» » Қыздарға қол өнер жарасады

Қыздарға қол өнер жарасады

ҚАЗЕКЕМ «ӨНЕРЛІ ӨРГЕ ЖҮЗЕДІ» ДЕЙДІ. АСТАРЫНА ҮҢІЛСЕК, БОЙҒА БЕРІЛГЕН ӨНЕРДІҢ ӨРГЕ СҮЙРЕЙТІНІН АҢҒАРАМЫЗ. ТЕК КЕЙ АДАМНЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ӨНЕР КЕЗ КЕЛГЕННІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛМЕЙ, ЕРЕКШЕЛЕНДІРІП ТҰРАТЫНЫ ДА БАР. ҚАНҒА СІҢГЕН ҚАСИЕТ ПЕН ТАБИҒАТ БЕРГЕН ТАЛАНТТЫ ҰШТАСТЫРЫП, БІЛІМ СӘУЛЕСІМЕН ҚУАТТАНДЫРСА ӨНЕРДІҢ ӨРЛЕЙТІНІ АҚИҚАТ.
Сабырлық пен шыдамдылықты, талғам мен шексіз қиялды талап ететін ерекше өнерді серік еткен оқушының бірі – Айару Ерғабылова. Ол кент орталығындағы №105 мектептің 5 «Б» сыныбында білім алады. Отбасындағы үш перзенттің үлкені сабаққа келгеннен зерек, мектепте белсенді. 3 жылдан бері аудандық оқушылар үйіндегі «Заманауи дизайн» үйірмесінің мүшесі.
Сондай-ақ, тағы бір ерекше қыры – қолөнерге деген сүйіспеншілігі. Сурет салуды жаны сүйетін сұлу түрлі бұйым жасауды да аса талғампаздықпен орындайды. Оның қолынан шыққан бұйымдар сәнді әрі сапалы. Фетр матадан түрлі ойыншық, қалдық дүниеден гүлдер, кәдеге жарамайтын заттардан ғажайып нәрселер, моншақтан диадема, алқа, білезік, сақина жасаған оқушының бұл шеберлігіне қызыға қарадық. Қарапайым сым мен жіп, түйме мен мақтаны пайдалану арқылы ғажайыптар тудырған Айарудың еңбегі еш кетпеді. Жас таланттың мұндай жұмыстары ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Түрлі байқаудан үздік атанып жүргені де осының айқын дәлелі.
Мәселен, «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен «Шеберлер қаласы» шығармашылық шеберханасы тақырыбындағы байқауда ІІІ орын, облыстық «Қалдықтан жасалған ғажайыптар» байқауында «Ғажайып қиял» номинациясымен ІІ орын алса, «Шебердің қолы ортақ» атты моншақтан жасалған бұйымдар байқауында ІІІ орын, «Менің ғажайып кейіпкерім» байқауында «Пластилиннен жасалған сурет» номинациясымен ІІІ орынды иеленген.
– Бұл үйірменің жұмыс істеп жатқанына 15 жылдай уақыт болды. Айару қол еңбегін де, сурет салуды да жақсы көреді. Оқушым өте қабілетті, үйреткен нәрсені қағып алып, жақсы нәтиже шығара алады. Сурет салу бо­йынша да біршама жетістігі бар. Жалпы «Заманауи дизайн» үйірмесінде 4 топқа жинақталған 46 оқушы бар. Алғашқы үш топта бастауыш сынып оқушылары болса, төртінші топқа 5, 6 сынып оқушылары қатысады. Қалдық заттардан қолөнер бұйымдарын жасау мен сурет салудың қыр-сырын үйренуге оқушылардың белсенділігі жыл санап артып келеді. Бұл қуанарлық жайт. Себебі, телефонды көп тұтынатын қазіргі уақытта қол, ой еңбегімен айналысу бала үшін пайдалы, – дейді педагог-зерттеуші, қосымша білім беру педагогы Ербол Жұмабеков.
Қарап отырсақ, өнер, білім, ақыл арқылы табысқа, қуанышқа, бақытқа жетуге болады. Өнерлі, білімді, ақылды адамның жаны да сұлу, мінезі де сыпайы, адамдармен қарым-қатынасы жақсы, қашанда көңіл-күйі көтеріңкі болады. Бүгінгі мақаламызға арқау болған Айарудың да қазақ қызына тән қасиетті бойына жиған, нәзік те талғамы биік екенін аңғардық. Бағын сынап барған әр сайыстан үздіктер қатарынан көрінуді әдетке айналдырған жас қолөнершінің әлі де алар асуы көп екеніне сенеміз.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

22 қаңтар 2022 ж. 1 209 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 277

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 373

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930