Астық алқабының алыбы

Анадайдан көлік жанында екі темірді жалғап жатқан дәнекерлеушіге көз түсіп, жанына жақындадық. Жалпы дәнекер жұмысына бұрыннан қызығушылығымыз бар-тын. Осында келген шаруамызды айтқанымызда әлгі кісінің қасындағы әріптестері іздеген адамың осы деп таныстыра кетті. Бұл осы шаруашылық құрылғалы қызмет істеп келе жатқан білікті маман, дәнекерлеуші – Алпыс Поданов. Ағамыздың осы салада жүріп, еңбек еткеніне 23 жыл толыпты. 1999 жылдан бері ауылдың шаруашылығында еңбегі сіңіп, бүгінде көпке үлгі бола білген.
– Еңбекке араласқалы бір мамандықты ұстап келемін. Арасында техника тізгіндейтінім бар. Дәнекерлеушіге жұмыс көп қой. Сынған техникаларды қайта қалпына келтіреміз, болмаса қолдан құрастырып шығарамыз. Көбіне ішкі-сыртқы жұмыстан-ақ арылмаймыз. Кейде егістіктің басында тұрып қалған техникалардың жұмысы тоқтап қалмас үшін жедел қызмет көрсетеміз. «Оңталап» шаруа қожалығында 2016 жылдан бастап қызмет істеймін. Жалпы адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке орай қазір жастар маңдай терін төгіп жұмыс істегісі келмейді. «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргенді жөн көреді. Нағыз еңбектің үлгісі – маңдайың күнге күйіп, елге қызмет еткенің. Осыны жастарға айтқым келеді, – дейді алпысты алқымдаған Алпыс ағамыз.
Ол зейнет жасқа жақындаса да өзін жеңіл әрі ширақ ұстайды. Қолынан өңделіп шыққан техника болмаса бір-біріне дәнекерленіп ұстасқан темірлер ұзаққа дейін сыр бермей қалпын сақтап тұр. Бұл туралы шаруашылық басшысы да еңбегін бағалай жеткізді.
– Алпыс ағамыздың дәнекерлеудегі жұмысы маған бала күннен таныс. Ол кісінің әрбір ісі тиянақты әрі сапалы. Сырттан көмек сұрап іздеп келетіндер де бар. Жұмыс қылып келген шаруаңды айтқызбай-ақ түсініп тұрады, – дейді шаруашылық төрағасы Хамит Аралбаев.
Дәнекерлеуші маманның қасында көп тұрмай ісіне қарап-ақ шеберлігіне көз жеткіздік. Оған артылған жұмыстың да жауапкершілігі жоғары. Ісіне кедергі келтірмейік дегендей сәттілік тілеп, біз де жөнімізбен кері жол тарттық.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ