Жаңа жыл қаншаға шықты?

Балалар үшін балабақша, мектептегі концерттік бағдарламаға кем дегенде бір көйлек керек. Ол үндінің не испанның, балапанның не қазақы киім. Оны жалға алу үшін кемі – 1000, 1500 теңге, қымбаттырағы болса одан жоғары бағада. Баланың өзі киетін мерекелік көйлегі не костюмі – 5 мыңнан жоғары. Шарада берілетін аяз атаның сыйлығына – 1000-1500 теңге. Ондағы өнер көрсететін аниматорлар бір кейіпкерге – 5000 теңгенің шамасында алады. Егер шамамен 5 аниматор жалдасаңыз – 25 000 шығынға батасыз. Оны топтағы 25 балаға бөліңіз. Сонда әр балаға 1000 теңгеден келеді. Нәтижесінде бір баланың өзіне 10 мың теңгеге жуық қаражат кетеді. Ал үйінде екі немесе одан да көп баласы бар жанның жұмсаған шығынын бағамдай беріңіз.
Жаңа жылдық басты шығындардың бірі – кешкі ас мәзірі. Әр отбасы мерекелік кешкі ас үшін шамамен 15-20 мың теңге жұмсайды. Бұл еш қонақсыз өтетін отбасылық жиын десек болады. Бұдан өзгесін де тізіп көрдік. Мерекелік басқосу – 10-15 мың, мерекелік кешкі ас – 10-20 мың, ойын-сауық бұйымдары – 2-5 мың, жақындарға сыйлық – 10-15 мың. Оған жоғарыдағы балалардың жаңа жылдық мерекесіндегі шығынын қосыңыз. Есептеу бойынша, жаңа жыл мерекесінде әрбір отбасы орта есеппен 40-65 мың теңге шамасында шығын шығарды. Алайда бұл көрсеткіш отбасы мүшелерінің санына, мектепке баратын балалардың шығынына да тәуелді екенін айта кеткен жөн. Әрі жобамен қойылған баға. Бұл сомадан әр үйдің шығыны не көп, не аз болуы мүмкін. Қымбат тартудан қаймықса да, несие төлеуден тартынса да процентсіз тауарға қызықпайтындар жоқ емес. Жылына бір келетін жаңа жылда ондай мүмкіндіктен құр қалмайын дейді көпшілік. Мерекеде амалсыздан несие алатындар да аз емес. Тіпті қазір ішер асыңыздың өзін несиеге алуға болады. Мамандардың сөзінше, процентсіз несиеге заттарды беруден алдына жан салмайтын екінші деңгейлі банктер бар. Тұтынушылар, қолданушылар саны былтырғы жылдан артық болмаса, кем емес.
Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы ғажайып мерекенің бірі. Жаңа жыл – жаңару, даму, ілгерілеу. Жаңа жыл – өткенге салауат айтып, болашақтан үлкен үміт күту. Ал қызығымен қатар шығынын әкелген бұл мерекеде – үнемдеу басты талап болатын. «Өгізді өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» қағиданы берік ұстанған талайы, жыл соңын да табысты аяқтағаны сөзсіз.
Айнұр ӘЛИ