Қашқансудан шыққан қайраткер

Бақ-дәулет басына қонғанымен әдептен озбаған, босқа құлашын созбаған, нық басып, анық сөйлеген, тұрақтылықтың туын ұстап, үлкенге де, кішіге де ілтипатты, санаулы жанға ғана бұйыратын ерекше мінезімен тек ауданда ғана емес, облыс, республика аймағында танымал болып құрметке бөленген Елеусін Қайназаров ағамыз еді.
Мен Елекеңмен бір қатарда жұмыс жасаған жоқпын, қоян-қолтық араласпадым, тарихшы, зерттеуші де емеспін, бірақ, өзінің жазған, республиканың түрлі басылымдарында жарияланған ақпараттарды оқып және ол кісімен кездескен, араласқан азаматтардың сөздерін ой елегінен өткізе отырып, тек белсенді қызметтері жөнінде қысқаша хабардар етпекпін.
Ерекше бітімі, іскерлігі, тәлімгерлігі, саясаткерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті және басқа да қасиеттерді бойына дарытқан жақсы адам туралы айту оңай емес. Себебі, қайсыбірін айтарыңды білмейсің. Елекеңнің өмірі, елге, халқына сіңірген еңбегі республика төңірегінде белгілі болса да, қайталап айтып жеткізу артық етпес деп ойлаймын. Тіпті, жөн де болар. Өйткені, өмірдерек те, ғұмыр да, еткен еңбек те, өткен күндер парағы да алдымен өмірге келген топырақтан, өскен ортадан басталады. Жеке адамның өмірі де – тарих. Ал тарихтың туған жер мен отбасынан бастау алатыны анық.
Елеусін ағамыз 1922 жылдың 26 тамызында Сыр өңірінің Қармақшы ауданындағы Қашқансу елді мекенінде қарапайым шаруаның шаңырағында дүниеге келген. Осы отбасымен көрші тұрған менің әжемнің айтуы бойынша, ағамыз өмірге мерзімінен ерте келіп, шала туған. Ата-анасы бұрынғы балаларының өмірден өтіп кеткендерін және шала туғанын ескеріп, жұрттың тіл-көзінен таса болсын деп әбден жетілгенше тымаққа салып, үйдің кереге басына іліп өсірген. Көптеген ұлы адамның өмірдеректерімен таныссақ, біразының шала туғанын көреміз. Демек, шала туған жандарда ерекше қасиеттер болған. Олардың бірі бүтін мемлекетті басқарса, екіншісі саяси тұлға болып қалыптасты, енді біреулері елін қорғаған батыр, тағы біреулері талантты өнер иелері болып шыққан. Елекеңнің бойында да осындай қасиеттер, яғни, ел қорғаған батырлық, білім мен ғылымды жете игерген ғалымдық, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге атсалысқан басшылық, өнерге деген іңкәрлік болғанын жылдар дәлелдеп берді.
Ағамыз өмірге келген кезең қазақ басына нәубет әкелген зар заман болатын. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұраны басты қағидаға айналды. Елді аштық жайлады. Оның арты қазақ зиялылары мен даналарына, паналарына, озық ойлы азаматтарына қырғидай тиіп, қырып-жоюды көздеген қуғын-сүргінге ұласты. Міне, Елекеңнің балдәурен балалық шағы осындай тар заманға тура келді. Ол кездің балаларыбала болып та ойнай алмады. Жастайынан еңбекке араласты, үй шаруасына қолғабыс етті, шөп те шапты, мал да бақты, сол кездегі ұсақ колхоздың тірлігіне араласты. Еңбекпен шыңдалып, ерте есейген Елекең балалық шағының өзінде қазіргінің атпал азаматтары атқара алмайтын жұмыстарды жасай білді. Сауатсыздықтың ащы дәмін татқан әке-шешесі баласына қандай да болса білім беруді арман етті. Алғашқы әліпбиді ауыл мектебінде үйренген ол оқуын әрі қарай аудан орталығы Жосалыда жалғастырады. Белгілі мамандық иесі болуды көздеп 1938 жылы Қызылордадағы жұмысшы факультетіне түскенімен, көп ұзамай күнкөріс тауқыметінен оқуын жалғастыра алмай, жаңадан ашылған бір жылдық педагогикалық курсқа ауысуға мәжбүр болады. Курстың физика-математика бөлімшесін үздік бітіргеннен кейін Қармақшы ауданының орта мектебіне мұғалім болуға жіберіледі. Бірақ, енді ғана еңбек жолын бастаған жас ұстаздың алғашқы қадамы ел басына күн туған Ұлы Отан соғысының басталуымен күрт үзіліп, өз еркімен әскерге барады. 1941 жылдың қазанында Ақтөбеде жасақталып жатқан 101-атқыштар бригадасына қабылданады. Осы әскери бөлімде 1942 жылдың тамызына дейін әскери-жаттығу дайындығынан өтеді. Сол жылдың қазан айының соңында бригада 39-армияның құрамына беріледі. Ал алғашқы қан майданға қараша айының қара суығында Калинин, Смоленск облыстарының ми батпақты ормандарында кіріседі. Майданның дәл осы тұсында 1942 жылдың қарашасынан 1943 жылдың қаңтарына дейін Оленино ауданында сәтті жүргізілген шабуылдар нәтижесінде көптеген елді мекендер азат етіледі. Армияның бір дивизиясы қоршаудан құтқарылады. Бұған жаудың мұздай қаруланған күші басым болғанына қарамастан 101 атқыштар бригадасы жауынгерлерінің ерекше батырлығы мен жанқиярлық ерліктерінің арқасында қол жеткізіледі. Қызыл Армияның басқа да бөлімдерімен қоян-қолтық, бірлесе ұрысқа түскен бригада жауынгерлері алғы шепке шығып, Ржев, Великие Луки, Селижаров, Велиж, Невель қалалары мен жүздеген елді мекендерді жаудан тазарта отырып, 150 шақырым алға жылжып, Белоруссия жеріне енеді. Ерлік пен елдікті ту еткен Елеусін аға майдан өмірінің қарбаласқан қатыгез тірлігінің арасында жауынгерлерді жігерлендіруге, туған жер, ерлік туралы ән салуға да уақыт таба білген.
1943 жылдың 17 қыркүйегінде Витебск қаласы үшін шайқаста снаряд жарқыншақтарынан Е.Қайназарұлы басы мен аяғынан көптеген сынық жарақатын алып, комиссар Сүлеймен Сейтовтің талап етуімен майдандағы далалық госпитальге емдеуге жатқызылады. Осы жерде комиссар Сүлеймен Сейтов туралы да айта кету артық болмас. Ол бригада жасақталғанда, Қазалыдан барып комиссарлыққа тағайындалып, жауынгерлермен етене араласып, оларды ерлікке баули білген. Жеңіс туы желбірегеннен кейін де жау аймағында қалып, қираған қалаларды қалпына келтіруге басшылық жасаған. Армия қатарынан босаған соң, Қостанай, Қызылорда облыстық газеттерінің редакторы болып жемісті жұмыс жасап, зейнет демалысына шыққан. Біздің ауданда да болып, аталық ақ батасын берген болатын. Ұзақ ғұмырдың иесі 100 жасқа келіп қайтыс болды.
Елеусін аға емделіп болған соң, тағы басқа 18 жауынгермен бірге Ростовтегі артиллерия училищесіне жіберіледі. Училищені үздік бітірген жауынгер Е.Қайназаровқа училище командирі «Жауынгер Қайназаров, сен танкіге қарсы күресетін академияға 6 айлық оқуға барасың», дегенде өтініш айтып жүріп, өздігінен жүретін танк қондырғысы взводының (САУ-100) командирі болып майданға қайта аттанады. Басқыншы жаудан ел мен жерін қорғауға шын ынталы офицер үлкен жігермен ұрысқа кіріседі. Танкіге қарсы күресетін артиллерия батареясының командирі ретінде жауынгерлерді жүйелі басқарып, өзі бас болып шайқастарда ерлік көрсетеді. Алайда, соғыс жеңіспен аяқталса да, бұлардың құрамасы Украинаның батыс аймағында орналасқан украиналық ұлтшыл-бандеровшылармен кескілескен шайқасқа шығып, Украина жерін жат пиғылдағы топтардан тазартып жатады.
1946 жылы маусымда, яғни, жеңіске жеткеннен кейін 1 жыл 2 айдай уақыт өткенде әскерден босатылып, елге оралады. Туған жерге табан тіреп, ағайын-туыстарымен мауқын басқаннан кейін соғыс салған ылаңның зардаптарын қайта қалпына келтіруге аянбай тер төкті. Мемлекеттік мүдде мен ата-баба жолын ұйыстыра отырып, соғыс өртінен еңсесі түскен, қажыған, шаршаған жерлестерінің рухын көтеріп, жігерін жануға жұмыла жұмыс істеп, елдіктің туын биіктетуге күш салды. Алғашында балалар үйінің директоры, одан әрі 1949 жылы Қармақшы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып, білімін, іскерлігін, жігерін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге, аудан халқының мәдени, рухани өсуіне, ауданның дамуына бағыттады. Ауданда орта мектептер, жоғары білімді мұғалімдер саны арта бастады. Мектеп ғимараттарын жөндеуден өткізуге мұрындық болды. Адал еңбегі ескерусіз, еленбей қалған жоқ. Кадр мәселесін іріктеуде, олардың қарым-қабілетін жан-жақты зерттеп, зерделеуде, жауапкершілік сұрауда сол кезде қалыптасқан тәртіп ерекше болатын. Ілеуде біреу болмаса, кездейсоқ кадрларға есік жабық еді. «Облыстың ақ үйі» атанған облыстық партия комитетінің мектептер мен жоғары оқу орындары бөлімінің инструкторы қызметіне жұмысқа алынды. Сөйтіп өзіне түскен жүкті, жауапкершілікті ерінбей, уақытпен санаспай еңбек етіп қызмет биігінен көріне білді.
Сол кезде милиция органдарын ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білікті мамандармен, әсіресе, саяси жағынан жан-жақты жұмыс жасай алатын кадрлармен толықтыру міндеті қойылады. Партиялық ауыр жүкті өзінің өмірлік тәжірибесінің, жұмысты ұйымдастырудағы қабілетінің жан-жақтылығымен, іскерлігімен уақыт талабына сай абыроймен атқаратыны ескеріліп, Қызылорда облыстық партия комитетінің ұйғаруымен 1951 жылы наурызда Елекең Қызылорда облыстық ішкі істер бөліміне милиция бастығының орынбасары қызметіне жіберілсе, содан соң Жамбыл облыстық милиция бастығының орынбасары болып тағайындалады. Ал 1956 жылы Алматыда жаңадан ашылған арнайы орта милиция мектебі бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылатылады.
Адамның өмірлік қалыптасуы, адами бейнесі, абыройы, қызмет бабында өсуі, еңбек еткен ортасына басшылық жасаған азаматтардың үлгі-өнегесіне, парасатына, рухани бағыт-бағдарына тікелей байланысты екені даусыз, ол – өмірдің заңы. Ағамыз жаңадан ашылған мектепте де іскер басшы, тәлімді тәрбиеші ретінде көріне білді.
ҚР ІІМ Алматы академиясы ардагерлер кеңесінің төрағасы, генерал-майор Талап Қабденов «Егемен Қазақстан» газетінің 9 мамыр 2023 жылғы санында жарық көрген «Ардагер» атты көлемді мақаласын Е.Қайназаровқа арнап, былай деп көрсетеді: «Мен Алматы милиция мектебінің негізінде құрылған ҚР ІІМ Алматы академиясының бастығы болып 2000 жылы тағайындалғанымда тәлімгеріміз Е.Қайназаровтың милиция орта мектебінің қабырғасында қалыптастырған игі дәстүрін бірден сезіндім. Ол бастықтың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде эстетикалық тәрбиеге, мәдени дағдыларды қалыптастыруға, курсанттардың қоғамда, ұжымда және тіпті достар арасында, үстел басында өз-өзін ұстау әрекеттеріне үлкен мән беретін. Осы мақсатта көркемөнерпаздар үйірмелері құрылып, спорт секциялары, қызметкерлердің әдеп-эстетика сабақтары ұйымдастырылды. Е.Қайназаровтың өмір жолы болашақта да ішкі істер органдары қызметкерлерінің жас буыны үшін бетке ұстар үлгі болары анық».
«Қызмет орны адамды емес, адам отырған орнын дәріптеп көрсетпек» дегендей, 1961 жылдан бастап 1976 жылға дейін Алматы қаласының мемлекеттік автоинспекция мен Алматы қалалық ішкі істер бөлімінің штабын басқарды. Тәжірибелі қызметкердің келуі жол милициясы бөлімшелері үшін елеулі серпіліс болды.
1963 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгин Қазақстанға келіп, Дінмұхаммед Қонаевпен бірге ірі қалаларды аралап келгеннен кейін демалу керек болады. Осы жерде Қонаевтың сөзін келтірсек: «Жексенбі күні біз қаладан алпыс шақырым жердегі Есік көліне бардық. Бұл 1963 жылдың 7 шілдесі болатын. Косыгин көл мен табиғатқа тәнті болды. Ол осы сапарға немересі Алексейді алды. Бір кезде жөнсіз нәрсе көрдім: таулардан гүрілдеп қоңыр ағын түсіп келе жатыр екен. Күмәнім болмады, бұл маған тым таныс нәрсе еді. Сел!». Осы сапарда бірінші басшылармен бірге Елеусін Қайназаров та болып, дауыс зорайтқыш қондырғымен тар жолда көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын реттеп әр секундті тиімді пайдаланып, олардың көпірден шұғыл өтуін жедел ұйымдастырады. Адамдарды, мемлекеттік мүлікті су тасқынынан құтқару, адамдарды қауіпсіз аймақтарға эвакуациялауды ұйымдастыру бойынша жанқиярлық жұмысы үшін 1963 жылы 27 тамызда КСРО Жоғары Кеңесі төралқасының «Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша үздік қызметі үшін» медалімен марапатталады.
Құқық қорғау органдарындағы еңбегі мен тәжірибесін ескере отырып 1976 жылы ол Қазақ КСР ІІМ штабы бастығының орынбасары лауазымына жіберіліп, 1983 жылы құрметті зейнеткерлікке шығады. Іскерлігі, алғырлығы, жаңашылдығы, ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығы, ұлағатты жинақтаған тәжірибесін күнделікті өмірде және 40 жыл бойы саланы дамытуда ерекше көрініс таба білді. Елдің тағдыр-талайын бастан кешіріп, ыстық-суығын көріп, адал еңбегімен бағаланды. Принципшіл, таза, әділетті қызмет атқарудың тамаша үлгісін көрсетті. Туған халқына, еліне мейлінше адал, қалтқысыз қызмет етті.
Еңбегі мен ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Марапаттарының қатарында «II дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Әскери ерлігі үшін», «Қоғамдық қауіпсіздік сақтаудағы үздік қызметі үшін», III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және басқа да 17 медальдері бар. Егемендік алған кезде Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» және 2003 жылы «Маршал Жуков» медалімен марапатталды. Одан өзге «КСРО ІІМ еңбегі сіңген қызметкері» атағын алды. Жоғары Кеңестің көптеген Құрмет Грамотасына ие болды.
Құқық қорғау органдарында жанын сала қызметте жүріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына да уақыт таба білді. 1973 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады, барлығы 100 баспа табақтан асатын ғылыми мақалалар мен еңбектерін басып шығарды. 1992 жылы «Қазақстан тарихы» оқу құралы жарық көрді. Жоғары мектепке арнайы оқу курсын енгізіп, оның жоспары мен бағдарламасын жасады. Бұл Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі алғашқы оқу құралдарының бірі болды. Сондай-ақ, «МАИ Алматы: өткені мен қазіргісі» (2000), «Алматы полициясы», «Алматы қалалық милициясы туралы: 1960-2001 жылдар» (2002) кітабының авторы және «Қазақстанның ІІО құрметті адамдары» (1998) кітабының құрастырушысы және редакторы болды.
Зейнетке шықса да, өз бойындағы туа біткен талмас қажыр-қайратының арқасында уақытын барынша тиімді өткізуге тырысып бақты: Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында (Алматы сәулет және құрылыс институты, Алматы зооветеринарлық институты, Алматы жоғары милиция мектебі) оқытушылық қызметтерде аға оқытушы, доцент, қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Студент жастар арасында үлкен қоғамдық, құқықтық және әскери-патриоттық жұмыстар жүргізді. 1992-1999 жылдары Алматының Алмалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.
Ағамыздың жары Сажида Ахметова Қарқаралы қаласының тумасы, тазалығы жағынан сирек кездесетін, мәнерлі, жарқын және жұмсақ қасиетке ие лирикалық сопрано дауысы бар қазақ әндерінің шебер орындаушысы болған. Ол 11 жасында Қызылорда қаласында өткен жас таланттар олимпиадасында «Гәкку», «Огонек», «Көзімнің қарасы» әндерін орындап жеңіске жеткен. Осыдан кейін «біздің кішкентай Күләш» аталып, әрі қарай шығармашылық мансабы басталған. Қазақ қыздар педагогикалық институтына түсіп, сахнаға жиі шығып, өнер шеберлерінің жоғары бағасына ие болып, өнерсүйер қауымның ықыласына бөлене бастаған. Сұлу да ажарлы толқынды қолаң шашы тобығына түскен, әні мен сәні жарасқан Сажиданы Елеусін аға бір көргеннен ғашықтық отына бөленген. Апамыз Елекеңнің тегеурінді махаббатына тойтарыс бере алмай, отбасын құрған. Оған Елекеңнің парасаты, кеңпейілділігі, бір сөзділігі, ашық жарқын және кеудесінде күй ойнаған, көмейінен халық әндері мен ариялар шалқыған адами қасиеттері тікелей әсер етсе керек.
Сажида апамыз бүкіл еңбектегі саналы өмірін институт қабырғасына арнап, ұстаздық пен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұштастырып, тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғап, көп ұзамай доцент ғылыми атағын алады. Бес оқу-әдістемелік құралы мен «Қазақстанның тарихи өлкетануы» монографиясы жарық көрді. Отбасылық өмірмен, ұстаздық-ғалымдықпен қатар, қазақ ән өнерін жұртшылыққа танытуда да еселі еңбек етті. Ол тек республика көлемінде ғана емес Мәскеудегі Кремль съездер сарайында, Жұлдызды қаланың Офицерлер үйінде, Ленинградтың әйгілі «Киров» крейсерінде, Балтық, Қырғыз республикаларында өнер көрсетіп, жұртшылықтың зор ілтипатына бөленген. Қазақ радиосы мен Қазақфильмде, теледидарда жетекші әншілердің бірі болған. Әсіресе Қазақфильмінің бірегей туындысы, шыққанына 50 жыл болса да экраннан түспеген, қанша көрсеңде көрерменді жалықтырмайтын «Гауһартас» фильміндегі әнді орындап, оның ажарын аша түскен.
Отбасы – ұлттық құндылықтардың бастауы екені анық. Иә, ол – ең үлкен тәрбие ошағы. Ошақ – халқымызда қасиеттідүние, оның үш бұтағын әке, ана, бала деп қарасақ, онда жанған оттың да киесі бар. Әке – тірегі, қамқоршысы, ал ана – береке-бірлігі, үйдің ұйытқысы болып, ұрпақ тәрбиесінде еселі еңбек етіп артында иманды ұрпақ қалдыра білген.
Елекең ұрпақ тәрбиесіне, олардың жоғары білімді маман болуына, адал да ақжарқын, парасатты болып өсуіне ерекше мән берген. Өзінен тараған 3 ұл мен 4 қыздың барлығы жоғары білімді экономист, архитектор, ғалым, журналист, құқық қорғау салалары мамандықтарының иелері болды. Ағамыздың ұрпақтары мен келіндері арасынан 2 полиция полковнигі мен 1 капитан, 1 академик, 3 профессор, 2 доцент атағын алса, басқалары түрлі кәсіптердің иелері. Үлкен күйеубаласы Болат Мұқашев – академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еңбек сіңірген ғылым қайраткері, тағы бір күйеубаласы белгілі қазақ жазушысы Мағзом Сүндетовтың ұлы Мұхтар Сүндетов – хирург, медицина ғылымының кандидаты, профессор. Ал Ақмарал Қайназарова – Қазақстан мен Орталық Азиядағы көне үнді классикалық биінің тұңғыш әрі жалғыз кәсіби орындаушысы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет қайраткері. 2003 жылы Голливудта (АҚШ) өткен орындаушылық түрлері бойынша әлем чемпионатында «Этникалық би» номинациясы бойынша әлем чемпионы. Қазақстан мен Орталық Азияда тұңғыш және жалғыз «Үнді классикалық биі мен иога орталығының» негізін қалаушы. Жалпы, балалары әке-шешелерінің еңбекқорлығын, іскерлігін, жақсы істерін, сыйластықта, ынтымақ-бірлікте болуын үйреніп, өмірде басшылыққа ала білді.
Ауызбіршілігі жарасқан отбасының есігі ағайын-туысқа, қызметтестерге, әріптестерге, жалпы, сәлем беріп барған азаматтарға әрқашан ашық болатын. Ақыл, кеңесі мен қамқорлығын аяған емес. Сол үйде жатып, жоғары білім алған азаматтар бар. Атам қазақ «Жақсы адамның шарапаты бірге емес, мыңға тиеді» дейді. Елекең сондай шарапатты адам болғаны айқын. Талай жастарға көмек көрсетіп, қамқор бола білді. Тіпті, басшылық қызмет жасап жүргендерге де нақты көмектерін аямаған. Қарапайым ғана мысал. Нажмадин Ысқақов ағамыз айтады: аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып жүргенімде, Алматыда Республикалық партия-шаруашылық активіне аупартком бірінші хатшысы, ауатком төрағасы, колхоз, совхоз басшылары шақырылды. Қайнаған шаруашылық жұмыстарынан Алматыға бару арман болса, салқын самал тау ауасымен тыныстап қыдыру үлкен арман. Бір ағамыз көңілді кеңге салып, еркін демалып, таксилетіп қонақ үйге оралса, паспорт та, партбилетте жоқ. Ертеңгі актив жиналысында тізімге сәйкес паспорт пен партбилет тексеріліп кіргізіледі. Содан дүрбелеңге түсіп түн жарымы болып кеткеніне қарамастан амал жоқ Елекеңді мазалауға тура келді. Таңғы асымызды ішіп жатқанда, бүкіл құжат қолға тиді. Болмағанда, партбилет жоғалту өрескел жағдай ретінде тек Қармақшы ауданы ғана емес бүкіл Қызылорда облысына нұқсан келер еді. Бірнеше адамға үлкен партиялық шара көріліп, партбилет жоғалтқан кісі партиядан шығарылып, қызметтен босатылатын.
Ауданымыздың құрметті азаматы Орынбасар Сариев көшеде жерлесі Майдан мен кездесіп, Алматы зооветеринарлық институтынан оқудан шығып қалғанын есітіп, ағайын-туысы болмаса да Елекеңнің үйіне бірге барып жағдайды айтады. Сонда Елекең институт проректорымен телефон арқылы сөйлесіп, оқуға қайта қабылдатқызған көрінеді.
Осындай абзал ағаның қадір-қасиетін, мейір-шапағатын, ол көзден кетсе де, көңілден кетпейтінін оның көзін көрген көптеген азамат айтады. Бұл туралы республикалық газет-журналдарда кеңінен жазылып, телеарна, радиода айтылып, Алматы қалалық, Қызылорда облыстық, қалалық басылымдарда да жан-жақты жазылып, көрсетіліп жүр. Соңында ұлағатты ұрпақтары айта жүретіндей ізгі жолы қалған Елеусін Қайназаров ағамыз 2004 жылы, ал Сажида жеңгеміз 2019 жылы дүние салды.
Иә, Елеусін Қайназаров – елім, жұртым деп бар күш-қуатын, білімін туған халқының игілігіне жұмсаған тұлға. Елі ардақ тұтқан батагөй абыз ақсақал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл сәуірде еліміздегі 500-ден астам көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін беру туралы тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласының әкімдігі мен мәслихаты Елекеңнің ерлігін, халқына сіңірген ерекше еңбегін ескеріп, Қызылорда қаласынан Елеусін Қайназаровқа көше аты берілді. Өмірден өткеніне 21 жыл болғанда, мұндай құрметке ие болуы – «ер есімі, ел есінде» екендігінің айқын дәлелі.
Сөз соңында Құдайдың қалауымен мәңгілік өмірінде жаны жәннатта, алды пейіш, арты кеніш болып, ұрпақтары өсіп-өркендеп, ата-ана армандарын биіктете түсіп, мақсаттарына жете берсін демекпін.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы