ТЫНЫШТЫҚТЫҢ ТЫЛСЫМЫ
Кеш батып, тіршілік тыным тапқанда әлем үнсіз тербеліп, тыныштық құшағына енеді. Табиғаттың осы бір сырлы сәтінде адам баласы ұйқының аялы алақанына еніп, күндізгі күйбең тіршіліктен бір сәтке болса да босайды. Иә, ұйқы жай ғана демалыс емес, ол – жанның тынығуы, тәннің қалпына келуі. Бірақ біз сол тәнді қалай қалыпқа келтіріп жүрміз? Оның сапалылығына мән беріп жүрміз бе? Бүгін осы туралы әңгіме қозғамақпыз.
Сапалы ұйқы – жақсы денсаулық пен жарқын өмірдің кепілі. Білсеңіз де, үнемі ұйқыңыз қанбай жүре ме? Онда, оқыңыз. Таң атып, кеш батып жатқан қарбалас тіршілікте жүріп, сапалы ұйқы туралы мүлде ойламаймыз, тіпті ескермейміз. Қазір екінің бірі ұйқыдан әлсіреп тұрады, қанша ұйықтаса да ұйқысы қанбайды. Бұл адам денсаулығына төнетін қауіп көлемін ұлғайтады. Ұйқының барлық функциясын біз әлі білмейміз. Бірақ ұйқыны мәжбүрлеп немесе саналы түрде шектеу адамның психикалық және физикалық денсаулығына қатты әсер етеді. Осы туралы қызықты деректі келтіре кетейік. Қытайда ұйқыны шектеу – ең қорқынышты жазаның бірі. Гиннестің рекордтар кітабы ұйқыны саналы түрде шектеу туралы эксперименттерді тіркемейді. Себебі, өлімге әкеледі. Қазіргі уақытта максималды ұйқысыздық ғылыми және құжатталған рекорд Рэнди Гарднерге тиесілі. Ол 1963 жылы ешқандай стимуляторларды қолданбай 260 сағат 17 минут (11 күн) ұйықтамаған. Технологияның дамуымен біздің планетамыздағы адамдар аз ұйықтайды. Американдық ұлттық ұйқы Қорының мәліметтері бойынша 1910 жылы ұйқының орташа ұзақтығы тәулігіне 9 сағатты, 1975 жылы 7,5 сағатты, ал 2005 жылы 6,8 сағатты құрады. Солай жыл өткен сайын бұл сағат азайып жатыр.
Ұйқы – ағзаны тынықтырады. Түнгі ұйқының жақсы болуы сіздің физикалық және психикалық денсаулығыңызға үлкен әсер етеді. Сапалы ұйқының пайдасы: оқу, есте сақтау және мәселелерді шешу қабілетін жақсартады; қан қысымын төмендетеді; салмақты бақылауға көмектеседі; иммундық жүйені нығайтады, соның арқасында дене инфекциялармен күреседі; ағзаның қалпына келуіне көмектеседі; күні бойы белсенді болуға мүмкіндік береді. Терең ұйқы кезінде біздің денемізде өсу гормонысоматотропин өндіріледі, ол организмнің кешенді жаңару бағдарламасын іске қосады және метаболизмді реттейді. Адам ауырған кезде үнемі ұйықтағысы келетіні де, осыдан, яғни, дене өзін жаңартады. Ұйқы жетіспесе, қант диабеті, гипертония, семіздік қаупі артады. Ұйқының болмауы ауруға төзімділікті төмендетеді. Жалпы, иммундық жүйе ұйқыны өте қажет етеді. Жақсы ұйықтайтын адамдар аз ауырады. Жақсы ұйықтауға көмектесетін бірнеше әдістер бар. Егер олар біріктірілсе, бұл ұйқының ұзақтығы мен сапасын жақсартудың тиімді стратегиясы болуы мүмкін.
Сапалы ұйқы – денсаулықтың іргетасы. Ұйқы жетіспеген адам – бұлдыр әлемде жол іздеген жолаушы секілді. Көңілі алаң, ойы тұман, бойы әлсіз болады. Ал керісінше, сергек оянған жанның жүзі жарқын, сөзі мәнді, қадамы нық болмақ. Мұндай күйдегі адам өмірге ғашық болады, айналасына шуақ шашады.
Адам миы ұйқы кезінде тынықпайды, қайта сол кезде ең маңызды істермен айналысады: күндізгі ақпаратты сұрыптайды, есте сақтау қабілетін нығайтады, жүйке жүйесін қалпына келтіреді, яғни, біздің ішкі әлеміміз ұйқы сәтінде ғана емін-еркін дем алып, өз-өзін ретке келтіреді. Бұл – табиғат берген шексіз нығмет дерсіз.
Мамандар сапалы ұйқы жүрек пен ми қызметін жақсартатынын айтады. Сондайақ қан қысымы тұрақтанып, күйзеліс деңгейі төмендейді. Ересек адам үшін 7-8 сағаттық ұйқы оңтайлы уақыт. Тағы бір ескерерлігі, ұйқыға 1-2 сағат қалғанда ауыр тамақ пен гаджеттерді қолданудан бас тарту керек. Сонда ғана таң ата сергек оянып, жаңа күнге нық қадам басуға болады.
Сапалы ұйқының бастауы – тәртіп. Ұйқыға жатарда гаджеттерден бас тарту, жарықты бәсеңдету, тыныш орта қалыптастыру – кішкентай қадамдармен үлкен нәтижеге бастайтын дағдылар. Ерте жатып, ерте ояну – тек ата-баба аманаты ғана емес, бүгінгі ғылым да дәлелдеп отырған ең пайдалы әдет.
Медицинада ұйқы арқылы емдеу әдісі де жиі айтылады. Расымен бойыңыз әлсіреп, мазаңыз қашса бір сәт көз шырымын алсаңыз, аурудың бәсеңдегенін байқайсыз. Осылайша кейбір ауырсынуды ұйқы арқылы да жеңуге болады.
Расымен ұйқы – тегін ем. Бірақ оның қадірін ұйқысыздықтан шаршаған пенде ғана ұғады. Кештің тыныштығы мен жастықтың жұмсақтығын сезініп, көзіңіз ілінген сәттен бастап, жаныңыз демалады, арманыңыз жаңарады. Көзді іліп, ойды тынықтырып, жүректі тыншыту – нағыз өнер. Ал бұл өнер – әр адамның өз қолында. Сондықтан күнделікті күйбең тіршіліктің арасында ұйқыны ұмытпаңыз. Себебі денсаулықтың алтын қақпасы - сапалы ұйқыда.