» » Сала сайыпқыраны

Сала сайыпқыраны

Суды тиімді пайдалана білмесең, тілсіз жауға айналып, жолындағының бәрін жайпап кететіні рас. Ал оны үйлестіріп отыру оңай шаруа емес. Су – тіршілік көзі десек, су шаруашылығы – жер үсті және жер асты суларын экономиканың түрлі салаларында пайдалану шараларын белгілеп, оларды іске асыратын, сондай-ақ суды қорғау және оның зиянды әсерімен күресумен айналысатын халық шаруашылығының саласы. Тіршілік атаулыны сусыз елестету қандай қиын болса, ол саланы білікті мамансыз бөле қарау тағы болмас.

Мақаламыздың тінін бұлай тарқатуымыздың да өзіндік себебі бар. 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Ал атаулы күнде мекеменің еңбек адамын елге таныстыру газетіміздің үрдісінде бар. Бүгінде ғұмырын суландыру саласының өсіп-өркендеуіне арнап, он сегіз жылдан бері табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан Шоқан Ұзақбаевты осы саланың білікті мамандарының бірі деуге болады. Ол еңбек жолын 2005 жылы «Қармақшысушарда» диспетчерліктен бастап су пайдалану бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
– Біздің қызмет жауапкершілігі өте жоғары сала. Олай деуімнің бір себебі нағыз тіршілік көзімен жұмыс істейміз. Каналдар жүйесі арқылы ауылдарға, шаруашылыққа су жеткіземіз. Көктем басталғаннан ауданға қарасты шаруашылықтарға егіс көлеміне қарай жоспар бойынша су бөліп береміз. Каналдың негізгі бастауы облыстағы Тасбөгет кентіндегі «Қызылорда су торабы» учаскесінен басталады. Шіркейлі каналынан сол жаға және оң жаға магистралы болып таралады. Соның ішінде ауданымыз каналдың ең аяғы болып саналады. Қазір соңғы үш жылдан бері Сыр өңірінде су тапшылығы орын алуда. Бірақ оған қарамастан су саласының мамандары мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері бірігіп егін сусыз қалмас үшін облысқа қарасты аудандармен кезектесіп суару тәсілін қолға алып жатырмыз. Бұл жұмыс тамыз айына дейін жалғасатын болады. Мекеменің атқарар қызметі жалғыз бұл емес. Жылдың төрт мезгілінде тынымсыз жұмыс істейміз. Мәселен, жазда су тапшылығына қарсы жұмыстар жүргізсек, күз, көктем айларында дарияны күр мен сең жүру қаупінен күзетеміз, – дейді білікті маман.
Шоқан Әмірханұлы бүгінде 60-тан аса маманы бар «Қармақшысушар» өндірістік учаскесінде басшылық қызмет атқаруда. Осыған дейін қызмет барысында жинаған тәжірибесінің арқасында ұжымның ауызбіршілігін ұстап отыр. Басшы болу үшін алдымен жауапкершілікті сезінуің керек дейді ол.
– Бала кездегі арманым мүлдем бөлек еді. Әкеме ұқсап тракторшы боламын дейтінмін. Кейін өсе келе әкем ақылын айтып «Балам техниканы таңдап қайтесің, үстің май болып жүргенше жүрегіңе жақын мамандықты таңда» деп жол көрсеткені бар. Мектеп бітіргесін осы су саласына жақын мамандықты таңдадым. Қазір шүкір сол мамандығымның жемісін көрудемін. Одан бөлек қызметте үлгі тұтқан ұстазым Жалғас Түшкеев ағамыздан көп нәрсені үйрендім. Сол кісіге ұқсап еліктегенімнің арқасында бүгінде бір саланың тізгінін ұстап, жауапкершілігін сезінудемін. Алдағы уақытта сол кісілердің атына кір келтірмей, ел экономикасының дамуына үлесімді қоссам, – дейді Шоқан Ұзақбаев.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
11 шілде 2023 ж. 239 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 243

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 345

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930