» » Тірлігі сәнді, ісі мәнді мерейлі мекен Қуаңдария

Тірлігі сәнді, ісі мәнді мерейлі мекен Қуаңдария

Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршағанда, бір сәт ауылға қарай мойын бұрғың келеді. Осындайда біздің мамандықтың жайлы тұсы бар. Ол ауыл тіршілігін бағамдап, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың көркем өмірін көріп, көңілді бірлеп қайтуға мүмкіндіктің бары. Сөйтіп қойын дәптерімізді қолға алып, жоспар бойынша сапарға шықтық. Басты мақсат – арнайылап ат басын бұра бермейтін шалғай мекеннің жай-күйін білу, жаңалығын жариялау, өнегелі ісін үлгі ету. Бұл – талантты да дарынды тұлғалар туған, көпке құтты мекен болған Қуаңдария ауылдық округі.

Жылы шыраймен күтіп алған ауыл әкімі Ардақ Аймырзаевпен бірге өңірдің өркендеуіне үлес қосып отырған «Олжа» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. Одан әрі ауылдың тыныстіршілігіне ден қойдық. Тарихы терең, сырлы мекен «Қуаңдария» кеңшары 1964 жылы қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында құрылыпты. Сол уақытта 2 мыңдай тұрғын, 3 қой фермасында 50 мыңдай қой, ірі қара фермасында 1000-ға жуық ірі қара, 200- дей ауылшаруашылық техникасы, 464 орындық орта мектеп, балабақша, аурухана, 5 кітапхана, 6 сауда дүкен болған. Дәл осы кезеңде өмір сүрген бүгінгі аға буын өкілдері ауыл тірлігінің озық болғанын айтады. Мұны олардың «кезінде осында арнайы келуші едік» деген ыстық сағынышқа, ерекше ықыласқа толы сөздерінен аңғардық.
Ал ауылдық округ болып 1994 жылы құрылған. Қазіргі уақытта мұнда мектеп, ауылдық клуб үйі, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт, балабақша, 8 шаруа қожалығы, бір мал емдеу пункті жұмыс істейді. 740 тұрғыны бар мекенге осы өңірдің тумасы Ардақ Аймырзаев басшылық етеді. Ауыл әкімі қызметіне келгеніне көп болмаса да, өскен өңірі болғандықтан бұл мекеннің жай-күйі оған етене таныс. – Уақыт тынысына қарай бүгінде әр нәрсе өзгеріп, ауыл да өз хал-қадірінше тіршілік кешуде. Ауылда сән, тірлігінде мән қалсын десек, алтын бесік – ауылды түлетуіміз керек. Бұл ретте Елбасының және Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары мен әркез жарияланып тұрған мақалаларындағы талаптардың маңызы ерекше. Оның үстіне ана тіліміздің ұясы, бастау бұлағы болып отырған тілімізді сақтау үшін де қарашаңырақ – ауылымыздың амандығы, оның гүлденіп, өркендеуі өте қажет. Өзім өскен өлке болғандықтан ауылдың тарихы, даму мүмкіндігі мен әлеуеті белгілі. Ауыл әкімдігіне қойылатын басты талаптың бірі – жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықты жою, сол арқылы ішкі тұрақтылықты сақтау. Осы жұмыстардың үдесінен шығып, ауылдың көркейіп, өркендеуіне аз да болса үлесімді қоссам, перзенттік парызымның өтелгені, – дейді ауыл әкімі.
Әкіммен әңгімелесе отырып сапарымызды жалғадық. Ауылға кіреберістегі жолдың екі бөлігі бірнеше жылдан соң жасыл желекке айналмақ. Оң жақтағы «Жасыл белдеудің» 2019 жылы негізі қаланып, 290 түп саялы ағаш отырғызылған. Бүгінде олардың 81 проценті көктеп тұр, ал шықпаған түп орнына қайтадан ағаш егілуде. Ал сол жақ бөлігінде біз барған уақытта қызу жұмыс жүріп жатты. Ол жерде ауыл әкімі және жергілікті қоғамдастық жиналысының хатттамасына сай екінші «Жасыл белдеу» ашылуда.
– Бұл жерге жергілікті материалдардан қада дайындалып, қоғамдық жұмысқа алынған жұмысшылар күшімен қоршау жұмыстары жүргізілуде. Аудандық орман шаруашылығынан 750 түп көшет ағаш алынса, жергілікті ағаштардан 500 қаламша дайындалған. Алдашбай ахун ауылы мен жергілікті тұрғындардан жеміс көшеті жинақталып, аудан әкімінің тапсырмасына орай барлығы 2600 түп ағаш егу жоспарлануда. Жақын күндері тал егуді де бастаймыз. «Жасыл белдеуге» арнайы бір қоғамдық жұмысшы бекітіледі. Ол ағаштарды суарып, күтіп-баптау жұмысымен айналысатын болады, – деді Ардақ Басқынбайұлы.
ҚҰНДЫ МҰРАҒА ТОЛЫ МУЗЕЙ
Тарих қашанда түрлі сырға толы. Оны сақтап кейінгіге үлгі ету бүгінгінің міндеті. Осы мақсатты жүзеге асыруды ауылдық клуб үйі қолға алған. 2002 жылдан бері клуб үйіне басшылық ететін Замира Қамбарова биыл үлкен бастаманың жүзеге асатынын жеткізді.
– Ауыл клубында 4 үйірме тұ р ақты жұмыс істейді. Өңір пер зенттерін өнерге баулуда қолдан келгенді аянып қалмаймыз. Үйірмеге қатысушылар да еңбекті ақтап, облыстық, аудандық сайыстарда жеңіс төрінен көрінуде. Пандемияға байланысты онлайн өткізілген аудандық «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» байқауларынан жүлделі орындар иелендік. Бұл клуб үйінің, қала берді ауыл мерейі ұстаздар жұмысының еш кетпегені. Ауылдық клуб үйі 1967 жылы салынған. Биыл ауылға жаңа клуб үйінің іргетасы қаланбақ. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Ал қоғамдық музей жұмысын қолға алғанымызға көп уақыт болмаса да, барды жинақтап, толықтыру үстіндеміз, – дейді З.Әбдиқызы.
Қоғамдық музей клуб үйінің құрылысы аяқталғанша мектепте орналастырылған. Кең бөлмеге қо йылған құнды мұралар көздің жа у ын алады. Барлығы тұрғындардың өз қолынан шыққан өнер туындылары. Олардың қатарында аспаптың түр-түрі, бесік, кілем, көрпеше, символикалық заттар мен кәдесыйлар да бар. Көне тарихтан сыр шертетін келі мен келсап, шоқ үтік, тас диірмен де көрме төрінен орын алған. Қабырғаға ілінген кілемше де талай сырды жасырып тұрғандай өзіне баурайды. Бұл бұйымдардан бөлек аудан мақтанышына айналған елге белгілі тұлғалардың фотосуреттері де қойылған. Музейге келген ұрпақ тарихты танып қана қоймай, осы өлкеден түлеп ұшқан танымал тұлғаларды көріп, көңілінің марқаятыны анық.
ҰСТАЛЫҚ КИЕЛІ КӘСІП
Алақандай ауылда он саусағынан өнер тамғандар жетерлік. Соның бірі – ше бер ұста Саржан Қарғабаев. Оның қолынан шыққан мінсіз бұйымдар ауылдың кез келген үйінен табылады. Қалада қолданбаймыз дегенмен ауыл тұрғындары қалақ, шелек, керней, титан, күбі, орындық, үстел деген заттарды әлі күнге тапсырыспен жасатады. Себебі дүкеннен алғаннан гөрі шебердің қолынан жасалған дүние төзімді әрі сапалырақ болады деседі. Жасы жетпістен асқан Саржан әкенің қимылы ширақ. Көрмеге қойғандай бір қатарға жинаған қолөнер бұйымдарын біртіндеп таныстырып жатыр. Расымен бала күні қолымыздан түспеген құнды дүниелер көзге ыстық, оттай басылады екен. Жасында механизатор болған, мал да баққан. Түрлі салада жұмыс істеген. Бірақ бала кезден ағаш пен темірден түйін түюді жаны қалаған ол бұл өнерін кейін кәсіпке айналдырған.
– Екінің бірінің басына бермейтін қасиет әкемнен дарыған. Бірақ әкемнің көзін көрмедім. Соғысқа қатысқан, молда болған кісі. Қолынан келмейтіні жоқ екен. Қазір 6 балам бар. Балаларым да қара жаяу емес. Өздеріне қажетті заттарды жасап алатындай өнерлері бар, – дейді ол ағынан жарылып.
Осы шаңырақтың түтінін түтетіп, ағамызға жақсы жар болған Базаркүл Жолтыруова күміс алқа иегері. Малшы, сауыншы болған. Іс тігудің шебері. Ұсталық өнерді ұмытпай ұрпаққа ұлықтап келе жатқан ақсақал қажыдым, қайратым қайтты демейді. Денсаулығы жараса кәсіптен қол үзбек емес.
ТАУЫҚ ӨСІРІП ТАБЫС ТАПҚАН
Бір қуантарлығы ауылда жұмыс жоқ деп мемлекетке алақан жайып, аузын ашып отырған жан жоқ. Бәрі шама шарқынша нан тауып әлек. Нәзік жандымын демей ерлермен тең еңбек етіп жүрген Айнагүл Ерғалиеваның тауық асырғанына біраз жыл болған. Ал былтыр қайтарымсыз 555 мың теңге көлемінде грант алып күркетауық өсіруде. Күркетауық, яғни, үндік өсіру – өте тиімді, табысты кәсіп. Бірақ кез келген істің қиындығы болатыны секілді күркетауық өсірудің де өзіндік ерекшелігі бар.
– Бұл кәсіп көпшілігіне таңсық болып көрінуі мүмкін. Күркетауықтың еті дәмді, жұмсақ, әрі құрамында холестерин мөлшері төмен. Сол сияқты күркетауықтар да кәдуілгі тауықтар сықылды мамық пен қауырсын бере алады. Бұл құстар ақылды, адамдарға тез үйреніп кетеді. Жем талғамайды және жаз мезгілінде көбіне жайылымда болады. Күркетауықты өзге үй құстарынан бөлек ұстаған жөн. Үндіктер аязға, әсіресе, жел мен сызға төзімсіз. Биыл қыс қатты болған соң 30 дан аса күркетауығым қырылып қалды. Күніне бір мезгіл осылай далаға жіберемін. Иттерден қорып жанында жүремін. Әзірге етін емес тек жұмыртқасын сатудамын, – дейді тауықтарының жанынан бір елі шықпай жүрген жан.
Айнагүл әпкеміз 5 баланың анасы. Жұбайы өмірден ерте кетіпті. Балалары өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Кенже ұлы екеуі үйде қарап отырмай мал ұстайды, бау-бақша егеді. Қорасы жеміс ағаштарына толы. Жаздың соңғы айында түрлі тосап пен салат жасап, оны да табыс көзіне айналдырады. Біреудің түйесін бағып, шұбат дайындап отыр. Алдағы уақытта несие алып түйе бақсам деген ойы да жоқ емес.

Түйін: Басты міндет – ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартып, мәдениетін көтеру, тұрғындардың тұрмысын түзеу. Бұл тұрғыда округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстар мақсаттыіске жауап бере алатынын көзбен көрдік. Кәсібі мал шаруашылығы саналатын мекеннің басқа да құндылықтарын қаламымызға арқау ете береміз.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА, Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)
17 сәуір 2021 ж. 789 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031