» » НАУРЫЗБАЙ БАТЫРДЫҢ АЛДАСПАНЫ

НАУРЫЗБАЙ БАТЫРДЫҢ АЛДАСПАНЫ

Қазақ жерінде ел үшін, жер үшін басын бәйгеге тіккен батырларымыз  көп. Тәуелсіздік жолында бар өмірлерін сарп етіп, күн-түн демей аттың үстінде, найзаның ұшымен, білектің күшімен елдіктің жолында жан кешіп, қан төккендері қаншама. Солардың бірі ХІХ ғасырдың ортасында Торғай жерінде дүниеге келіп, өсе келе халық батыры Аманкелді Имановтың серігі бола білген,ел бостандығы үшін күрескен батырларымыздың бірі  Кіші жүздің Қожакелді руынан шыққан  Үргенішбайдың баласы Наурызбай батыр. Ал, Наурызбай батырдың өмір жолын өскелең ұрпақ біледі ме? Наурызбай батыр 1916 жылы қазақ жерінде өткен ұлт – көтерілісі кезінде халық батыры  А.Имановпен бірге туған халқының азаттығы үшін қолына қару алып, көптеген жорыққа қатысқан. Ол патша әскерінің «қазақ халқы бодандықта болуы керек» деген қағидасына қарсы шығып, қол бастап, Аманкелді Имановтың жасағында топ басқарған.
Сонымен қатар, сол кездері орыс әскерлерінің қатысуымен өткізіп жатқан дүниежүзілік соғыста қара жұмысқа қазақтардан адам алу науқанына қарсы көтерілісшілер  арасынан жасақ  ұйымдастырушылардың бірі болды.
Халық батыры А.Имановтың Торғай өңіріндегі ісін Сыр өлкесіндегі атақты ұсталармен, қарым-қатынас жасап, олардың өздеріне арнап қару-жарақ жасауынұйымдастырады. Сондай-ақ 1928 жылы Кеңестік үкіметтің саясатына разы болмаған жергілікті халықтың ұйымдастыруымен өңірімізде Қарақұм көтерілісі басталған уақытта, өзінің егде тартқан жасына қарамай көтерілісшілерге кеңесші болады. Кеңес үкіметі мен көтерілісшілер арасындағы келісімнің бейбіт жолмен шешілуінде Наурызбай батыр үлкен рөл атқарған. Ол көтерілісшілердің тұтқында болған кеңестік 60 азаматқа оң көзқарас танытып, олардың көтерілісшілер тарапынан ешқандай азап көрмеуін қадағалап отырады.
Осындай адамгершілік арнасынан аспаған тұлға Нау­рыз­бай батырды құрметтей білген көтерілісшілер, қазақ тұтқындарының бірде-біріне қол тигізбеген екен. Мейірімділікті көрген кеңестік жауынгерлер де тұтқыннан босағаннан кейін, Наурызбай батырдың өзіне жасаған қамқорлығы туралы ел арасында желдей еседі. Ал, Евсеев атты отряд бастығы батыр бабамыздың қамқорлығының арқасында тұтқында болған қызыл әскерлердің ешқандай қорлық көрмегенін таңданыспен үлкен басшылыққа жеткізген екен деген де деректер  бар.
Туған жері мен халқының азаттығы үшін қолына қару алып, өмірін арнаған Наурызбай батыр жасы үлкейген шағында өткен ғасырдың отызыншы жылдары елімізде өткен ашаршылықта құсбегілік пен аңшылықты кәсіпті ағайын-туыс пен жұртшылыққа өзінің қыран құсымен алған дала талап етіп, үлестіріп, халқын асыраған деседі. Батыр баба бүркіт, қазақтың сайын даласының жүйрігі атанған тазының неше түрін асыраған екен.
Сонымен бірге, Наурызбай батырдың қаншама қанқұйлы ұрыстарда өзінің серігі болған семсерінің осы күнге дейін сақталғанын бүгінде біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.
Наурызбай батыр бірде бүркіт салып, аңға шыққанда әуеде қалықтап ұшып жүрген бүркіті қалың арасына кіріп, жоғары төмен шүйлігіп ұшып алады. Бір қауіптің барын сезген батыр сол жерге атымен желдей шауып келіп, қалыңның ішіне енгенде әуеден өзіне төнген бүркіттен қаймығып тұрған қабанды байқайды. Батыр дереу әрдайым белінен шешпей алып жүретін қылышын қынабынан суырып алып, алға ұмтыла бергенде қабан да оған қарай тура шабады. Осы кезде ұтымды сәтті пайдалана білген батыр қолындағы қылышын сілтеп қалып, қабанның «қорс» деген дауысы ғана шығады. Батыр қылышын сүртіп, тазалап жатқанда қылышының ортасында кетік пайда болғанын байқаған екен.
1916 жылғы ұлт-азаттық және 1930 жылдардағы Қарақұм көтерілістерін басқарушылардың бірі, бар саналы ғұмырын туған елінің азаттығы үшін сарп еткен Кіші жүздің қожакелді руынан шыққан Наурызбай батыр өткен ғасырдың елуінші жылдарында 90 жасында дүниеден өткен.
Артында көптеген ұрпағы қалды. Оларда Қазақстанның өсіп-өнуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Наурызбай батырдың қылышы бүгінде баласы Жетпісбай әкеміздің үйінің төрінде іліулі тұр. Былтыр ол кісі де сексенге таяған шағында бақилық болды. Бірақ көзі тірісінде әкесі туралы берген сұхбаты сақталған еді.
– Бұл қылыш менің әкем Наурызбай батырдан қалған асыл мұра. Кезінде оның алтын зерлі қынабы мен сабы бар еді. Бірақ кейбір ағайындарымыздың арамза ниеттерінің кесірінен қолды болып кетті. Ал, бұл қылыштың тарихына тоқталар болсақ, менің туған апам, яғни Наурызбай батырдың қызы Балқия тұрмысқа шыққан соң, оның көтерген балалары  көпке дейін шетінеп кете беретін болыпты. Содан әкем қызының үйіне әдейілеп барып, оған қылышын беріп жатып, өзінің жатын бөлмесіне іліп қою керегін айтады. Ал, өз кезегінде апамыз әкесінің айтқандарын бұлжытпай орындайды. Содан апам бір жылдан кейін тұңғышы Жүрсінді, одан кейінгі жылдарда ұлы Тұрымбет пен қызы Боранкүлді дүнииеге әкеледі. Қылыш болса сол үйде ілулі тұра береді. Бір күндері қылыш жоғалып кетіп, оны жездемнің жақын туысқаны қолды етеді. Апам оны кім ұрлағанын біліп қойып, бір жылдан соң тығып қойған жерінен әкелтеді. Бірақ, қылыштың алтын зерлі қынабы мен сабы жоқ болып шығады. Осы оқиғадан кейін қылышты ұрлаған кісіде ұрпақ болмапты. Бала асырап алғандарымен де көп тұрақтамаған. Осы қылыш туралы тағы бір оқиға. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында, бүгінде аудан орталығының теміржол өткелі маңында орналасқан ауданымыздағы алғашқы ревком ғимаратында ұйымдастырылған көрмеге әкемнің қылышын іліп қоюға сұрайды. Алғашқы кезде мен бергім келмегенімен, араға адам салып қоймаған соң олардың өтінішін орындадым. 3 айдан кейін қылышымды зорға сұратып алдым. Менен қылышты қоярда-қоймай сұрап алып кеткен жас бала да дүниеден озыпты. Менің бір түсінгенім, қандайда болмасын бір киелі затты ұрлаған немесе сұрап алып егесіне қайтармаған адам көп ұзамай үлкен кеселге ұшырайды. Бұл – ақиқат. Осындай қасиеті бойына дарыған қылышын әкем талай рет бала көтере алмай жүрген жас аналарға берген екен. Ал, өз кезегінде қылыштың қасиетіне сеніп, қасына алып жатқан жас аналар көп ұзамай перзент көтеріп, қуанышқа бөленген. Бүгінде әкеден қалған мұра менің жатын бөлмемнің төрінде ілулі тұр, – деген еді батырдың ұрпағы.
Халқымызда «Бір адамның батыл­дығы мың адамға жол салған, бір адамның батырлығы тұтас халықтың атын шығарған» деген дана сөз бар. Бұл сөзді Наурызбай батырға арнап айтуға болады. Біздің бабаларымыз ға­сыр­лар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, яғни бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. осы тұрғыда туған жерді қорғаған ата-баба рухына тағзым ету – біздің азаматтық парыз-міндетіміз.
Арайлым АБАЙҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».
28 ақпан 2018 ж. 2 628 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 257

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 357

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930