Білікті бригадир
Диқандар үшін дәл қазіргі сәт нағыз қауырт кезең. Көктемде дән сепкен алқаптарын суға бастыру үшін, ала таңнан күн батқанға дейін тіршілік қамында. Себебі биыл шаруашылықтарға әлден су тапшылығы сезілуде. Осыған алаңдаған диқандар себілген дән далада ысырап болмас үшін тынымсыз еңбек етуде. Бүгінде егіннің жайын ойлағандардың бірі – Тельман Ақжанов. Ол Ақтөбе ауылындағы «Оңталап» шаруа қожалығында №2 бригаданың бригадирі. Осында қызмет істеп, жыл сайын жақсы өнімге қол жеткізіп жүрген білікті маман.
Тельман осы шаруашылықта 3 жылдан бері дала төсіндегі дүбірде маңдай терін төгіп жүр. Уақытты жаны қалаған іске арнау – бақыт деп санайды. Осыған дейінгі еңбек жолын да ауыл шаруашылығына арнаған.
– Еңбекке 1983 жылы оқу бітіргеннен араластым. Ол уақытта жұмыс істеу біз үшін абырой саналатын. Әуелі ауыл шаруашылығында үш жылдай қол жұмыс істедім. Ортада әскерге барып, борышымызды өтедік. Одан кейін ауыл ақсақалы Тұрғанбек Іздібаевтың қарамағында болып, көп нәрсені үйрендім. Тоқсаныншы жылдары ел тоқырауға ұшырап, жұмысымыз тұралап қалды. Бертін келе «Ақтөбе и К» шаруашылығы құрылып сонда пішен бригадирі, одан бөлек жаткаға механик те болдық. Шүкір жаман болғанымыз жоқ. Қазір Хамит Аралбаев басқарған шаруашылықта абыроймен қызметімді жалғастырып келемін, – дейді ол.
Биыл «Оңталап» шаруа қожалығы барлығы 1383 гектар жерге егін ексе, оның 961 гектарға күріш, 185 гектарға бидай, 185 гектарға жаңа жоңышқа мен 237 гектарға ескі жоңышқа сепкен. Қазір таңда егіні толықтай суға бастырылған.
– Биыл №2 бригада бойынша 483 гектарға күріш ектік. Ерте қамданғанның арқасында су тапшылығына жол бермей, атыздарымызды суға бастырдық. Енді жақсы көтерілу үшін екі-үш күнде тыңайтқышын беруді жоспарлап отырмыз. Былтыр 60 центнерден өнім алсақ, биыл одан да жоғары өнімге қол жеткіземіз деген мақсатымыз бар. Техникаларымыз жеткілікті, сақадай сай, – дейді білікті бригадир Тельман Ақжанов.
Ерсін СӘДУҰЛЫ