» » «Асатудың» астарына үңілсек...

«Асатудың» астарына үңілсек...

Бала күнімізде ет асылып, желінген соң, атам үнемі бізге ет асататын. Соны қызық көріп, атымызды қашан атап қалар екен деп тағатсыздана күтетінбіз. Аталмай қалсақ, көп дүниеден құр қалғандай көңіліміз түсетін. Мәнін білмесек те, дәстүрге құрметпен қарайтынбыз. Ата салтты ұрпағына үйреткен қазыналы қарттарым-ай... Әжем де «үлкен кісі асатқанда «құлыға» деп жеу қажет. Одан бас тартқаның сыйламағанның белгісі» деп құлағымызға құйған. Санаға сіңген дәстүрді бұл күнде кездестіре бермейміз.
Халқымыз ежелден бері асты жоғары бағалап, оны қастерлей білген. «Сары бала мен қара қазанның қамы үшін» деген сөз тіркестің әлі күнге өміршеңдігін жоймай келе жатқаны соның дәлелі. Келген қонақ пен ауыл-аймаққа ас тартуға қатысты түрлі дәстүр де бар. «Ерулік беру», «дәмнен ауыз тию», «қазан шегелеу» сияқты салттарға аса мән берген халықтың асату дәстүрі де сол бір сыйластықтың шеңберімен сабақтасады. Ақсақалдар кішілерге табақтағы еттің сыбағалы мүшесінен дәм таттыру арқылы өзінің ілтипатын білдірген. Осы салтты «асату» деп атаған. Ел үлкендері өзінің көңілі қалаған жанды шақыртып алып, осы дәстүр арқылы ерекше ықыласын білдірсе, келіндеріне арнайы ыдысқа салып берген. Үлкенге деген шексіз құрмет пен алғыстың белгісі ретінде әулет келіндері ас ұсынған жанға арнайылап иіліп сәлем салатын болған. Бұл жөнінде сексеннің сеңгіріне шыққан, аталы сөзден тосылмайтын Молдабек Көбеев ақсақал:
– Қазақ халқында үйге келген әрбір адам қонақ саналып, дәмнен ауыз тиюі қажет. Бұл әдет ықылым заманнан бері бар. Ол қонаққа, асқа деген ерекше ықыласты білдірген. Асату кезінде жасы кішілер мен ақсақалдар бір-біріне құрмет білдірген. Ал жастар кішіпейілділігін көрсеткен, тәрбиелік мәні де осында. Жасы кішкентайлар асатудан ешқашан бас тартпаған. Егер бас тартса, құрметсіздік көрсеткені деп түсінген. Бүгінде кей жастар бұл дәстүрден жерініп, гигиенаға сай емес деп те жатады. Меніңше бұл дәстүрді керісінше, жаңғырту қажет, – дейді ол.
Ал тарихшылар асату салтының үлкен мен кішілер арасында ғана емес, келіндерге де қатысты орындалатынын айтады. Бұл сәлем салуға ұқсас салт. Ерекшелігі абысындардың бір бөлігі оған еттің бір бөлігін беріп, сенің сыбағаң деп батасын берген. Артынша жас келін жілік берген адамға сәлем салған. Кейбіреулер асату салтынан соң бірден «абысын асын» өткізген.
Тағы бір деректерде, ХІХ ғасырдың соңына дейін Қазақстанның шығыс өңірлерінде келген қонақты еттен үш түйірден қатарласа асату дәстүрі болған деседі. Қонақ үш түйір етті бірден асай алмаса, ренжіп қалады екен. Ал асатуға берген ет үш түйірден көп болып, және оған қақалып қалса, үй иесі айыппұл төлейтін болған. Ал айыппұл құны 100 жылқыны құраған. Осыдан-ақ бұл дәстүрдің қазақ қоғамы үшін салмағы зор екенін аңғаруға болады.
Ұлт мұрасын насихаттап, ұрпаққа үлгі еткен Сәбит Мұқанов та асату дәстүріне ерекше тоқталған. Ол өз кітабында «Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанда, төрде отырған ақсақал етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін-ді» дейді. Сондай-ақ аталған кітапта «Келіп менің бата алып, көп жасағым, өз қолынан Сәбеңнің ет асадым» деп келетін өлең жолдары кездеседі. Демек бабалар салған ізбен жүріп, қазақы қалпымызды бұзбаймыз десек, дастарқан басында сыйластықты арттыратын біз сөз еткен «асату» дәстүрін жиі ұстанып, санамызда жаңғыртып тұрғанымыз жөн болар.
А.СҮЛЕЙМЕНОВА
27 сәуір 2021 ж. 771 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031