» » » ҚАЗАНЖАППАЙ НЕМЕСЕ БАТЫР АНА ӨСИЕТІ

ҚАЗАНЖАППАЙ НЕМЕСЕ БАТЫР АНА ӨСИЕТІ

– Қою түтінін будақтатып бұрқыраған ошақта қара қазан қызып тұр. Айнала тізіле басқан қып-қызыл нан. Сары майдың ыстық күлшеге дәмі сіңіп, еріген хош иісі әлі күнге дейін мұрын жарады, – деп әңгімесін бастаған ауыл тұрғыны қазанжаппайдың дәмі әлі күнге дейін таңдайында сақталғанын айтты.  Қазір мұны жасайтындардың қатары да сейілген. Осы маңға жақын қазанжаппай дайындайтын, қолы қалт етсе ірімшік-майын әзірлейтін әжейдің үйіне жол сілтеді. Иә, осының өзінде тұтас ауылдың көрінісі ұйысып тұрғандай. 
Ақтөбе ауылының жолдары кең. Жұртшылықтың тыныс-тіршілігін де жаяу­лата жүріп лезде аңғара аласың. Бірі – мал баптайды, бірі – дала қосында еңбекпен біте қайнасқан. Өзге сала мамандары мен кәсіппен көкжиегін кеңейткендері бөлек әңгіме. Ал ауыл десе ең алдымен ойға не оралады? Әрине, ағарғаны мен құрт-майы, иісі аңқыған қазанжаппайы. Ондағы шала жанған оттың иісі – қазекемнің дарқан көңіліндей молшылық лебін еседі. Молшылық демей немене? Ат терлетіп алыстан келген қонаққа бір қазан нанды дастарқанға қою жомарттығы ғой. Үлкен баппен дайындалатын оның қыр-сырын біз барған әжей де жақсы меңгерген. Есіктен енген бойда-ақ күлімсірей қарсы алған Дәмелі Қолдасбаева өзі жасаған майы мен ыстық таба нанын екі қолына қыстыра ұстап, дастарқан жайып әлек. «Айналайын, ыстықтай жеңдер» деген жылы дауысы әлі күнге дейін құлағымызда жаңғырып тұр. Неге деймісіз? Біз де ауылдағы әжемізді сағындық, еске алдық. Бала күнгі оралмас естеліктер ойға оралып, көзден еріксіз жас ытқып шықты. Қош. Ыстық нанға жаққан сары май сырғып ағып балқи түсті. Иісін айтсаңшы?! Ауыл деген осынысымен ерекше ғой.
– Қазір қазанжаппайды жегендерден гөрі, білетіндері аз шығар. Білсе де мәнтәвәркі деген бар екен, соған пісіреді. Мұнда қандай дәм болсын? Нағыз қазанжаппай далада, ошақтағы қазанда піседі. Бала күнімізде қара суға иленген қамыр осыншалықты дәмді болады екен-ау деп ойлаушы едік. Қазіргідей түрлі дәмдеуішсіз-ақ қайнаған жылы су мен бір шымшым тұз болса жетіп жатыр. Бастысы шын ниетпен жасау қажет, шын ниетпен ұсыну керек, – дейді Дәмелі әже. 
Қалғаны азпазшының шеберлігіне байланысты. Оған қазіргідей курстың қажеті жоқ. Жәй ғана жаныңдағы үлкендерден өсе келе тәжірибе алсаң болғаны. Итальяндықтардың пиццасы мен түріктердің дөнерінен қай жері кем? Расымен де, халқымыздың ұлттық тағамдары нағыз отандық бренд болуға лайықты ғой.
– Бала күнімнен осы ауыл тіршілігіне араласа бастадым. Үлкендерден үйрен­дік. Қатарластарымызбен тәжірибе ал­мас­тық. Қазір қолым қалт етсе айран-құртымды әзірлеймін. Оның өзі немере-шөберелерімнен артылмайды. Жас келді. Қазанжаппай жасауға шамам келмейді. Денсаулық та сыр бергендей, – дейді 75 жастағы әжей өткеніне көз жүгіртіп.  
Иә, Дәмелі Қолдасбаева – 20 жыл сауыншы болған еңбек адамы. Жолдасы Серік Әлжановпен бірге 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеген Батыр ана. Бір перзентінен айырылса да қызды құтты орнына қондырды, ұлдары өнегелі отбасы. Өмірдегі ең жақсы жетістігі де осы – ұрпақтары. «Алтын алқа», «Озат сауыншы», Социалистік жарыстың жеңім­пазы, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, сол кездері аудандық кеңестердің депутаты болып сайланған Батыр ана облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер. Бүгінде ол немере-шөберелерінің ортасында бақытқа кенелуде. 
– Қазіргі жастар білсе екен деймін. Не нәрсе болса да оңай жолмен келмейді. Тек тырыштану керек, еңбек ету қажет. Заман дамып жатыр дейміз ғой. Ендігі біз қартайған шақта оған ілесе де алмаймыз. Десе де қазіргі буын соны меңгере отырып, өткенін, тарихын ұмытпаса. Мына қалтадағы менің осы кезге дейінгі жетістігім. Барлығын жоғалтпай сақтап келемін. Мен кетсем бұл жан-жақта шашылып жатпаса деген ниет қой менікі. Кейде бұл көне парақтар кімге керек деп ой түбіне батамын. Кейінгі ұрпағыма бұл дүниелерім құндылық болып сақталса деген арманым бар, – дейді Дәмелі әже.
Түйін.
Біз аңсаған, иісі мұрнымызға келген қазанжаппайдың дәмін таттық. Одан бөлек маңызды дүние­лерге де көз жеткіздік. Дәмелі Қолдасбаеваның бізге айтқан өсиеті, елге жасаған өнегесі осыған дәлел. Иә, біз нағыз ауылдың тіршілігін сезіндік. Тарихына көз жүгірттік. Одан асқан не керек?
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
21 маусым 2019 ж. 1 923 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031