» » Қыз – қасиет

Қыз – қасиет

ДАНА ҚАЗАҚ ҚЫЗ БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ МАҚАЛЫНДА "ҚЫЗДЫҢ ҚАБАҒЫНДА ҚҰТ БАР" НЕМЕСЕ "ҚЫЗДА ОТТАЙ ЫСТЫҚ МЕЙІР БАР" ДЕП ТӘМСІЛДЕЙДІ. ИӘ, ҰРПАҚ ӨРБІТУДЕ КЕЛЕШЕКТІҢ КЕЛБЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРЫП, ЕКІ ЕЛДІ ЖАҚЫНДАСТЫРАТЫН – ҚЫЗ БАЛАСЫ. ОСЫНЫ БІЛГЕН ТЕКТІ ХАЛҚЫМЫЗ ҚЫЗДЫҢ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІН, МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫ, ЖҮРІС-ТҰРЫСЫН БАСТЫ НАЗАРДА ҰСТАҒАН. ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА ҚЫЗДЫҢ ОРНЫ ҚАНДАЙ?
Заманында баба жұрт қыз баласы дүниеге келсе – жылқышы, ұл келсе – қойшы келді дейтін болған. Мұндағы мақсат – қыз арқылы өріс кеңейген. Яғни жылқының өрісі шалғайда, ат шаптырым жерде болған. Қайтармаса өрісті жағалап жүре берген. Ал қойдың өрісі ауыл іргесінен әрі аспаған. Үйге қайта айналып келгеннен кейін ер баланы осыған теңесе керек. Міне, осыдан кейін қызды құрметтеп, қадірлеген. Қазақ үшін қыз – ар, қыз – намыс, қыз – қасиет. Бірақ осылай қыз қасиетін асырып, құрмет көрсеткенімізбен оның ар мен намысын қорғай алып жүрміз бе? Байырғы қазақ қоғамындағы қыз бен бүгінгі қыз тәрбиесіндегі алшақтықты жиі көзбен көріп, естіп жүрміз. Бір сөзбен айтқанда, қыз қасиеті азайып бара жатқандай.
Бұрын халқымыз қыздың мінез-құлқымен қатар киім киісін де назардын тыс қалдырмаған. Үш-төрт жасынан-ақ қыз балаға бала білезік соқтырып, қолына таққан. Құлағына сырға, басына тақия кигізіп, тақиясына үкі, әр түрлі күміс моншақтармен әшекейлеген. Мұның барлығы – қыз баланы көз тиюден қорғау үшін. Ал қазір қалай? Қазір бұрымды қысқарттық, шетелге еліктеп қысқа киімдерге құмарттық. Ұлы сөзде ұят жоқ. Үстімізге жабысқан жабынымызбен ер атаулыны өзімізге қараттық. Осыдан кейін көз түскен жер қасиетін жоғалтуда. Қазақ қыз баласының сұлулығы мен қадір қасиетін жоғалтпас үшін мойнына «өңіржиек» алқасын тағып қойған. Кәдімгі бой тұмар есебі. Оның бір жағы әшекей алтын тастармен көмкерілсе, екінші жағына Құран тігілген. Ондағы мақсат – ер жігіттің көзі алқаға түссін дегені. Қазір көз тиюден түрлі дертке шалдығып жатқанымыз жасырын емес. Мәселен, кіндікке түскен көз бедеулікке әкеп соғуда. Себебі кіндік – жатыр тұсы. Ал жатыр бүкіл тіршіліктің бастауы. Ашық омыраудан обыр ауруы шықса, қысқа етектен жыныс аурулары көбеюде. Міне, көз түскен жер осылайша қасиетінен айырылып жатыр. Жалпы қазақта үш ауру болған. Олар көз, тұмау және тіл тию. Мәселен, көз тиюдің өзі кез келген адамға түспеген. Жарқырап отырған балаға, топ ішіндегі тұлпар жылқыға тиген. Тіпті қырқынан шықпаған сәбиді, әулие-әмбиелердің әйелдерін ер адамның көзіне түсірмей, әурет жерлерін жасырып, бетін тұмшалап ұстаған. Бір ғана мақсат – ер адамның көзі түсіп, қасиетін жоғалтпас үшін.
ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚЫЗДЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТЫП ЖҮР МЕ?
Бірді айтып, біріне кетеміз. Кино – әр ұлттың салт-дәстүрін, болмысын, әдет-ғұрпын, философиясын, ұстанымы мен тыныс-тіршілігін арқау етіп, сол арқылы ұлтын әлемге таныту үшін дүниеге келетін туынды. Мәселен, кәріс сериалынан жастардың тым ибалығын, бірақ шектен тыс шарап құмар екенін, түріктің картиналарынан «европалық адамгершіліктің кемдігі», ал үнді туындыларынан ескішілдік пен жаңашылдықтың күресін аңғарамыз. Ал бізде қалай? Бізде де бір кездері жұртты шулатқан кинолар көгілдір экраннан қымсынбай көрсетілді. Яғни қызын зорлаған әкені («Әке қорлығы»), арынан гөрі нәпсісін жоғары қойған келінді («Келін»), ақылсыз әрі арзан ойлы қазақы жігіт («Қайрат чемпион. Девственник») айта берсең ойды бұзатын сапасыз кинолар. Әйтеуір қазақ қыздарын өзге жұртқа қолжаулық етуден жалықпадық. Әрине жаһандану процесінің дәурені жүріп жатқанымен, қанымыз бір қазақ қызына алаңдамай жатқандай күй кештіруде. Осыдан кейін қазақ қызының беделін қалай көтереміз?
Бұрын «Қызға қырық үйден ты­йым» деген асыл сөз ұлттық тәрбиеде жиі айтылған. Қыз бала тәрбиесіне тек ата-анасы емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт жауапты қараған. Қызды тыйып ұстау барлық нәрседен қағу емес, тәрбиелі, ибалы, инабатты болып өсуіне жол ашу, бағыт бағдар көрсету. Қыздың намысы – бүкіл бір ұлттың намысы екенін түсіндіре білген. Тіпті сол үшін де бір рулы ел атқа қонған. Осыны сезінген есті қыз етегін қымтап ұстап, ар мен ибаны жоғары қоя білген.
СӘУЛІМ ЖАС САРҒАЙЫП БАРАДЫ
Әнеугүні жасы келген танысыма ойда жоқта бір сауалды қойып қалдым. «Сен жүре бересің бе, қашан тұрмыс құрасың? Жігіт деген көп емес пе?» демеймін бе. Естіген жауабым мынау болды. «Ой, уақыт жоқ, қоя тұр, бітіретін шаруа көп. Жігіт қашпас» деді дым саспастан. Бұдан кейін не дейін? Қазір осындай сөздерді сылтау етіп, оң босағада отырып қалған қыздарымыз көбейіп жатыр. Алдымен жұмыс істеп, көтерілейін дейді көп өрен, сосын көгерем. Айтатыны осы.
Бұлай асықпаудың негізгі екі себебі бар. Әуелгісі келін болып түсетін үйіне «ұялмай» баратын деңгейге жету. Бұл қазіргі қыздардың әдетке айналдырып алған үрдісі. Алдымен оқу оқиды, содан соң жұмыс істеп карьера қуалайды, көлік мінеді, үй алады. Ал күйеуге шығу соңғы орында. Бұрын ата-бабамыз оң босағада отырып, бала табуды арына түскен сызат санаса, бүгінгі ұрпақ сол ұстанымнан тайқып жатқанын білер ме екен? Осыдан біраз жыл бұрын демограф Мақаш Тәтімов көзі тірісінде кезіндегі Сталиннің саясатына сүйеніп "Бойдақ салығын қайта енгізу керек" деп ұсыныс айтқан болатын. Олай деуіне негізгі себеп, елдегі сүрбойдақтардың санының көбейіп бара жатқанына алаңдап, дабыл қақты. Қазір де бұл көрсеткіш көбеймесе азаймай тұр. Осыдан кейін әлгі салықты қолға алсақ қалай деген ой түртпектейді. Иә, түптеп келгенде кәрі қыздарды түгелдей теріс ағашқа мінгізіп жіберуден аулақпыз. Дегенмен карьера қуып, мансап, байлық, қызмет деп жүргенде, көз байланып, пешенеңізге жазылған жанды байқамай қалып жүрмеңіз.
ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ ҚАРАҢҒЫЛЫҚ ПА?
Бұл тақырып бұған дейін де сан мәрте қаузалып келді. Құлақ асқан оқырманға салттың дұрыс жағын да айттық, жөнсіз әкеткенге бұрыс жағын басып айттық. Қыз алып қашу арқылы бұрындары әлеуметтік мәселелерді шешіп отырған. Ол қандай мәселе дейсіз ғой? Оң босағада отырған қыздар болмаған. Қыз сәулім жасқа келгенде тұрмысқа шыққан. Мәселен, екі жас бірін-бірі қатты ұнатып тұр. Жігіт үйленейін десе төлейтін қалың малы жоқ. Не істейді? Содан түнде ұрын барып қызды алып қашқан. Тағы бір мәселе қызды әкелері кішкентайынан бесікте немесе құрсақта жатқаннан-ақ атастырған ғой. Бірақ қыз бала өсе келе басқа ауылдың жігітін, жігіт қызды ұнатып, бір-бірін сүйіп қалған. Енді не істемек керек? Екеуінің сезімі өшіп қалу керек пе? Жоқ, бұл жерде қыздың келісімі болған. Алып қашудың төркінінде қыздың сезімі бар. Жалпы бұрын қазақта бекзаттық дүние болған. Патша үкіметіне қосылғанға дейін бекзадалықты ұстанған. Қазақта ең ауыр жаза – үш найзаға отыру, бетке түкіру. Өлтіру емес. Мәселен, Махамбеттің басын алған Ықыластың бетіне ел түкірген. Ықылас қай жерге барса, сол жерде отырған жұрт тұрып кеткен. Яғни елге құрметсіз болған. Міне сондай бір бекзадалық болды қазақта. Ал патша үкіметі келіп, одан кейін артынан Кеңес орнағанда қазақтың бай шонжарларын, оқыған-тоқыған зиялы адамдарын құртты. Осыдан кейін бойымыздағы бекзаттықты, асыл қасиетімізді жоғалттық. Осының кесірінен қыз алып қашу қараңғылыққа айналды. Жөнсіз ұрлап қашу, қыз құқығын таптау көбейді. Әңгіменің ашығы бойымызда жабайылық пайда болды.
Қыз баланың тағы бір қасиетін қозғай кетсек, кез келген қасиет әкеден балаға тікелей қонбаған, қыз арқылы жиенге берілген. Артық айтты демеңіз. Бұл ғылыми тұрғыдан да дәлелденген. "Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан" дегені осыдан да шықса керек. Тағы да дәлел болсыншы. Ертеректе жасы сексенге таяған қазақтың батыры болған екен. Сол батырдың ауылына жоңғарлар шабуыл жасапты. Жоңғардың қолбасшысы оқыған, зиялы адам болса керек. Ол әлгі батырға қарап "сізді сексенге келген шағыңызда жалғыз тастап кетпейін. Екі егіз немереңіз бар екен. Ұлыңызды тастасам қызыңызды, ал қызды тастасам ұлды әкетемін. Сондықтан біреуін таңдаңыз" депті. Сексендегі батыр тұрып "Ұлымды әкетсең – ұрпағымды әкеткенің, қызымды әкетсең – ұлтымды әкеткенің. Сол үшін ұлымды ал" деген екен. Міне осыдан кейін-ақ, қазақ үшін қыздың орны айқын емес пе?

Ерсін СӘДУҰЛЫ
05 ақпан 2022 ж. 1 172 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031