» » Сәрке батыр

Сәрке батыр

qarmaqshy-tany.kz Табын Өмірқұл бай XVII ғасырдың 90-жылдарында Табын Өмірқұл бай қазіргі Ташкент қаласының төңірегінде жаз жайлауда отыратын. Замандастарының айту дерегінде Өмірқұл байға 400 мың жылқы бітіпті. Жерден-жерге, таудан-тауға сыймай жататын ылғи көкала, шұбар жылқының иесі болыпты. Өмірқұлдың замандастары бай жылқысының көптігін былай суреттейді: “Түнімен салқындап, жайылымда жайылған бай жылқысы сәске түсте суға кұлайтын. Шыршық өзенінен жабыла су ішкенде өзен ақпай, кесіліп қалатын болған”.
Иә, осыншама орасан көп малдың иесі армансыз болмайтын. Өмірқұл байдың балалары баршылық болғанымен, іс-әрекеттеріне, мінез-құлықтарына кеуілі толмай, іштей тынып, шерменде болып жүретін-ді. Сол Өмірқұл бай заманында қазақ ордасы, әз Тәуке хан ордасы “Күлтөбе” деген жерге тұрақтанған-ды. Бұл төбенің “Күлтөбе” атану себебі сол замандарда түнемелік жан-жақтағы ел мен әскери қолбасыларға төбелер басына от жағу арқылы белгі беріп, бұйрықтар жеткізілетін. Сондай бұйрықтар мен тағы басқа жарлықтарды сол заманда оттың көлемінен, жарықтың санына қарай түсінетін.
Әз Тәуке хан ордасының қасында биік сары төбе болған. Осы төбенің басына отты өртей-өртей күлі көбейіп "Күлтөбе" атанады. "Күлтөбенің басында күнде жиын болып", қазіргі тілмен айтқанда, қазақтың парламенті жұмыс жасаған. Мемлекеттік маңызды хаттамалар, ханның бұйрық, жарлықтары зерттеліп, ой електерінен өткізілетін. Парламент үш беттен шақырылған (оң, сол, орта) 99 биден құралатын. Әр беттен 33 би келетін. Осы 33 бидің ішінен бір төбе би сайланып, 96 бидің кеңесін үш төбе би ретке келтіріп отырған. Ал енді оң бет, орта беттің мәніне тереңірек үңілейік. Қазақ бетін Темірқазыққа беріп, арқасын күнге шалдырса, оң беті шығыс темірқазыққа қараған беті орта, сол беті батыс болады емес пе? Енді тереңірек барсақ, қазекем бетті "жүз" деп те атайды ғой. "Жүзі жылы жан екен" демейміз бе? Енді әрірек үңілсек, түркі халықтары оңды ұлық, солды кішік, ортаны орта демей ме? (Оғыз қағанның баянын оқылық). Әрі қарай ойды өрбіте түссек, оң жүзі "ұлы", темірқазық жұлдыз беті "орта", сол жүзі "кішік" болып шығады. Ілгері замандарда қазақтың кең даласына басы сыйса да, мал жайылымдары тарлық етіп отырған. Жайылымдарға таласып, жанжалдасып, соғысып, адам шығындары болып отыратын. Сондықтан жиындар шақырылып, келісіліп, әрбір ру, тайпаның жайылым жерлерінің шекарасы анықталып, хатталып, бекітілген. Қоныстас отырған ру, тайпалар сол, ұлы әдепкі жайылымдар, шекарасы бекітілген кезде отырған жерінің аймағында, жүзінде қалды (жер жүзі деген сөзді еске ал). "Туыстан қоныстас жақын" деген қанатты сөз де сол тұстардан қалды.
Ұлы, Орта, Кіші жүздің мәнін түсінгендей болдық. Сонымен әр беттен, жүзден 33 би келіп "Күлтөбеде" кеңесіп, әр 33 биден бір төбе би сайланып, қалған 32 бидің жұмысын бақылады. Олар – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер. Хан, Пір, Билер маңызды ұйғарымға келген жағдайда Пір Шейх Мүсірәлі батасымен бекітеді. Пірдің батасы бұзылмайды. Бұзған ел оңбайды, "әруақ" атады делінген. Біз Әз Тәуке хан тұсындағы елді басқару жүйесін бағдарлағандай болдық.
Бастапқы әңгімеміздегі Табын Өмірқұл байға келейік. Өмірқұл байдың қисапсыз көп жылқысынан Әз Тәуке ханның әскеріне ат даярланатын. Жылқыны тай күнінен тасқа байлап, әскери әдіске, мініске үйрететін. “Бестісінде” ханның арнайы кісілері келіп, таңба салып, сыннан өткенін сатып алатын. Күндердің бірінде Өмірқұл бай туыстарына, хан ордасына бармаққа ойы барын жариялап, даярлық жүргізеді. Қысырақтардың үйірін дайындап ханға, пірге деп Күлтөбеге айдайды. Төрт түлік малдан кеңестегі билерге сыбаға атап, даярлап саба-саба қымызын жібереді. Тағы да басқа сияпаттарын алып, Өмірқұл бай Ордаға аттанады. Ордадағы Пір Шейх Мүсірәлі сый-сияпатты қабылдап, халыққа бөліп береді. Содан Өмірқұл байдың бұйымтайын сұрапты. Өмірқұл бай соншама мал-жанның иесі етуші, есен-амандығын сақтаушы бір Аллаға разы екендігін айта отырып, өзінен туған балаларының момын болып, Құдай берген малға ие боларлық ұлдың болмағанын айтып, басын иіпті. Сонда Мүсірәлі Пір: “Бір Аллаға сыйынып, “Сәркедей ұл берді, ел бастайтын, Қарқарадай қыз берді, көш бастайтын» деп Аллаға разы бол», - деп, бетін сипапты. «Алла қосса келер жылдары балалы боларсың, ұлдың атын Сәрке, қыздың атын Қарқара атарсың, Алланың ризалығымен Сәркеге бересің» деп қолына «жасыл» туды ұстатыпты.
Өмірқұл бай қуана-қуана еліне қайтады. Әулие Мүсірәлі айтқандай, ХVII ғасырдың 90-жылдарында Өмірқұлдың әйелі қыз туып, қыздың атын Қарқара, онан соң ұл туып, атын Сәрке атапты. Өмірқұл бай баласы Сәрке мен қызы Қарқараға қазақи кұнарлы тәрбие беріп, Бұқара мен Үргеніштен оқымысты кісілер алдырып оқытады. Сәрке мен Қарқара өте зерек, шалт қимылды, алымды балалар болады. Қаз тұрып жүргеннен бастап балаларды ат арқасына айылдап таңып, ашамайға отырғызады. Келе-келе ат құлағында ойнайтын нағыз шабандоздар болыпты. Бір күндері Өмірқұл бай Алаштың ең қадірменді ақсақал-қолбасшылары қарт Текей батырды, Әз Тәуке ханның жасынан тәрбиешісі болған “Аталық” Бидас батырды қонаққа шақырады. Қонақтары Текей мен Бидасты Өмірқұл бай бірнеше күндер аялдатып, тынықтырып, кеуілдерін сергітеді. Олар ауыл балаларының өнер-білімін көріп, тамашалап бір жасап қалады. Текей, Бидас ақсақалдар Сәрке мен Қарқара қыздың өнер-білімін қызыға тамашалап, қатты разы болыпты. Екі баланың келешегіне үміт артып, батасын береді.
Соңыра екі баланы өздері ұйымдастырған Ордадағы әскери мектепке алдырады. Бұл мектепте даңққа бөленген қолбасшылар, соғыс өнерін үйрететін, ғылымды, сопылық ілімнің қыр-сырын ұқтыратын оқымыстылар дәріс берді. Мектеп қабырғасында тәліп болған Әбілқайыр, Абылай, Бөкенбай, Есет, Сәрке, Есенгелді, Бәйтен, Сәлтеке, Тайлақ, Майдан, Рысымбет, Қабай, Кеген, Жәнібек, Қожаберген, Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, т.б. қолбасшылар мектеп тәрбиесінен өтті. Бұл мектепті алғаш ұйымдастырушы әз Тәуке ханның тәрбиешісі, орысша айтқанда “регенті” Бидас Аталық болатын. Ол осы мектептің өле-өлгенше қамқоршысы болды. Мектепті толық оқып, сардар дәрежесін алған Сәрке мен Қарқара қыз соғыс өнерінің нағыз қаһарман білгірі болып жетілді. Қарқара қыз талай шайқастарға қатысып, қаһармандықпен соғысып, қол бастады. Кейін Табын тайпасының өздерімен қыз алысатын руына ұзатылып, Барақ, Асау атты қазақ батырларын дүниеге келтірді.
БАТЫР ҚАРҚАРА ӨМІРҚҰЛҚЫЗЫ
Мүсірәлі пірдің бата, ықыласынан болған Қарқара қыз өте алғыр, білімді болып, қатарынан оза туады. Жасынан жорықтарға қатысып, жауына есесін жібермейді. Қыз 17-ге келгенде “Қарақойлы” табында Сатыпалды дейтін бай Өмірқұл байға кұда түсіп, Қарқараны алады. Ұзатылып кетер кезінде Қарқара еркеліктен Шейх Мүсірәлінің Сәркеге арнап берген “жасыл” туын жасау ішіне салып өзімен алып кетеді. Бұл уақиғадан бейхабар бала Сәрке құрбы-құрдастарымен ойнап-күліп, алаңсыз өсіп келе жатады. Аса қарулы, қысқанда сүйек сындыратын шалт қимылды Сәркенің ойынынан қатарлары мертігіп қала беріпті. Сондай сәттердің бірінде, мертіккен баланың шешесі баласына ара түсіп, Сәркеге:
– Босқа алысып, қағынғанша, ана Қарқараның жасауымен кеткен туыңды барып алмайсың ба?! – депті.
Әлгі сөздің анық-қанығына жеткен соң Сәрке Шейх Мүсірәлі берген «жасыл» туды қуып, апасы Қарқараның ауылына жол тартады. Сағынысып табысқан апа-жездесінің төрінде аунап-қунап біраз күн жатады.
Апасы Қарқараға Сәрке Мүсірәлі әулие берген “жасыл” туды біраз бауырында сақтап мауқын басқанын, ендігі жерде өзінің ер жеткенін, туына келгенін айтады.
Қарқара батыр ағынан жарылып, қасиетті туды азамат болған Сәркеге табыстапты.
Соңыра Сәрке жарықтық теңдессіз ерлік жасап, соғыста мерт болған соң Қарқара Сәркеге бата жасап, төркін жұртына кеуіл айта келіп Сәркенің «жасыл» туын қалап алыпты!
Кейіннен Қарқара ұлы Барақ батырдың «жасыл тулы» атануы содан болды.
Батыр Барақ Сатыпалдыұлы “Барақ” дастанында екі шумақ жыр айтады. Онда:
Бір Алланың құлымын,
Мұхаммедтің үмбеті
Шын мұсылманның өзімін.
Атамның атын айтайын,
Сатыпалды ұлымын.
Шешемнің аты Қарқара,
Барақ болып туыппын.
Нағашым Сәрке батырды
Қарсыласқан жауларын
Қонысынан аударған
Белгілі ердің сойымын.
***
Кіші жүздің ішінде
Табын дейді затымды.
Сатыпалды баласы
Барақ дейді атымды.
Шешемнің аты Қарқара
Жібермен жауға ақымды.
Алты Алашқа белгілі
Нағашым Сәрке батырды, – деуі Сәркенің қандай тұлға болғанын меңзеп, ұлы батырдың бейнесін көз алдымызға келтіреді.
СӘРКЕ БАТЫРДЫҢ СОҢҒЫ ШАЙҚАСЫ
"Ақтабан шұбырынды" атанған қазақ халқына келген босуды басынан өткеріп, әдепкі күннен бастап зұлым жаумен айқасқа түскен Сәрке батыр – өмірінің соңғы минутына дейін белін шешпеген қазақтың хас батырының бірі.
Шамамен 1720-1730 жылдар аралығындағы қалмақ бектері Жоршын мен Тайшы бастаған 35 мыңдық қалмақ қолы шегінген қазақ қолын өкшелеп, қазіргі Жезқазған өңіріндегі Білеуті, Бұланты өзендерінен өтіп, Қарақұмның "Ұлы құмындағы" қорыс, жықпыл-жықпыл құмға дендеп кіреді. Қазақ қолын басқарып келе жатқан Әбілқайыр ханның қалмақты құмға енгізу арманы еді.
"Ұлы құмда" ат бауырын жазып, соғыс салатын кеңіс дала болмайтын. Бір-бірінен аумайтын өркеш-өркеш құмдар қазақ баласын құтқаратын нағыз қорған деседі. Қалмақтар мұндай жан-жағын бағдарлауы қиын, қорыс, ат бауырын жаздырмайтын құмда соғыс жүргізуге даяр емес-ті. Бұл жағдай дамылсыз соғыста келе жатқан қазақ қолбасшысына бір сәт стратегиялық ойға берілуге кеңшілік тудырады. Әбілқайыр хан кеңес жүргізе отырып, оң шешімге келеді.
Сәрке батырмен оңаша қалып, батырға қол астындағы Кіші жүз Жетіру қазақтарынан құралған жеті мың әскерімен тосқауылда қалуына бұйрық береді. Әбілқайырхан бұйырады: "Сәрке батыр, мына қалың қалмақты он екі күн осы жерден жылжытпайсың. Құдай қалап, амандықта болсам, мен де жетермін", – дейді. Сонда Сәрке: "Хан, он екі күнің ұзақ қой біздің жаназамызды шығарып кет", – дейді. Хан Әбілқайыр осы жердегі молдаға жеті мың адамның жаназасын тірілей шығартады.
Сәрке күрең жүзді, күрең көзді, күрең қызыл шашты, сом-сом денелі, шырайлы жігіт болды. Қорқуды білмейтін, жеке-дара ер болатын. Сонымен қасиетті "жасыл" туды ақбет Есенгелді батыр мен Шейх Мүсірәлі ұрпағы Ер Уәлі ұстайтын болды. Әбілқайыр хан Табын Бөкенбай батыр мен Тама Есет батырды кеңесші ағалыққа даярлады. Елу басылар қара Кете Ұлтай мен Кегенді жүз адамымен, Кішкене Шекті Киікбайдың елу адамымен, Табын Бәйтенді, Сәрке батырдың жанпейіл қорғаушысы, етіп қалдырады. Қалған әскерімен Әбілқайыр Арқадан ауып, Қарақұмның қойнына кірген, одан әрі Жаңадария, Сыр бойына еніп кеткен. Аралдың қолтық-қолтығындағы қазақ жұртының артынан ат шаптырып, кеудесінде жаны бар қазақ маған жетсін дейді. Нұрадағы Алтықұдық, Қыземшек, Бәйбіше тауының етегіне ту тігеді. Осы жерде отырып, әскер жиып қанды соғысқа дайындық жүргізеді.
Сәрке батыр өзі тосқауылда қалған «Шилі» деген жерде қалмақтың сілесін қатырып, қаша ұрысқа салып, құмға обықтырып, артынан орағыта тиіп, бірден көп әскер жұмсауға мүмкіндігі жоқ төбе-төбеге тығып, үлкен жеңіске жетіп, әбден мейманасы тасыған қалмақты тоба қазығына таяды. Қазақтың шексіз көп әскеріне жолықтық деп құмға кіріп, арандап қалғандарын Жоршын мен Тайшы кештеу сезеді. Енді қалмақтар құмдағы әскеріне Бұланты, Білеуті өзендеріне қарай шегінуіне бұйрық береді. Сәрке батырдың әскербасы батырлары қалмақтың алдын орап, еркін шегінуге мүмкіндік бермейді. Осылай күні-түні жүргізілген соғыста он екі күн өтеді. Қалмақ болмаған қырғынға ұшырап, Сәрке бастаған қазақтың да қатары сиреп, күнбе-күн, сағат сайын әлсірей бастайды, он бес күн өтеді. Қалмақтар бас көзге қарамай шегініп, Бұланты өзенінің жағасындағы биік төбенің басынан Жоршын мен Тайшы майдан даласына қарап тұрып Сәркенің соғыс өнеріне, ат төбеліндей қазақтың қалмаққа бөрідей тиіп жүргеніне таңдай қағады. Бұл қазақ Сәркенің қалмақ қолымен он жетінші күнгі шайқасы еді. Кейін Бұланты өзеніндегі Сары Төбе «Сәркенің сары төбесі» делініп, басына ақ тас қойылады.
Сәрке жарықтық ақырғы шабуылына шығып, қалмақтың қалың әскерін бұза-жара Сары төбенің басындағы қалмақ бектеріне тура салады. Төбе басында тұрған Жоршынның қақ жүрегінен көк сүңгіні қадап үлгерген Сәрке батыр мойнынан тиген оқтан ат жалын құшып қалады. Ат жалын құшқан қолбасшының тізгіні қолына тиген Есенғұл атты жетегіне алып «Алаштап айқайды салады» дейді. Бұларды байқап қалған Кеген мен Шымырбай, Алтын Сәлтеке батыр, Шекті Киікбай Сәркені қорғанына алып жүреді. Он жетінші күнгі айқас кезінде Әбілқайыр хан да жеткен еді. Сәрке батырдың серіктерінен санаулы адам тірі қалады. Өзі мойынынан алған жарақаттан мерт болады. (Сүйегін «Шиліде» аманатқа қалдырып, жыл өте Қорқыт ата қорымына әкелдіріп жерлепті).
Әбілқайыр хан жетісімен қалмақты Білеуті (Қалмаққырған) өзеніне тықсырып, жарға жығып, шыбындай қырады. Осы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, «қалмақты да жеңуге болады екен-ау!» деген ойға бекітіп, жүректеріне сенім орнатады. Ол тарихта «Қалмаққырған» шайқасы деген атпен қалды. Бұл қаһарлы соғыс бас-аяғы отыз алты күнге созылып, қазақтың толық жеңісімен аяқталады.
Қара Кете Құлыс дуан аталығынан тарайтын Маябастың Дүрмәні Ұлытау жағынан ХІХ ғасырдың аяғында Қарақұмға құлап келе жатып Сәрке қырғынының үстінен өтеді.
Дүрмән атамыз 1950 жылы біздің үйде отырып айтқан тарихи әңгімесінде Сәркенің жеті мың әскерінің бетін жапқан топырақты жел ашып, мыңдаған бастар түйенің басындай сап-сары болып шығып жатқан жерінің үстінен шығады. Дуан Құлыс Дүрмән ақсақал сол жердегі түйелерін шөгеріп, азықтарын түсіріп, мал шалып, құдай жолы береді. Дүрмән атамыздың естелігі Тама Мұратбай көпестің 1940 жылы айтқан мәлімдемесімен сәйкес келеді. Сондықтан қал-қадірімізше осы жолдарды жаздық.
Шоңбай Жұбанұлының шежіресіндегі мына жолдар да осыны дәлелдейді:
Өтеуден туған екен Өмірқұл бай,
Асулы ет қазанында, қайнаулы шай.
Қареке, Қалман менен Құлшық туып,
Сәркені үшеуінен көріпті жай.
Былайғы үш баласы момын болып,
Әркімдер бір билепті олжасындай.
Осыны Өмірқұл бай азар көріп,
Сопыны мазалаған барып қоймай.
Келеден – бура, жылқыдан – айғыр алып,
Тірілей дізіп барған бірін соймай,
Тілегің осы болса депті Пірі,
Қыз бердім қол бастайтын Қарқарадай.
Ұл бердім ел бастайтын Сәрке деген,
Кідірмей қайт депті енді мазамды алмай.
Сол Сәрке батыр болды жұртқа мәлім,
Талайдың кетірген ол суға салын.
Қалмақпен, Қоқан менен Қарақалпақ,
Күйзелтіп олжа етіп алған малын.
Қалмақпен қарсыласып неше жылдай,
Айдатып алған екен жан мен барын.
Әз-сопы Мүсірәлі бергеннен соң,
Дұшпанға тарттырыпты қайғы-зарын.
Сәрке батыр қазақ халқының біртуар, қайталанбас тұлғасы. 1720-1770 жылдар аралығында Бұланты, Білеуті өзендері мен Қарақұмда болған қазақ, қалмақ арасында өткен қырғында мерт болды.
Бұл жерде үш жүздің Пірі Шейх Мүсірәлінің іште пітана болмаған шаранаға, тіпті бойға бітпеген балаға үміт артқанын, оның болашағын көргенін, әкесі Өмірқұлға «жасыл» туды бергенін біліп отырмыз. Ел тағдырын шешкен «баба» ісіне қазақ халқы разы болса, әулие атаның разы екендігіне шүбә бар ма?! Олай болса қазақ халқының даңқты әулиесінің теңдессіз ерлігін мойындап, бағасын беретін кез келді.
Майдан ТҮЙІМБЕТОВ
01 ақпан 2023 ж. 532 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031