріп, жазда пеш ішіне, ал қыста арнайы дайындалған орынға салып сақтайтынын айтқан еді.
Міне, біз де енемнің дайындаған етін жеп болдық. Ендігі кезек осы әңгімеге арқау болған соғымға көшсек. Иә, қазақ халқы етсіз отыра алмаған, отыра алмайды да. Сондықтан біздер үшін соғым етін дайындау науқандық жұмыс екені рас. Қазақ халқы тарихында ежелден соғымға жылқы, түйе, сиыр сойған, тіпті кейде қой мен ешкіні де араластырған. Сонымен бірге, сойылған соғымның санын келешекте үйге келімді құдайы қонақтардың санына қарай өсіріп отырған. Ертеректе байлар соғым етінен кедей-кепшікке, жалшыларға үлестірген. Соғымға сойылатын мал ерте күтімнен жемге байланған деседі.
«Қыс қамын жаз ойлайтын» қазақ халқы жаз шығысымен-ақ күздік және қыстық соғымын ойластырған. Соғымға сойылатын малды күні бұрын белгілеп, күтімге алады. Соғым сою да мәртебелі әрі атаулы сәт болған. Тіпті, соғым союдың жөн жосығы мен тәртібі бар. Соған орай әрбір жілік тиісті ет-майымен бірге бөлініп отырған. Олай болмаған жағдайда қасапшыға да, табақ тартқанда үй иесіне де мін тағылған.
Расында да, соғым сою қазақ халқының ертеден жалғасып келе жатқан дағдылы әдетi, ала жаздай мал жағдайына қарай көшiп-қона жүріп, малын жондандырған шаруалар қыс кiрiсімен қыстауға жайғасқан соң, қыстық көже қатығы үшiн малы азбай тұрған кезде бiрер iрi қарасы мен ұсақ малды соғымға сойып, арсалап кептiрiп алып, жаз бойы тартқан азабының ақысына қазы-қарта, жал-жая сынды дәмді тағамдар дайындаған.
Сөйтіп, өзiнде барын өзгеден аямайтын қазақ халқы «Өле жегенше, бөле же» деген қазақи қағидамен көршi, туған-туысты, ауыл ақсақалдарын соғым басына шақырып, келелi кеңес құрған. Соғым басына келгендер үй иелерiне «Соғым шүйгiн болсын!» дегенді айтып, ыстық ықыласын бiлдiрген, бiр үйден басталған соғым қыс аяқталғанша жалғасып, ауыл адамдарының берекесiн бекемдей түскен. Соғым басына жиналғандар «тамақ iздеп келгенім жоқ, келдiм ойын-сауыққа» деп айналасын қызық-күлкiге бөлеген. Отырыста ән айту, жұмбақ шешу сынды дәстүрлі ойындармен көңiл көтеру арқылы ұрпақтарға ұлт дәстүрін сiңiре де бiлген.
Сол уақыттарда үлкендерге соғым басын беру жастар үшiн көрегендiктiң, кісiлiктiң белгiсi болса, ал қариялар үшiн бауырмалдықтың, көпшiлдiктiң, береке­шiлдiктiң белгiсi саналған. Соғым басы берiлуден бұрын отбасындағылар тек соғымның тоқбас жiлiгi сынды кәдесiз жiлiктi бөлмей бүтiн асып жеп, қазанның тоқ болуын тiлесе, жамбас, жал-жая сынды кәделi жiлiктер мен дәмдi еттi құрметтi және құдайы қонақтарына сақтап отырған. Ал, соғым басына келе алмаған сыйлы адамына сыбағасын сары майдай сақтап отыруды да көрегендiк санаған. «Ескерсең ескi асыңнан сақта» деген сөз де осыны айғақтайды.
Ал, бүгінгі заман қазағы соғым сояды ма? Осы сұраққа жауап іздейік.
– Көмекбаев ауылы аудан орталығына шалғай жерде орналасқанымен, ондағы тұр­ғындар ата салт-дәстүрін дәріптеген, әдеп-ғұрыпты сақтаған ауыл. Оның ішінде, соғым сою үрдісін де ел арасында кеңінен насихаттаған.
– Мен бұрындары әулеттің үлкендері көзі тірісінде соғымды көбірек соятынмын. Қазірде олардың көзі азайған соң жылына желтоқсан айының басында бір жылқымды сойып, оны әулет мүшелеріне, яғни аға-апаларым мен іні-қарындастарыма бөліп беремін. Қалғанын тұздап, сақтап қоямын. Өйткені, әулеттің үлкені саналатан анамның көңілін сұрап келетін алыстағы ағайын сияқты келімді қонақтар көп. Әрине, олар келгенде өз несібелерін, яғни қой, тіпті ірі қара соямыз. Кейде олар соғымды, арнайы сүрленген етті сағынып келеді. Қонақтардың өтініші біз үшін құрмет дегендей орындаймыз. Қазір соғым сою қалада жоқ болғанымен, ауылдарда бар, – дейді Көмекбаев ауылының тұрғыны Байсерік Жұматаев.
– Соғым сою – қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Бабалар дәстүрін жалғастыру біз үшін міндет әрі парыз. Мен жылына бір рет, күз мезгілі бітер шақта, яғни қарашада мүйізді ірі қара яки жылқы соямын. Әрине, сол соғымнан бауырларымның да үлесі бар. Соғымнан келім-кетім қадірлі қонақтарға да сақтап қоямын. Бұл – отбасы – отанасының міндеті. Сонымен қатар, күздік соғымға екі ірі қара сойып, әулет әруақтарының рухтарына арнап дұға бағыштадық. Бірнеше тұрмысы төмен отбасыларға соғымнан үлес беріп, ауылдың қадірменді қарттары мен көрші-көлемге соғым басы беріп, баталарын алдық, – деді тұрмағамбеттік Ержан Бисембаев.
Расында да, соғым басын беру – қазақ халқының мәйектi тұрмыс-салтының бір бө­лігi, туған-туыс, ауылдастардың бiрлiгiн сақтап, бiлегiн қосатын берекенiң асы, сондықтан жаңа заман адамдары соғым басын берудi көне идеяның сарқыншағы деп қарамай, берекенi бекемдейтiн, ағайын арасын алыстатпайтын, араздықты асқын­дыр­майтын қасиеттi де қастерлi дәстүр деп санауы тиіс.
Сонымен, соғым сою дәстүрі қазақ халқы үшін жылына бір рет келетін қазақы мейрам десе де болады. Ал, осы ұлт мерекесінің, дәстүрдің құндылығын жоғалтпау бүгінгі ұрпақтың еншісінде.
Соғымыңыз шүйгін болсын, ағайын!

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
30 қараша 2018 ж. 9 924 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031