Дұрыс ұйқы – саулық кепілі
Кейде күннің берекелі немесе бей-берекет өтуі 1 сағатқа ғана байланысты болуы мүмкін. Бір сағат қосымша ұйқы, бір сағат жаттығу немесе бір сағат беріліп жұмыс істеу күннің әрі өмірдің позитивті өтуіне септігін тигізеді. Мәселен, жаттығу залына бару үшін ерте тұрамыз. Электронды поштадағы хаттарды оқып, жауап береміз деп ұйқыдан қағыламыз. Арналарды ақтарып шығуға да арнайы уақыт бөлу керек. Қандай жағдай болмасын, ұйқыға келгенде қысқартуды ғана ойлаймыз. Алайда күніміз берекелі, салауатты басталу үшін ұйқыға дұрыс көңіл бөлу қажет екенін көбі біле бермейді.
(сурет ашық дереккөзден)
Түптеп келгенде, дұрыс ұйқы — сұлулық пен жақсы көңіл күйдің кепілі. Орташа есеппен, адам өз өмірінің 36%-ын ұйқыға арнайды. Таңертең не күндіз жігерлі, белсенді болып жүретініміз рас, уақыт өте келе біздің бойымыздағы күш-қуат таусыла бастағанда, ұйықтап, қайта қуат аламыз.
Ұйқының ең басты миссиясы – қалыпқа келтіру. Күн сайын біздің миымыз жүйке жүйесінің белсенді жұмыс істеуінің салдарынан метаболикалық қалдықтарды жинайды. Бұл қалыпты жағдай екені рас, бірақ қалдықтардың мөлшерден тыс болуы «Альцгеймер ауруы» сияқты неврологиялық бұзылуларға әкеп соғады. Бұл ұйқының миды тазартуда маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Біз ояу кезде ағзадан токсиндер шығуын тоқтатпайды, десе де зерттеушілер адам ұйықтап жатқан кезде ағзадан токсиндердің екі есе жылдам шығатынын анықтаған. Ұйқы кезінде ми жасушалары 60%-ға дейін жиырылады, бұл процесс мидың қалдықтарды жоюын жеңілдетеді. Нәтижесінде, біз ұйықтап жатқанда миымыз қалыпты жағдайға түсіп, таза әрі сергек санамен оянамыз. Сонымен қатар, ұйқы есте сақтау қабілетін нығайтуға сеп болады. Жеткіліксіз немесе жиі бөлінетін ұйқы естеліктерді ұмыттырып, есте сақтау қабілетіне кері әсер етеді. Ұйқының біздің өміріміздегі ең маңызды тұсы – зат алмасу жүйесін реттеуі. Адам түнде 8,5 сағаттың орнына 5,5 сағат ұйықтаса, ол сыртқа шығаратын энергияның үлесі көмірсулар мен ақуыздардан көп, ал майдан аз болады екен. Бұл дегеніміз жеткіліксіз ұйқы салмақтың өсуіне және бұлшықеттердің жоғалуына әкеп соғады. Сонымен қатар, ұйқысыздық немесе ұйқының жиі бөлінуі қан құрамындағы инсулиннің деңгейін көбейтіп, қант диабеті мен жүрек ауруларының қаупін арттырады. Осыдан ұйқының психикалық және физикалық денсаулық үшін маңызды екенін байқауға болады.
Ұйқының сапасы «ұйқы циклі» деп аталатын процесс арқылы анықталады. Бұл цикл екі маңызды компоненттен тұрады. Алғашқысы – терең ұйқы. Бұл кезде дене босаңсиды, тыныс алу ретке келеді, қан қысымы төмендейді, мидың сезімталдығы азаяды. Ояну қиынға соғады. Терең ұйқы ағзаны қайта қалпына келтіретін маңызды кезең. Бұл кезде гипофиз безі өсу гормонын шығарады. Зерттеушілер иммундық жүйе де осы кезеңде қалпына келеді деп есептейді. Терең ұйқының спортшылар үшін пайдасы көп. Кей кәсіби атлеттер күніне 11-12 сағат ұйықтайды.
Екіншісі – жылдам ұйқы. Ми терең ұйқы кезінде салыстырмалы түрде тыныш болса, жылдам ұйқы кезінде ояу болады. Жылдам ұйқы – мидың түс туындататын және ақпаратты қайта өңдейтін кезеңі. Бұл кезеңде ми есте сақтау жүйесін реттеп, артық ақпараттан тазарады, жүйке жүйесінің танымына және өсуіне ықпал етеді. Адамның дене температурасы жоғарылап, қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы жиілейді.
Ұйқының терең және жылдам фазаларынан айырылған дене әлсірей бастайды. Адамның ұйқысы бұзылса, денсаулығы нашарлап, иммундық жүйе әлсіреп, миы тұмандана бастайды. Ғалымдардың айтуынша, ұйқысы қанбаған адамдарда вирустық инфекциялар, салмақ қосу, қант диабеті, жоғары қан қысымы, психикалық аурулар, жүрек аурулары және өлім қаупі жоғары болады.
Ұйқы тапшылығы – сіз бен сіздің ағзаңыздың арасындағы дисбаланстан туындайды. Осы күнге дейін ұйқы туралы мыңдаған зерттеулер, жүздеген тренингтер өткізілді. Бәрінің айтары бір. Ұйқы – адам өмірінің ең маңызды құрамдас бөлігі. Сонымен қатар, дәрігерлер ұйқының ұзақтығы терінің сұлулығы мен жастығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтеді. Өйткені, ұйқының қанбауы барлық метаболикалық процестердің гормоналды реттелуіне әсер етеді. Сондықтан кем дегенде жеті, ал ең дұрысы тоғыз сағат ұйықтау қажет. Өнімділікті арттырғыңыз келсе таңда ерте тұруды әдетке айналдырған жөн. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, ерте тұру қандай маңызды болса, соған сай ерте ұйықтау да шарт. Ұйқының дұрыс болуы – саламатты өмірдің бір көрінісі.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА