» » Сарып індетінен сақ болыңыз

Сарып індетінен сақ болыңыз

Сарып немесе сал ауруы – адамға ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы (бруцелла) сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды келеді. Сүт өнімдерінде 25 күн, мал терісінде 3-4 ай, суда 5 ай, топырақта 3 ай өмір сүрсе, салқын жерде ұзақ сақталады. Ауру малдардың ішіндегі ең қауіптісі – уақ мал (қой, ешкі). Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаға ауырған малдардың қиы, зәрі, шуы, тағы басқа сұйықтықтар арқылы бөлініп тарайды.
Ауру қоздырғыштары адам денесіне мал төлдету, оны бағып-қағу, ауру малды сою, жіліктеу немесе жүнін қырқу кезінде тері арқылы енеді. Ал күнделікті тұрмыста ауырған малдың қайнатылмаған сүтін ішкенде, сол сүттен дайындалған қаймақ, сары май, ірімшік, шала пісірілген ет тағамдарын пайдаланғанда жұғады.
Сарып ауруының негізгі белгілері ауру жұқтырғаннан кейін 7-10 күн өткен соң біліне бастайды. Жағдайы нашарлап, тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, дел-сал болып бойының ауыр тартқанын сезінеді. Емделмеген жағдайда ауру күшейіп, науқастың дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп, қолаяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай малшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, қолтық асты бездері ісініп ауырады. Дәрігерге көрінбей емделген жағдайда ауру созылмалы күйге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қолаяқ буындары ісініп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгілетін болады. Буын-буындарға сары су толып, буындардың қалыпты түрі бұзылады. Ауру 2-3 жылдан көп уақытқа созылып, жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы мүмкін. Мал арасында аурудың белгілері – малдың ақсап жүруі, аяқ буындарының ісінуі, көбінесе сауын малдардың желініне ісік пайда болуы, іш тастауы. Еркек малдардың енінің ұлғаюы сияқты өзгерістер байқалғанда мал иелері міндетті түрде мал дәрігерлеріне хабарлауы керек.
Ал сарыптан сақтану жолдары қандай? Сарып тек ауру малдардан жұғатынын ескерсек, бірінші кезекте сақтану шараларын аурудың көзі болып табылатын себептерді жоюдан бастаған жөн. Ол үшін жекеменшік мал иелері мен шаруашылық басшылары жергілікті әкімдер мен мал дәрігерлері бірігіп қожалықтағы немесе жеке меншіктегі барлық мал басын түгелдей есепке алып, уақытылы тексеріп отыру керек. Ауру анықталған малды өзге малдардан оқшаулап, дәрігермен ақылдасып көп ұзатпай арнайы орындарға тапсырып, іш тастаған малдарын, төлін, шуын арнайы құралдармен, айырмен, күрекпен алып, мал төлдеген жердің шөбін, топырағымен қоса алып қорадан аулақ жерге апарып, ит қазып ала алмайтындай 1-1,5 м тереңдікке көміп тастау керек. Ауру малды бағып-қараушылар үстіне арнайы халат, резеңке қолғап, етік, алдына су өткізбейтін алжапқыш байлап жұмыс істегені жөн. Мал алу мен мал сату кезінде мал дәрігеріне көрсетіп, оның саулығы туралы анықтама алу керек.
Мал бағылатын қорада темекі тартуға, тамақтануға, демалыс жасауға болмайды. Жаңа туған малды үйге кіргізу қажет. Себебі отбасы мүшелеріне ауру жұғуы мүмкін. Малдың етін, сүтін сатып алғанда сатушылардан малдың саулығы туралы анықтамасын талап ету өте маңызды. Ал малдың ауырғаны жөнінде хабар алғанда отбасы мүшелері медициналық бақылаудан өтуі керек. Мұны кейінге қалдыруға болмайды.
Аудан тұрғындарына айтарым, өз денсаулығымызды, ұрпақ келешегін ойласақ, ауру малды дер кезінде жойып, індет ошақтарын болдырмауға бәріміз атсалысайық.
Гүлнар ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА,
аудандық санитариялықэпидемиологиялық
бақылау-басқармасының басшысы
04 қараша 2024 ж. 44 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031