» » Еңбек – ырыстың бұлағы

Еңбек – ырыстың бұлағы


Ерте көктемнен ала жаздай бір тыным таппай «көктемнің бір күні жылға азық» дегенді ұран еткен шаруалар жыл соңында қамбаны дәнге толтырады. Тілшілік тіршілікпен шаруашылықтағы егінжайларды аралағанымызда төрағалар «балапанды күзде санаймыз» деп қысқа қайыратын. Расымен, нәтижені сөзбен емес, ісімен көрсетуді жөн санайтын ел ағалары биыл да өз үдесінен шығып, ауданымыз облыс көлемінде «озат аудан» атанды. Сары күзде сары даладан алтын теріп, қамбасын дәнге толтырған шаруалар жылды қорытындылады.
Қай уақытта болмасын, аудан еңбеккерлері күз айында егінді жиып-теріп, мал азығын жинап болған сәтте жыл сайын «Алтын дән» мерекесін салтанатты түрде атап өтеді. Осындай жиынның бірі жексенбіде Ақтөбе ауылындағы «Оңталап» шаруа қожалығында өтті.
Сыр сүлейлерінің ізін жалғап, бүгінде жыраулық дәстүрдің жолында жүрген Нұрболат Темірбай, Әлішер Мырзағалиевтердің орындауындағы тәлімді термелермен кеш шымылдығы түрілді. Алғашқы сөз шаруа қожалық төрағасы Әбдіхамит Аралбаевқа берілді.
– Міне 2021 жыл да аяқталып, жаңа жылға қадам басқалы тұрмыз. Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз. Бұл  жыл – біз үшін берекелі, табысты жыл болды. Шаруашылықтағы азаматтардың арқасында уақытында жоңышқа, мақсары, күріш дақылдары егіліп, мезгілінде төкпей-шашпай  жинап алынды. Ұжымдағы мамандарға, бригадир, сушыларға, механизаторларға алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін. Кіндік қанымыз тамған жер – ауылымыз біз үшін ыстық. Осы жерде өмірге келіп, өсіп-өніп жатырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз – шаруашылықты аяққа тұрғызып, ауылымыздың өркендеуіне үлес қосу. Азаматтармен біріге жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсету, – деді төраға.

Мұнан кейін шаруашылық басшысының орынбасары Асқар Тәтеев жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға шолу жасады. 1998 жылы құрылған «Оңталап» шаруа қожалығы  2015 жылы 15941 гектар, оның ішінде егістік жері 1307 гектар жер көлемімен 457 үлескерімен бөлініп шығады. Содан бері біршама жүйелі жұмыс жүргізілген. Биыл шаруа қожалық 857 гектарға күріш, 301 гектар жаңа жоңышқа, 198 гектарға ескі жоңышқа еккен. Негізгі дақыл күріштен 49700 центнер өнім өндіріп, күріштің әр гектарынан 58 центнерден өнім алған. Мұнда 65 жұмысшы тұрақты жұмыс істейді. Шаруа қожалық биыл негізгі қорды толықтыру үшін жаңадан техникалар сатып алған. Сонымен қатар жыл сайын түрлі іс-шараларға демеушілік жасап, тұрғындарға көмек беріп келеді. Соның бір дәлелі – шаруашылық жұмысшыларына, жер үлескерлеріне арзан бағамен жем-шөп таратылған. Шаруа қожалықтың алға қойған жоспары нық, мақсаты айқын. Келер жылы 1100 гектар жерге күріш, 80 гектарға жаңа жоңышқа, 80 гектарға бидай, 361 гектарға ескі жоңышқа егілмек. Қажетті тыңайтқыштар мен тұқымдар алынып, қойма толығып, келер жылға қам жасалуда.
Ел еңсесі көтерілер дүбірлі тойға келген ауыл әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтады.
– Осынау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, жаңа жылдың қарсаңында ауылымызда үлкен дүбірлі  той болып жатыр. «Оңталап» шаруа қожалығының жеткен жетістіктеріне өздеріңіз куә болдыңыздар. Алдағы уақытта да шаруашылықтан күтеріміз көп. Жеңісті де жемісті жылдар болып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсара берсін, – деді  ауыл әкімі Данияр Ахметов.
Мұнан соң ел ағасы Сабытбек Жолмаханов, ауылдың құрметті азаматы Марияш Тұрбаевалар дала еңбеккерлеріне, көш бастап жүрген бауырларына жылы лебізін білдірді.
Дала еңбеккерлеріне ауызша алғыс айту бір бөлек те, атқарған жұмысы үшін марқайтып марапаттау – өз алдына бөлек дүние. Осыны ескерген шаруашылық басшылығы әрбір диқанның есімін атап, жеке-жеке сахна төріне шақырып, көптің алдында абыройын асқақтатты. Адал еңбек пен маңдай тердің жемісі ретінде алғыс хатпен бірге қаржылай сыйақы берілді.  Ұзақ жылдан бері шаруашылықта еңбек етіп жүрген инженер Әлішер Махановқа автокөліктің кілті табысталды.
Еңбегі еленген шаруалар да, жылды жоғары көрсеткішпен аяқтаған шаруа қожалық та дәстүрлі мерекені абыройлы атап өтті. Жиын соңында, осында қызмет атқарып, өмірден озған жандарға арнап дастарқан жайылып, Құран бағышталды.
Ізгілікті істері мол, бірлігі жарасқан шаруа қожалықтың тасы өрге домалап, жылдан-жылға егістік көлемі ұлғайып, жетістіктері арта берсін демекпіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
28 желтоқсан 2021 ж. 573 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031