» » Жұмыстың жаманы жоқ, жөнін білсе…

Жұмыстың жаманы жоқ, жөнін білсе…

Ата мен әженің бауырында өскесін олардың шай үстінде жақсы әңгімесіне жиі құлақ түрдік. Атам ауылдың адамдары туралы көп әңгімелейтін. Білмеймін, бұрынғылар бізге қарағанда жақсырақ көрінеді. Сертке берік, сөзге тоқтайтын тәрізді. Білетіні білмегенге үйрететін, ағасы інісін жақсы жолға үндейтін деседі. Сол кісілердің көзін көрген ауылдастар маған ыстық. Ағалар салған сара жолды жалғап, тектіліктің табын сөндірмегені үшін. Істің адамы әлбетте сөзге сараңдау келеді. Ақтөбе ауылында тұратын, техника тілін ұғатын, жақсы аты ғана шығатын Әлішер Маханов та сондай. Біз ес білгелі оның аты жиі айтылатын. Көлігі істен шыққанға ауыл тұрғындары «Әлішерге бар», «Білсе Әлішер біледі» деп жөн сілтейді. Жүзі жылы, үлкенмен де, кішімен де сыпайы сөйлесетін ағаны қаумалайтын таныс-туыс, жақын-жуық көп.
Ауыл баласы әдетте еңбекке ерте араласады. Қалтаға қолды салып, шікірейіп жүргеннен гөрі білек сыбанып, бел буып дала төсінде терлеп жұмыс істегенді қалайды. Еңбек қашанда төзімді болуға тәрбиелейді. Әлішер Жағыпарұлы мектеп бітірген соң арман қуып алыс қалаға кетпей, замандастары тәрізді аудандағы жалғыз училищеде оқып, жүргізушілік мамандық алды. Ауылдағы шаруашылықтың көлік жөндеу шеберханасында ұзақ жыл токарь болып жұмыс істесе, кейін жүргізуші болды. Шаруашылық жұмысы ақсаңқырап, жұрт бала-шаға асырау үшін жер-жерден жұмыс іздеді. Олардың қатарында ағамыз да бар-тын. Бірақ білікті маманға мұндай сәтте жұмыс табу қиынға соққан жоқ. Өйткені оның қызметіне сұраныс қай кезде де жоғары. Қызылорда қаласындағы мұнай компаниясының бірінде жүк көлігін жөндейтін слесарь болып 6 жылдай еңбек еткен. Кейін қызметін ауылдағы «Оңталап» шаруа қожалығында жалғастырды.
– «Оңталап» шаруа қожалығында жұмыс істегеніме 4 жылдай уақыт болды. Шаруашылықтағы 30-ға жуық техниканы қадағалау, жүріп-тұруын бақылауға жауаптымын. Егінге орақ түсу науқаны жақын. Оған барлық техника сақадай сай тұруы ләзім. Қолдан келгенше жүрмеген көліктің ақауын тауып, істен шыққанды тез арада қайта қалыпқа келтіруге тырысамын. Көлік бұзылса, шаруалардың жұмысы тоқтайды. Бізге реті келсе тоқтауға болмайды. Техника жөндеу, матор жинау, темірден түйін түю – бұл жүрек қалауымен істелетін жұмыстар. Азаннан қара кешке дейін майға қол салып, темір-терсектің арасында жүру біреуге қиын әрі ұнамсыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ жұмыстың жаманы жоқ. Тек жөнін білмейтін бар, – дейді кейіпкеріміз.
Дәнекерлеу, токарь мамандығы қазақ үшін таңсық емес. Техникалық мамандықты таңдағанның бүгінде асығы алшы. Осы салаға білікті мамандардың керек екені рас. Инженер-механик ауылда көлік жөндеу шеберханасын ашқан Бауыржан Аяпов, Бауыржан Сәндібекұлы сынды алымды жігіттердің ұстазы. Мақтануды білмейтін, қолы бос боп жүрмейтін ағамызды үлгі тұтатындар жетіп жығылады. Еліміздің өркендеуі мен ауыл шаруашылығының дамуы Әлішер сынды сертке берік, сөзінде тұратын, қызметіне адал еңбек адамының арқасы емес пе?
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
04 қыркүйек 2019 ж. 1 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031