» » Қасиетіңнен айналдым, қара қазан

Қасиетіңнен айналдым, қара қазан

Әлеуметтік желіні парақтап отырсақ, түрлі нәрсеге кезігеріміз анық. Инстаграм желісінде ауылын аңсаған бір қолданушы қазанның суретін жариялап, туған мекенге деген сағынышын жеткізіпті. Бала күнімізден бері көріп өскен кәдімгі қара қазан. Бұл сурет бізге таңсық болмағанымен, пікірлерге көз салсақ көңілің құлазиды. Қазанның қадірін білмейтіндердің қатары көп екенін аңғарасың. «Мынадан қалай тамақ ішуге болады?» деген пікір иесіне біршама адам жауап қайтарып та үлгеріпті. Қазанның қазақ үшін қасиетті болуының мәніне үңіліп көрсек.
«Халық айтса, қалт айтпайды» дейді бабаларымыз. Бүкіл ырым-тыйымның астарына зер салып қарар болсақ, дүниедегі бар қауіп-қатерден сақтандырып кеткенін байқайсың. Шындығында қазақ халқы тілге бай, ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа берік, оны қалт жібермей қатаң сақтайтын халық. Сонымен қоса, өзіндік тәрбиелік маңызы зор, ырым-ты­йымдары бар. Солардың бірі – «қара шаңырақ», «қара қазанды» қастерлеу. Бұл екеуі бір-бірінен ажырамайтын қасиетті егіз ұғым. Мәселен, халқымыздың «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деген қанатты сөзінің астарына зер салсақ елу жылда елдің адамдары өзгеріп жаңа буын келеді, ал жүз жылға дейін «қасиетті қара қазан сақталады, ол ұрпақтың иелігіне өтіп, қазанды ұстайтын сол қара шаңырақтың ұрпағы болады дегенді білдіреді. Кей кезде жас баланы тіл-көзден сақтау үшін оның маңдайына қара қазанның күйесін жағып қояды. Өйткені, қара қазан – үйдің ырысы-берекесі.
Сондай-ақ, қазанға «қара» сөзінің жалғануында да үлкен мән бар. «Қара» сөзінің өзі «қасиетті» деген мағынаны білдіреді. Оны «қара шаңырақ», «қара домбыра», «қара қазан», «қара нан» сөздерінен аңғарамыз. Қазақ халқында қара қазанға қатысты ырымдар көп. Қандай қиын-қыстау күнде де, қазақ қара қазанын ескi жұртқа тастамаған, тiптi алып жүру мүмкiн болмаған жағдайда қазанға өзiнiң ырымын жасап көмiп кетiп отырған. Ондағы мақсаты үйден қазан кетсе «ырыс-несiбемiз, құтымыз кетедi» деп есептеген. Қазанды сыйға бермеудің себебі де осы. Қазақтың дауылпаз ақыны Махамбет батыр да «Қара қазан, сары баланың қамы үшiн» деп атқа мiнгенін жырлады емес пе? Ата-бабамыз үшін тіршіліктің қайнар көзіне айналған қара қазанның құны жоғары. Себебі, бұл қара қазан – талай қазақты аштықтан, жаугершілік кезеңде өлімнен аман алып қалды. Қазан астына жасырылған баладан қаншама ұрпақ өсіп өнді.
Қазанға қатысты тағы бір ырым – көне зираттарда төңкерілген қазанның жатуы. Бұл – марқұмның артында тұяғы қалмады, оты өшті дегенді білдіреді. Иә, артында мирасқоры қалмаған соң, қара қазанын басына төңкеріп кетеді екен. Ата-әжелеріміздің «Қазанды төңкерме» деуінің астары осында жатса керек. Қайтыс болған адамның моласы бұзылса, түске кіріп мазаласа, басына қазан апарып қойған. Сол сияқты, қайтқан кісінің соңынан тұқымдары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, құран оқытып, басына қазан төңкерткен.
Сонымен қатар, ертеректе суға батып кеткен адамды қазан арқылы тапқан. Адам суға кетсе, үйіндегі қазанын төңкеріп суға жібереді. Сонда әлгі қазан адам батқан жерді айнала жүзіп тұрады деседі. Осылайша жоғалған адамды тауып алған.
Ислам дінінде де қазанның орны бөлек. Бұған дәлел ретінде Түркістандағы тайқазанды айта аламыз. Бұл тайқазан – берік дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан көне мұра. Тайқазан 1399 жылы сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйылған. «Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла тағала жұмақта оған арнап хауыз да­йындайды» деген хадис бар. Соған қарағанда бұл тайқазан кесененің бір бұрышына жай жәдігер ретінде қою үшін емес, осы хадиске амал ету үшін жасалған сияқты.
Қазақ қазанды береке мен бірліктің белгісі санағандықтан, мұндай алып қазанды билеушілер мен әскербасылардың қабіріне де қойған. Зиярат етіп келген адам қазандағы суды ішіп шөлін басып, қабір иесіне дұға бағыштаған. Бейіт басындағы қазанға қарап, марқұмның жай адам емес, ел билеген көсем, жау жапырған батыр болғанын білген.
Қазанды қастерлеген қазақ халқы қыз жасауына қазан қоспаған. Бұл – баламнан немере, одан кейін жеті ұрпағыма табысталатын құнды дүние деп қараған. Жас жұбайлар еншісін алып бөлек шыққанда да, «қазанды өздерің сатып алыңдар, сонда берекелі болады» деп жатады. Мұның астарында да жаңа шаңырақтың киесі саналатын қазанға баса мән беріледі. Үлкен кісілердің «Қазанға салатының болмаса, ең болмаса су құйып қайнат, қазаның қаңсып бос тұрмасын» дегенін де жиі естиміз. Мұның мәні үйіңнен береке, ырыс кетпесін, қадірлі қонағың төріңе жиі келіп, қазаның оттан түспесін дегенді білдіреді. Өзімізді «қазаны оттан түспеген» халықпыз деп әспеттейтініміз де осыдан қалса керек.
Түптеп келгенде, қара қазан – татулықтың, береке-бiрлiктiң символы. Ендеше, қара халықтың асыраушысы, қасиет тұнған қара қазанды қастерлей білейік.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
08 ақпан 2022 ж. 1 350 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031