ШЫМЫЛДЫҚ
Жылы жүзді кітапханашы апаймен көшеде кездейсоқ кездестім. Өзі текті тұқымнан, Т.Жүргеновтің жұрағаты болып келеді. Үлкен әкелері шыққан топырақта туған қарияның дүниеден озғанын айтып, сирек тағдырлы жанның өмір тарихын тарқатты. Апай әңгімесін көңілі босап, күрсініп барып аяқтады. Сонан соң біразға дейін үнсіз қалды. Осы бір келте әңгімені 2010 жылы естігенмін. Айтса, аңызға бергісіз екен. Көңіл толқытқан көкейдегі мақала жазылмай қалды. Араға 5 жыл салып барып маңызын мәңгі жоймайтын тақырыпқа қайта оралуды парыз санадым. Себебі, санамда күтумен өткен ғажап ғұмыр жатталып қалыпты. Оның ғажаптығы сүйгенін сарыла күтуінде ғана емес еді... Дүниеден озған кейуананың жасы тоқсанға таяған. Алдымен оның прозашы Шерағаңның «41-жылғы келіншегімен» тағдырлас болуы қайран етті. Екі беттік әңгіменің жас күнімде ерекше әсер еткені есімде. Күйеуі соғыста өлген кейіпкердің күні кешеге дейін ортамызда жүргенін білмеппіз. «Айқын» газеті білдірді. Мұқым ауыл құрмет тұтқан кейуана былтыр пәниден озды. Елде онымен тағдырлас жандар жоқ емес, бар. Қайран қалдырғаны, текті әжейдің ақтық демі үзілер шақтағы соңғы сөз еді. Соның есімнен шықпай-ақ қойғаны.
...Тосыннан соғыс өрті тұтанып, дүниенің астан-кестеңі шықты. Жары жалын-оттың ішіне кете барғанда бұл 18-де еді. Көп ұзамай майданнан үшкіл хат орнына «қара қағаз» келді. Сенбеді. Уақыт - ұршық ауыр сырғыды. Ақыры, жігермен күткен Жеңіс көктемі де жетті. Бірақ қосағы келмеді. Аттанарда қызарып батып бара жатқан күнге қарап: «Қайтып ораламын, күт!» деп сыбыр еткен. Жаулығы желбіреп төбеге талай шығып, жолын тосты. Оралмады. Заңғар сезім сонда да бір басылмады. Көп күндер көп жылдарды әкетті. Жалын жастық пен қариялық арасын үміт жалғады. Осылайша, жесірлікпен жетпіс жыл өтті. Соғыс сызы әлдеқашан естен шықса да үміті үзілген емес.Кейуана соңғы демі шығарда бір-ақ сөз айтыпты деседі. Өсиет емес, жалқы сөз ғана...
Сонау бір шақта, сағынышпен өрілген ғұмырының басында ма еді, ерімен үш-ақ күн жұпты өмір сүрді. Жар қызығын да үш түн көрген. Сараң тағдыр шаттық шуағын небәрі үш тәулік қана төгіпті-ау?! Ал, келесі күні есіл ер қан майданға аттанып кете барды. Бұл бар ғұмырын сарыла күтумен, сартап болған сағыныш түгесілгенше тосумен өткізді.
Қазақ – жетімі мен жесірін жылатпаған дініне берік, салтына мықты халық. Жесір жеңгесіне жақын қайнысы ұлын қиды. Аялап өтті. Жалғыз ол ғана емес, ауылдағы ағайын да айрықша құрмет тұтты. Бұл болса шаңырақтың отын өшірмей қарайып отыра берді.
Сағыныштан сарғайған өмір де шектеулі екен. Опасыз жалғанмен қоштасар сәт те туды. Кейуана күбір етті де бұйрықты тағдырға риза кейіппен күлімсіреген күйі жүре берді. Соңғы сөз әуеде қалықтап тұрып қалды: «Шымылдық!»
Ақырғы мезетте жарқын ғұмырына өзек болған қас-қағым қуанышы – ақ шымылдыққа алғаш енген ең аяулы сәті елестеген болар, сірә.
Сонау торғын шымылдықта толған айдай толысып отырған сағым кез шағы ше... Абысындарының «Шаңыраққа келін түсті!» деп шаттанғаны, балақайлардың алақайлап сүйіншілегені, сонан соң құдай қосқан қосағына наздана қарағаны, бауырына қысқан ғажайып сәті еске түскен болар, бәлкім...
Бәлкім, сол мезет екі дүниені бөліп тұрған, арғы дүниемен ортадағы шындық шымылдығы түрілген шығар. Кім білсін? Не болғанда да бұл сүйіспеншілік сынынан сағы сынбай өтті. Бұл – сирекке берілетін сынақ. Хақ шебер қашан да әділ. Демек, тұтас ғұмырын зарығумен сарп еткен пендесіне Жасаған иенің тартқан сыйы осы болар: «Сүйген жары оралды!»
Сөз соңы: Көк төсінде бейбіт аспан туғалы 70 жыл өтті. Әйтсе де, сұм соғыс туралы шындықтың жазылып бітпегені сияқты, сол аласапыранның алапат қасіреті де әлі айтылып біткен жоқ әлі.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ
Кызылорда-ньюс
Пікір 1