» » Өкпе жоқ өткен жылға, үміт көп жаңа жылдан

Өкпе жоқ өткен жылға, үміт көп жаңа жылдан


Жалт-жұлт еткен шырша шамы. Алыстан-ақ сезілетін мандариннің қышқыл иісі. Көк жәшікте «Жалғыз үйде» көркем фильмі. Үлкендер мерекелік дастарқан әзірлеп, қуантуға сыйлық алып әлек. Ал көзі балбұл жанған балалар аяз ата мен ақшақарды тағатсыздана күтіп жүр. Жаңа жылдың ең керемет сәті де, көңілдегі алып-ұшқан ғажайып сезім де осы. Бүгін санаулы сағаттан соң ескі жылды шығарып, сиыр жылын төрге кіргіземіз. Тұтас 365 күн. Не өзгерді? Нені күтеміз?
Бала күнімізде жаңа жылға қадам басар уақыт 00.00-ге дейін отбасы мүшелерінің түгел шаңырақта болуы жиі айтылатын. Себебі жыл қалай қарсы алынса, жыл бойы тірлік сонымен байланыстырылатын. Иә, тынымсыз тышқан жылы оңай басталмады. Санаулы күн қалғанда ел қара жамылып, қаралы күн жарияланды. «Уақыт – емші» дестік. Алайда екі өкпені қысып коронавирус індеті әлемді жайлады. Бізден де айналып өтпеді. Көктем шығып, жер көктегелі қар түскенге дейін күресіп келеміз. Үлкендер «бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар» деуші еді. Соның мәнісі қазір келгендей. Оңайға соқпаған бұл жылда талай арыс азаматтарымыздан айырылдық. Жығылғанда демеу, сүрінгенде иықтан көтерісіп, ел болып қиындықтарды еңсердік. Ендігі соққан жүректер жаңа жылдан жаңа үміт, жаңа өзгерістер күтуде.
Өткен жылдан не түйдік?
Көше бойы соқтығыса өтетін жұмысбасты пенделер қоғамнан алшақ еді. Қай-қайсысы болмасын «отбасымды асыраймын» деп жүргендер. Солай айналаға бір сәтке көз тастауды қойған. Ал мысымызды басып, жігерімізді жонған пандемия талайына өмірдің таразысын тең ұстауды үйретті. Алдымен бес күндік бұл жалғанда адамдар бір-біріне жанашыр болуы керек екен. Сондай мейірімнің арқасында жомарт жандар ауырғандардың тынысын ашса, еріктілер күні-түні игі істердің қасында жүрді. Ал отбасынан айлап алшақтаған ақ халаттылар жұмыр басын қауіпке тігіп, берген антына адал болды. Бұл – қайсарлықтың белгісі. Одан соң бойға сенім қажет. Сол сенімнің арқасында талай жан ауруынан айығып, індетпен күресте жеңіске жетті. «Сақтансаң – сақтайды» дегенді ұран еттік. Тек вирустан қорғану үшін емес, бетперде киіп, қолды үздіксіз жуып тұруды күнделікті әдетке айналдырдық. Ағайын-туыстан алшақтап, жиын-тойдан аулақ болдық. Бұл бізді – шынайы сағынуға, бауырмалдыққа үйретті. Көңіл көтеретін, көпшілік жүретін орыннан алыстап, түрлі концерттің шымылдығын қашықтан аштық. Бұл – көпшілдіктің адамға қажет екенін ұғындырды. Оқушы ұстазын, ұстазы шәкіртін сағынды. Бұл – балалардың мектепке деген махаббатын одан әрі арттырды. Жүгіміз жеңіл болды. Әсілінде жұмыла білдік. Сол бірліктің арқасында қиын уақытты еңсеріп, бойымызға нық сенім мен жақсы қасиеттерді жинадық.
Сиыр жылынан не күтеміз?
Шығыс күнтізбесі бойынша 2021 жыл – Сиыр жылы. Бұл жылы жұрт тынбай еңбектенеді дейді астрологтар. Ауыл шаруашылығына да қолайлы жыл болмақ. Бұршақ жаумайды, құрғақшылық болмайды, шегіртке мазаламайды. Тағы не күтеміз? Ендеше Қиыр Шығыс парапсихологтар академиясы мен астрологтардың Сиыр жылына жасаған болжамын саралап көрелік.
Келер жыл шаруа еңбегінде және ауылшаруашылығы өндірісіне байланысты кәсіп жақсы жүреді. Саясатта көбінесе ескішіл, сақтанымпаздардың (консерватор) жұлдызы жанады. Қыста туған Сиырдың атқаратын жұмысы азырақ. Бар қиындыққа қарамастан, бұл жыл сізге жақсылық әкеледі. Еңбегіңіз ақталып, істеген жұмысыңыз да ескеріледі. Көбісі үміт артқан дүниесіне қол жеткізеді. Кейбіреуі жылжымалы мүлік алады. Ал біреуі саяси немесе әлеуметтік атаққа ие болады. Жақындар арасында өзгеріс болады. Оны сіз көптен армандағансыз. Талабыңыз тым қатал болмаса қаржыңыз да еселенбек.
Қызық дерек
Жаңа жыл алғаш рет Месопотамияда тойланған екен. Ғалымдардың айтуынша, адам баласы алғашқы жаңа жылды біздің заманымыздан бұрынғы үшінші мыңжылдықта атап өткен. National Digital History порталы жаңа жыл туралы қызықты 10 деректі жазыпты. Біз де соны оқырман назарына ұсынбақпыз.
Римдіктер үшін Жаңа жылдың алғашқы күні 1 қаңтар болып есептелінген. Олар бұл күнді ерекше тойлап, сәтті өткізу үшін барын салған. Мерекені тойлауды императорлары Юлий Цезарь жаңа күнтізбе енгізген. Ал бұл мерекені үйде отбасымен шырша безендіріп тойлау адамзат баласына 150 жылдан астам уақыт бұрын бұйырған екен. Бірқатар этнограф тарихшылар қыпшақтарда да шырша мерекесі болғанын, Жаңа жылдың көшпелілердің де байырғы мейрамы екенін жазады. Әлемдегі ең үлкен жасанды шырша Шри-Ланканың астанасы Коломбо қаласында құрылған. Шырша миллиондаған бүршіктер мен жүздеген мың мерекелік алаумен көмкеріліп, болат шыбықтар мен сымдардан жасалған. Биіктігі 73 метрге жетеді. АҚШ-та Ақ үй алдында алғаш рет 1895 жылы шыршаға ілінген электрлі түрлі-түсті тізбек жанған. Аустралияда жаңа жыл экзотикалық түрде өтеді. Қар, шырша, бұғы сынды мереке атрибуттары жоқ. Ондағы Аяз ата Сидней жағалауына су киімімен келеді. Дәстүр бойынша оның киімінде ақ сақал және қызыл қалпақ болады. Ал мұсылман мемлкеттері оның ішінде Египет, Ливан, Сирия, Біріккен Араб әмірліктері жаңа жыл мерекесін атап өтеді. Бірақ жаңа жыл барлық араб елдерінде тойланбайды. Мәселен Сауд Арабияда 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні жаңа жыл тойланса жауапқа тартылады.

Жаңа жылдық шырша шаттығы

Жыл сайын асыға күтетін мерекенің қызық шағы – орталықтағы үлкен шырша шамының жағылу сәті. Онда тұрғындар жиналып, аудан өнерпаздарының концертін көріп, жақындарымен қауышатын. Отшашу түрлі-түске еніп, шаттыққа толы күн болатын. Алайда биыл індеттің таралауына жол бермеу мақсатында аймақта бірқатар шектеулер енгізілді. Пандемияға байланысты жыл сайын салтанатты түрде өтетін көптеген іс-шара онлайн режимге ауысты. Аудан орталығындағы жаңа жылдық шырша шамы да жылдағыдан өзгерек тәртіпте жағылды. Былтырғыдай емес, биылғы кештің ажары мүлде бөлек. Жылдағыдай концерттік бағдарлама, жаңа жылдық көңілді кештер ұйымдастырылған жоқ. Есесіне ортаға қойылған үлкен экраннан көңіл көтерер бейнероликтер қосулы тұр. Көпшілік күнделікті кешкі серуенге шығып, әдемі шыршаның қасында суретке түсіп, жарқыраған алаңды қызықтауда.

Түйін
Қиындығымен өтсе де өткен жылға өкпе жоқ. Қай салада болмасын еселі еңбектің нәтижесі анық байқалады. Демек індетке, қашықтан істелген жұмысқа төтеп беріп, мақсатымызды айқындадық. Ал келер жылдан үміт көп. Алға қойылған арман-тілек, жоспарлар жүзеге асса деп ниет еттік. Жаңа жыл мол берекесімен, ырзығы мен шаттыққа толы мерекесімен келсін!
Айнұр ӘЛИ


31 желтоқсан 2020 ж. 998 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031