Сынаққа сынбаған сұлу
Өмір – ғажап. Сондай-ақ түрлі тосын сый мен қиыншылыққа да толы. Дегенмен тағдырдың жазғанын қиындық деп есептемей, жарқын өмірге қадам басып, жақсылықтың жаршысы бола білген жандар да көп. Олар мүмкіндігі шектеулі болғанымен, мүмкіндігі шексіз адамдарға мүмкіндік сыйлауда. Өмірдің тәттілігі мен құндылығын өзгеге ұғындыруда. Мүгедек жанды көргеннің бірі – оны мүсіркесе, енді бірі – тәубеге келері анық. Ал біздің кейіпкеріміздің жөні бөлек. Ол өз өнерімен көпке үлгі болып жүрген – Гүлсім Алтайқызы.
Қазақстан бойынша 300-ге жуық балаға спинобифида диагнозы қойылған. Ал Гүлсімде бұл диагнозбен қатар жүрек ақауы болған.
– Тұла бойы тұңғышымыз болғандықтан келген қиындыққа мойынұсынбай бар күшімізді салдық. 2 жасында жүрек ақауына, 3 жасында омыртқасына Астана қаласында ота жасалды. Отаның барлығы сәтті аяқталды. Аллаға шүкір, бүгінде қиын күндер артта қалды. Өзінен кейін екі сіңлісі, бір інісі бар. Бүгінде отбасымыздың мақтанышы, – дейді анасы.
12 жасар Гүлсім Шанжарбекова ауданға қарасты Ақай ауылында №99 мектепте үйден білім алады. Онан бөлек, 2018 жылдан бері би үйірмесіне қатысады. Өз аяғымен жер басып жүрмесе де, арбамен билеу арқылы түрлі сайыста бақ сынап, жүлдемен оралған. Бүгінгі күнге дейінгі жетістіктері де аз емес. Нақтырақ тоқталсақ, Астана қаласында өткен республикалық ҚР Тұңғыш Президенті қорының «Жеңістерге бірге», «Еуразия-2019» параалимпиялық чемпионаттарында үздік өнер көрсеткен. Онан бөлек, облыстық ерекше білім алуға қажеттіліктері бар балаларға арналған «ВІ Жұлдызай» секілді шығармашылық сайыстарда, аудандық, ауылдық түрлі сайыста бірнеше рет топ жарған. Өзі қатысатын «Рандеву» атты шығармашылық орталықтың да алғыс хаттарына ие болған. Сондай-ақ, өнерлі сұлу мектеп өміріне белсене араласып, тренинг, отбасылық байқаулардың тұрақты қатысушысы. Белсенді қыздың сабақ үлгерімі жақсы. Оны жыл сайын алған мақтау қағазынан аңғардық. Ол өмірге барынша ғашық. Осы қасиет бүгінде көп адамға жетіспейді, өмірдің баға жетпес байлық екенін терең оймен түсіне алмайды. Ал Гүлсім бос нәрсеге шағым айтып, сыныққа сылтау іздегендерге мүмкіндікке шектеу жоқ екенін дәлелдей түскендей.
Басына түскен сынаққа сынбаған сұлудың тағы бір қыры – қолының шеберлігі. Тұнған талантқа ие Гүлсім бисер арқылы сырға, әшекей бұйымын, жіп арқылы ыдыс-аяқтың астына қоятын төсеніш тоқиды. Ал фетр матасынан қазақы ою-өрнекпен түрлі бұйым жасайды. Қолөнерге қызығушылығы әжесінен дарыған болса керек. Қолөнерші, Батыр ана Толқын Жолымбетова туралы газетіміздің алдыңғы санында жариялаған болатынбыз. Гүлсімнің қолөнер бұйымдары бойынша республикалық «Шексіз шығармашылық» байқауының «Алтын қолдар» номинациясы бойынша жеңімпаз екендігін де айта кеткен жөн. Бір емес, бірнеше өнер бақ болып бұйырған сұлу болашақта дәрігер немесе психолог болғысы келеді.
– Мен өмірге ғашықпын. Отбасым жанымда, мені қолдап отырғандықтан ешнәрседен қорықпаймын. Шын қаласаң, өмірде барлығына оңай қол жеткізуге болады. Мен «Рандеву» тобында өнер көрсетемін. Ұстазым – Гүлнұр Сәбитқызы. Тобымда менен өзге Айшолпан, Динара, Венера есімді қыздар бар. Болашақта өзге республикаға барып, шет мемлекетте биік белесті бағындырып қайтамыз. Алға қойған мақсатым өте көп, оларға міндетті түрде қол жеткіземін, – дейді қайсар қыз.
Анасының айтуынша, ол үйде мүлде бос отырмайды. Сабағын қарап, қолөнермен айналысып, үй шаруасына көмектеседі. «Ауырдым деп қабағын түйген емес. Қызым өте ақылды және сабырлы. Асүйге де қызығушылығы бар. Самса, түрлі тәттілер пісіру де қолынан келеді» дейді анасы. Сыныптас құрбыларымен де тығыз қарым-қатынастағы сұлу өзгеден ерек. Бала болса да оның сөйлеген сөзінде асқан сабырлылық пен байсалдылық бар. Өмірді шексіз сүйетіні нұр шашқан жүзінде тұр. Бойына бұйырған түрлі өнерді қанмен сіңген қасиет десек те, оны дамытып, жетістікке жетуі – қажырлы еңбектің арқасы. Жас болса да еңбекқор, талантты, өмірге құштар сұлудың болашағының жарқын боларына сенім мол.
P.S.
Өмір – керемет! Себебі бір-ақ рет беріледі. Өз жолыңды дара ету де, дана ету де өз қолыңда. Мүмкіндігі шектеулі жанды көргенде ғана емес, он екі мүшеміздің саулығына әрдайым шүкір етейік. Қолдағы бақты бар кезінде бағалаған абзал.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ