Еңбекпен танылған есімдер



Бірде жергілікті басқару органының ұйымдастыруымен өткен «Қ.Ізтілеуов атындағы жүлде» байқауында сөз сөйлеген Еңбек Ері: «Менің атымдағы жүлдені алам деушілерге мынадай кеңес берер едім: еңбек өнімді болу керек. Иә, осы жағына назар аударыңыздар. Мықтап көңіл бөліңіздер. Ол үшін техниканың тілін түсіну керек. Бір маусымда бір өзі алты-жеті, тіпті сегіз мың центнер астық бастыратын комбайнерлер де бар. Ал маусым бойына бастырған астығын мың центнерге жеткізе алмағандар да жоқ емес. Олар диқанның жаз бойы маңдай терін сыпырып өсірген алтын дәнін ысырап етушілер. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» деген осы екен» деп өзінің пікірін білдірген. Астарына үңілген жанға бұл сөзде қаншама ғибрат жатыр.
Келесі майталман – Цай Ден Хак есімімен тығыз байланысты. Ол 1913 жылы Қиыр Шығыс өлкесі, Никольск селосында өмірге келген. Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған халықтың бірі – кәріс ұлтының өкілі екені мәлім. Кезінде олардың бірқатары біздің ауданымызға да қоныстанғаны белгілі. Депортацияның уытымен 1938 жылы Қашқансу ауылдық кеңесіне қарасты елді мекенге орналастырылған 48 отбасы «Червонная земля» және «ІІІ Интернационал» деген атаумен екі шағын ауылды құрап, оның ІІІ Интернационалын осы Цай Ден Хак 50 жылға жуық уақыт абыроймен басқарды. Ауылды құтты мекенге, еңбектің қара қазанына айналдырды. Төрағаның елеулі еңбегін жерлестері қазіргі күнге дейін аңызға бергісіз әңгімеге телиді. Елді мекеннің көркеюіне, тұрғындар жағдайының жақсаруына, ауыл әлеуетінің артуына бар күшін сарқа жұмсаған абзал азамат көптеген құрылыс нысанының салынуына мұрындық болды. Оның іскерлігінің бір көрінісі – 1956 жылдары күріш егісінің көлемі 1851 гектарға жетіп, 700 гектарына таза күріш отырғызылды. Сол кезеңде әр гектарынан 38,2 центнер өнім алынған еді. Мұндай көрсеткіштің бұрын-соңды болмағанын ескерсек, ұжшар басшысының ұйымдастырушылық қабілетінің, азаматтық ұстанымының, еңбекқорлығының жоғары болғанын аңғарар едік. Оның осы еңбегі бағаланып, 1960 жылы Одақтық деңгейде Социалистік Еңбек Ері атанды. Сонымен бірге кеудесінде Ленин ордені де жарқырайтын. Бүгінде Достық ауылында батыр атында көше, мұражай бар.
Кеңес кезеңінде мал шаруашылығы да қарыштап дамыды. Шопан атаның таяғын ұстаған малшылар кеңшардың жұмысын алға жылжытып, еңбек өнімділігін арттырды. Дала қырандарының қатарында да Еңбек Ері атағын алған да болды. Ол – Әділбек Хайруллаев еді. 1938 жылы Тұрмағамбет ауылында өмірге келген ол мектеп бітірген соң өндірісте жұмыс істей жүріп, ауыл шаруашылығы техникумын аяқтайды. Еңбек адамының әкесі ауылда алғашқылардың бірі болып қаракөл қойын өсірген. «Әке көрген оқ жонар...» дегендей, малдың күтімін осылайша отбасында әкесінен үйреніп, оның қыр-сырын меңгереді. Шопан үшін даладағы ит-құстан мал басын аман сақтау – үлкен еңбек. Ол отардағы қойды ит-құсқа алдырмай, одан өндірілетін ет, жүн сапасын жақсартуға атсалысты. Осы еңбегі ескеріліп 1963 жылы Хайруллаев ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен наградталса, 1964 жылы Жаңақала (қазіргі Т.Көмекбаев) ауылы өз алдына бөлек еншісін алып шыққанда бар болғаны 26 жаста екен. Көптің қалауымен 1965 жылы облыстық кеңеске депутат болады. 1966 жылы шопанның есімі Одақ тарихында мәңгі қалған болатын. Осы жылы жанқиярлық еңбегі мен мал шаруашылығын дамытудағы үздік жетістіктері үшін мемлекеттің ең жоғарғы марапаты – Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, 28 жасында кеудесіне Алтын жұлдыз тақты. Тәжірибелі малшы әрбір қойдан 3 келіден жүн қырқып, әр 100 аналықтан 160-қа жуық қозы өргізген. Жылма-жыл 400-450 төлді тірі асырауды қамтамасыз еткен. Әділбек Хайруллаев тек мал бағумен шектелмеді. Республика, облыс көлемінде де қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты. Өзінен кейінгі жас шопандарға ағалық ақылын айтты, жол көрсетті. Елдің құрметіне кенелген еңбек адамы аудан экономикасының нығаюына қосқан ерен еңбегі үшін комиссия шешімімен "Ғасыр шопаны" құрметті атағы беріліп, қошеметке бөленді.
Бес Еңбек Ерінің бірі, нәзік жанды, ерен тұлғалы Батыр анамыз – Сәлима Жұмабекова. Ол Ақжар ауылының тумасы. 1935 жылы дүниеге келген. Арғы атасы Әлібай ахун, бергі атасы Қашқынбай, Қабылан батырлар болып келеді. Тектінің ұрпағы. Әкесі Ұлы Отан соғысында ұрыс даласында қаза тауып, отбасында анасы Ақсалы, апасы Жәмила мен інісі Жаухарбек болады. Қаршадайынан күнкөрістің ауыр азабын көп көреді. Сонда да болса, тағдырына мойымай, еңсесін тік ұстап, анасына көмекші болады. Масақ теріп, сиыр бағады, сауын сауады. 7 сыныпты бітірген соң еңбек жолын бастайды. Бала кезінен-ақ адамға үйірсек, көпшіл, өмірге икем мінезі елден ерек етіп тұратын.



Батыр ананың табиғаты нәзік болғанымен ерлермен қатар егіс даласында иін тіресе жүріп еңбек етті. Тұрмағамбет ауылында күріш өсіруден мол өнім алған Сәлима Жұмабекқызы өз ісінің шебері, ақылшы ұстазы болған Шәймерден ақсақалдан ақыл-кеңес ала жүріп, ауыл шаруашылығы дақылының қыры мен сырына қанығады. Ұстазының үйреткенімен күріш тұқымын ісіндіріп барып себу үрдісі даңқты диқанның еңбектегі басты ерекшелігі десек болғандай. Көпбалалы ананың еңбек жолына көз салар болсақ, ол 1959-1986 жылдары Ленин (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) кеңшарында күріш өсірумен айналысса, 1967-1973 жылдары Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрайымы қызметінде болады. 1973 жылдан бастап күріш өсірушілердің звено жетекшісі болса, күріш егісінің әр гектарынан 84-118 центнерден өнім жинаған еңбек майталманы. Оның саладағы осы ерен еңбегі ескеріліп, 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 2000 жылы «Ғасырдың Батыр анасы» құрметті атағы, 2005 жылы жетпіс жасқа толуына орай Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісі салтанатты түрде тапсырылды. Қайраткер ана КОКП-ның ХХVІ және Қазақстан Компартиясының ХІІІ-ХІV съездеріне делегат болып қатысты. 1971-1973 жылдары алған өнімі облыста алдыңғы қатардан көрініп, «Ленин» орденімен марапатталса, 1966 жылы ауыл шаруашылығындағы үздік табыстары үшін «Құрмет белгісі» орденіне ие болды.
Омырауында қос бірдей Алтын жұлдызы жарқыраған Батыр ана отбасында ұл-қыздарын аялап өсірсе, Сыр елінің ақ маржанын да баласындай мәпелеп одан жоғары өнім алуға қол жеткізді. Міне, адал еңбек пен маңдай тердің қашанда қайтарымы болатыны – өмір шындығы. Ол жиындарда: «Мұндай атақ-даңққа ие болуым өзімнің еңбексүйгіштігім, адал маңдай терімнің жемісі болар, бірақ қасиетті Тұрмағамбет ауылының киелі топырағы, елдің бірлігі, сыйластықтары, ірі тұлғалар бастап кеткен жолының шапағаты деп білемін» деп ағынан жарыла сөйлейтін.
Әр уақыттың өз талап-тілегі, жаңару-жаңғыру үдерістері болуы заңдылық. Бірақ, еңбек қашанда еңбек болып қалады. Қиыншылық жүрген жерде ғана табыс бар, кедергілер бар жерде ғана даму бар. Міне, осындай ауыртпалықты мойымай көтере білген аға-әпкелердің еңбектегі үлгісі мемлекет тарихында тасқа қашалып жазылып қалды. Олардың осы көрген қиындығы мен көтерген заман жүгін кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз болса, оларды құрмет тұтып, соларға қарап бой түзеу – бүгінгі жас ұрпақтың міндеті болып қалмақ.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК