» » Бренд пен белгі

Бренд пен белгі

«Тефальға шай қойшы», «Орбит ала салу керек еді», «Фейри ала келуді ұмытпа» деген сынды сөздерді тұрмыста жиі қолданамыз. Санамызға сіңіп кеткені сонша, кейбірін сол заттың жалпы атауы екен деп қаламыз. Төменде сауда белгісі болса да, көпшіліктің қолданысына еніп кеткен 14 сөзді ұсынамыз.
Акваланг
(Aqualung; Aqua Lung; латынша aqua – «су» және ағылшынша lung – «жеңіл»). Көз алдыңызға келген бейнені біліп отырмыз. Бірақ шын мәнінде, акваланг – тек тауар маркасы. Яғни, су астында жүзуге арналған тыныс алу аппаратының тіркелген сауда белгісі ғана. Мұны француз Жак-Ив Кусто мен Эмиль Ганьян 1943 жылы ойлап тапқан. Бүгінде сауда белгісі америкалық Aqua Lung International-ға тиесілі. «Акваланг» сөзі Еуропа мен бұрынғы КСРО елдерінде жаппай қолданысқа еніп кеткен. АҚШ-та «скуба» сөзі қолданылады. Ол су астында тыныс алуға арналған аппарат (self-contained underwater breathing apparatus) сөзінің аббревиатурасынан шыққан.
Аспирин
(Aspirin; a – «ацетил» және Spiraea – «спир»). Басыңыз ауыр­ған сәтте «Үйде аспирин бар ма еді?» деп жиі айтатын боларсыз? 1899 – 1918 жылдар ара­лығында Bayer герман фарма­цевтикалық компаниясы осы сауда белгісімен ацетилсалицил қышқылын шығарған. Бірақ кейін Германия Версаль бейбіт келісіміне қол қойған соң, Антанта елдеріне репарация төлеуге мәжбүр болады. Соның салдарынан Bayer шетелдегі мүлкі мен көптеген елдегі өзіне тиесілі сауда белгілерінен айырылады. Бүгінде компанияның Aspirin-ге құқығы тек Канада мен Еуропаның жекелеген елдерінде ғана мойындалады.
Вазелин
(Vaseline; немісше wasser – «су» және грек тілінен elaion – «май»). Дөңгелек, қаңылтыр май елестеген болар? Минерал майлар мен қатты парафин көмірсутектерінің қоспасынан вазелин алынады. Бұл сауда белгісін ойлап тапқан – америкалық химик Роберт Чесброу (1872 жылы). Өзі негізін қалаған Chesebrough Manufacturing Co компаниясы «вазелинге» құқығын 1987 жылға дейін иеленген. Қазіргі таңда иелік – Unilever халықаралық корпорациясында.
Героин
(Heroin; немісше heroisch – «қаһарман», «күшімен таңғал­ды­ратын». Препаратты ең алғаш қабылдап көргендер осы­лай сипаттаған екен). Бұл – Bayer компаниясына тиесілі сауда белгісі. Бастапқыда героин (диаце­тилмор­фин) жөтел кезінде тыныштандыратын дәрі ретінде дәріханаларда сатылатын. Біраз уақыттан кейін оған адамның қатты үйреніп кететінін байқаған соң, 1924 жылы АҚШ-та өндіруге және сатуға тыйым салынған. Германияда болса, 1971 жылға дейін дәріхана сөрелерінде героин болған екен.
Линолеум
(Linoleum; латынша linum – «зығыр», «кенеп» және oleum – «май») Жаз жақындаса болды, баршамыздың үйімізде жөндеу жұмыстары басталып кетеді. Еденге линолеум төсеудің жыры аз емес. Бұл сауда белгісін 1860 жылы ағылшын өнертапқышы Фредерик Уолтон тіркеген. Мынадай қызық жайтты қараңыз: Америкада линолеум жасау ісі 1874 жылы, яғни араға 14 жылдай уақыт салып қолға алынған. Англияның Линолеумвилль қаласында бастау алған кәсіп 1931 жылы Филадельфияға ауыстырылады. Жергілікті тұрғындар өнеркәсіп кеткен соң, қаланың атауын Трэвис деп өзгертіп алған.
Джип
Ойын баласынан «Қандай көлік алғың келеді?» деп сұрап көріңізші. Он баланың сегізі «Джип» деп жауап береді. Негізі бұл – Chrysler компаниясына тие­сілі сауда белгісі. Jeep сөзі бұрын­­нан бар. Алайда сауда белгісінің қалып­та­суына қатысты бірнеше нұсқа айтылады. Мәселен, General Purpose (әмбебап, бұл аббревиатура автокөліктер класын білдіретін) сөзінің қысқартылған түрі, яғни GP деп айтылады. Бұдан бөлек тағы бір нұсқасында Юджин Джип есімді мульт кейіпкерінің құрметіне қойылған деседі. Ол кез келген қиындыққа төтеп береді. Жол талғамайтын көліктің атауымен бай­ланыстыратын себебі де – осы. Мұндай нұсқалардың бұдан бөлек бір­неше түрі бар. Бірақ нақты қайсысы дәл екені әлі күнге дейін белгісіз.
Одеколон
(eau de Cologne; француз тілінен – «кельн суы»). Бастапқыда бұл әтірдің жалпы атауы емес, 1709 жылы итальян парфюмері Иоганн (Джованни) Мария Фарина Кельнде жасап шығарған хош иістің атауы болған еді. Бүгінде эфир майларының 2-5 пайызын құрайтын парфюмерлік заттардың жалпы атауы ретінде аталып жүр. Кельндегі парфюмерия фабрикасын Фаринаның тікелей ұрпақтары басқарады. Фаринаның өзі ойлап тапқан нағыз Eau de Cologne әлі күнге дейін өндіріледі. Бірақ жасау әдісі жайлы ешкім жақ ашпайды.
Таблоид
Ағылшындық Burroughs Wellcome фармацевтикалық компаниясының сауда белгісі. Негізін салушылардың бірі Генри Велкам 1884 жылы осы атауды патенттеп алады. Ол кезде таблетка түрінде шығарылатын емдік препараттардың аты сондай болған екен. Сонымен бірге, Tabloid сауда белгісімен дәрі және шай шығарыла бастаған. Бірақ XX ғасырдың басында таблоид деп шағын газеттерді атап кеткен.
Унитаз
(Unitas; латынша unitas – «бірлік»). Бұл сөздің шығу төркініне қатысты нұсқа көп. Кей сөздіктерде «унитаз» сөзі сантехника жасайтын фирманың аты деп беріліп жүр. Бірақ шын мәнінде, бұл сөз ең алғашқы унитаздың атауы екен. Яғни, әлемдегі ең бірінші тұтас керамикалық унитаз Букингем сарайына орнатылған. Кейіннен Ресейге экспортталған деседі. Ағылшын инженері Томас Твайфорд ойлап тапқан дүниенің бастапқы атауы бүгінде дәретхана бұйымының жалпы атауына айналып кетті.
Фломастер
1951 жылдан бастап амери­ка­лық Cushman&Denison ком­паниясы сия мен маркерлер шы­ғара бастаған. Осы саладағы танымал маркалардың бірі – «Фло­мастер». Құрамында қор­ғасын көп болғанына байланысты Flo-Master сиясы өндірістен алы­нып тасталды.
Целлофан
(Cellophane; немісше cellulose – «целлюлоза» және грек тілінен phanos – «ақшыл»). Бұл атауды 1908 жылы швейцариялық инженер-химик Жак Брандерберг патенттеп алған. Ол өңделген целлюлозадан түссіз материал жасап шығарған болатын. Цел­лофан көп жағдайда қаптайтын материал ретінде қолданылады. Бірақ көбіне оны полиэтиленмен шатастырады. Бұл екеуінің айыр­машылғы – жер мен көктей.
Термос
(Thermos; грек тілінен thermos – «жылы», «ыстық»). 1904 жылы вакуум контейнерлері өндірісін алғаш болып қолға ал­ған Thermos GmbH неміс ком­паниясының сауда белгісі. Термос­ты 1892 жылы ойлап тап­қан – ағылшын ғалымы Джеймс Дьюар. Кей елдерде Thermos сауда белгісі болып қалды. Әйтсе де, АҚШ-та 1963 жылы сот ше­шімінен соң жалпы қолданыстағы сөзге айналды.
Эскалатор
(Escalator; латынша scala – «баспалдақ»). Америкалық Otis Elevator компаниясының XX ғасырдың басында ойлап тапқан құрылғысының сауда белгісі. То­лығырақ айтар болсақ, қозғалатын баспалдақтары да механикалық құрылғы жасап шығарған бола­тын. 1950 жылы сауда белгісі сот шеші­мімен патенттік қорғауынан айы­рылады. Содан бері «эска­латор» сөзі қозғалатын баспал­дақтардың атауына айналып кеткен.
Эскимо
1922 жылы америкалық Крис­тиан Нельсон осы сауда белгісін патенттеп алады. Үстіне шоколад құйылған балмұздақ жасау идеясы Нельсонның басына кездейсоқ кел­ген жоқ. Бірде әкесінің кон­ди­тер дүкеніне келген бір бала бал­мұздақ пен шоколадтың қайсысын таңдарын білмей тұр екен. Екеуін де алайын десе, ақшасы жетпейді. Содан 1921 жылы Нельсон эски­моның алғашқы қаптамаларын жасап шығарады. Алғашында I-Scream Bar деп аталған. Сол жылы шоколад өндіруші Рассел Стовермен келісімге қол қойып, Eskimo Pie сауда белгісінің патен­тін алған соң, бірқатар жергілікті кәсіпкерлерге өндіру құқығын са­тады. Содан бері бұл балмұздақ –үлкен мен кішінің сүйікті тәттісі.
 
Жадыра АҚҚАЙЫР
10 маусым 2018 ж. 1 413 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031