Барыс жылы – табыс жылы "Ностальгия"

«Мама, бүгін жаңа жыл ма?» дейсің тағы. Бұл жолы жәй ғана жауап беріп, асымызды алдымызға қояды. «Түнгі 12-ні кім күтеді дейсің? Кешкі асымызды ішіп алайық, әкелеріңнің қарны ашады» дейді арасында. «Мантоваркада» піспеген мантының тұрғанын іштей сезесің. Ол отқа кешкі 23.00-де қойылады. Оған дейін әлгі «мясной салатты» бауырсақтың арасына салып жеп аласың. 21.00 болғанда көрші-көлем, туыс, дос, сыныптастар болып орталық алаңға аттанасың. Күн суық. Бірақ сол концерт әйтеуір қызық. Аспанға атылған отшашуды тамашалағың-ақ келеді. Алайда сағат 23.00-ден бастап хабарласқан анаң қалтафонның ар жағынан «12 болды ғой, қайтыңдар енді, жаңа жылды бірге қарсы алуымыз керек» дейді. Амалсыз үйге қайтамыз. Дастарқан азандағыдан да жайнап кеткен. Қаз-қатар жайғаса кетесің. Иә, санаулы уақыт қалды. Кенет арналардан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жылмен қазақ елін құттықтайды. Басынан-аяқ үзбей көріп, рақмет айтысамыз. 3, 2, 1 деген секундтар тықылдап көк жәшіктен көлбей өтеді. Міне, жаңа жыл келді деген барлығымыз далаға «салют» атуға шығамыз. Жан-жақтан атылған отшашулар. Кейде ішіңнен «Мә, мына көрші Серіктің отшашуы қымбат екен, дауысы қатты шықты» дейсің. Солай үйге кіріп, ештеңе болмағандай ұйқыға кетесің. Ал ертеңі азанда теледидардан «Один дома» көркем фильмі қосылып тұрады. Көзіңді тырмап ашып көк жәшік алдына жайғасасың. Қолыңда мандарин. Дастарқанға көз тастасаң, кешегі ас, кешегі салат түрлері құдды қуаныш сыйлап тұрғандай. Жарығы өшпеген шыршаның айналасында жіпке тізген мақта, қағазбен қолдан өрнектеген шынжыр, терезеге жабыстырылған қағаз оюлар да әлі тұр.
Жаңа жылдық көңіл күй аяқталған соң келер жылды да дәл осылай қарсы аласың. Маңызды жаңа жылдық кешке алдын ала дайындалып, шашты жылтырақ «прелестьпен» қатырып, ол болмаса қантпен кекіл қайыратын кездер тіпті бөлек еді ғой. Әр жылдың атауы барын естіп алып «мына жыл менікі, осы жыл тышқан жылы, келер жыл менің жылым» дейтін мақтаныш та көп еді. Зымыраған уақыт өз ағынын тоқтатар емес. Дөңгеленген дүние айналып 2022 жыл – Барыс жылына әкелді. Ендеше, барыс жылы – табыс жылы болсын!
Айнұр ӘЛИ