» » Кеуректің кермек дәмі

Кеуректің кермек дәмі

Бірде әлеуметтік желіде бір суретке көзім түсті. Ентелей отырған орта жастағы жігіт ағасы ұзындығы әжептәуір шөппен естелік суретке түсіпті. Оның сарғыш гүлдері күн сәулесіне шағылысқандай жалт-жұлт етіп, көздің жауын алады. Алғаш рет мұндай кереметке тап болған біз сурет авторымен байланысуға тырыстық. Арада күз өтіп, қыстың соңғы айы жақындады.
Кешқұрым ертеңгі газетке мақала әзірлеп отырған сәтте қалтафоным шыр етті. Фейсбук әлеуметтік желісінен келген хат екен. Түн жарымда кім болғанын түсінбей, көк экранды шерттім. Байланысқа шыққан әлгі шөпті білетін кісі екен. Бірнеше айдан соң ғана оқылмаған біздің хатты ашып, жауап беріпті. Жауап бергенде қалай, суретті түсірген, әрі сол шөп жайында біраз дүниені білетін Дәурен есімді кісінің байланыс нөмірін берді. Таң атқанын күттік. Жұрт ұйқыдан оянып, кезекті тіршілігіне қамданады-ау деген тұста кешегі кісімен байланыстық. Біз қойған сауалды жылы қабылдаған ол алдымен бұл шөптің не екеніне тоқталды.
– Кейде жұмыс бабымен іссапарлатқанда Көмекбаев ауылына табан тірейміз. Мұнда сіздер суреттен көрген шөп өседі. Атауы – кеурек. Көктемде бой көтеретін бұл өсімдік тек құрғақ, құмды жерді «паналайды». Бала күнімде әжем «Кеуректің кереметі, емдік қасиеті бар. Құмның нағыз дәрумені» деп жегізуші еді. Сол әлі күнге дейін есімде қалыпты. Оның кермек дәмі ауыздан кетпестей. Мүмкін балалықтың тәтті естеліктерінің бірі шығар. Қазір жол түскенде жолдастарымызбен барып тұрамыз. Бұл шөпті бұрын көрмегендерге дәмін татқызып, қасиетін айтамын. Әлгі желідегі суретті де естелік болсын деп бір рет кадр жасадық, – дейді Дәурен Айманшаев.
Кеурек жайында мәліметтер жинау үшін ғаламторға жүгіндік. Алайда жауап мардымсыз. Тек бала күнгі естелігімен бөліскендер жиі кезігеді. Сараласақ, кеурек өсімдігі сырттай сасық болғанымен жегендегі дәмі мүлдем бөлек. Ол асқазан, ішкі құрылыс ауруларының алдын алса, буын, ревматизм сынды дерттің де бетін қайтарады екен. Көлемі үлкеніне қарағанда кішірегінің дәмі тәтті болады-мыс. Ал кезіккен сиыр күйсесе біразға дейін сүті ащы дәм татады. Сүт демекші, кеуректі сол сүтке салып қайнатып ішсе аяқ ауруына ем. Наурыз-сәуір айында өсімдіктің еркегін түбінен қазып, тамырына дейінгі діңгегін ашып жейді. Алайда «бұл өсімдікке зиян келтіргендерді жаза күтеді» дейді талайы. Рас па? Ғаламтордан Нұрғали Қарабеков жазған мына аңызды кезіктірдік.
Сонау ілгері заманда осы төңіректі жайлаған елге жау шабады деген хабар жетіпті. Шошынған ел басшыларына барып жағдайды жеткізеді. Ауылда құдайына қараған әулие кісі бар екен. Барлығы соған барып, тосаттан келгелі тұрған тажалдан қалай құтылудың амалын жасауын сұрапты. Елдің бас көтерер азаматтары өлатқа (өзбектің базарлы жері) базаршылап кеткен де, ауылда кәрі-құртаң, бала-шаға, қатын-қалаш қалған екен. Әулие кісі жиылған елге «Барып кетпен-күрек, сойыл-таяқтарыңды жиып таңға дайын болыңдар. Жарық түсе жолға шығамыз, барыңдар» деп шығарып салыпты. Аң-таң болған жұрт бұйрықты орындауға кіріседі. Таң сәріде ауылдың тайлы-тұяғы қалмай, әулие айтқан жерге жиналады. Оларды ертіп алған басшылары жау келеді деген тұстағы төбеге шыққанда мұндағы жұрт самсап тұрған саржағал түсті жауынгерлерді көргенде шошығаннан шалқасынан түсе жаздайды. Қаннен қаперсіз елдің алдына шыққан әулие: «Мынау Тәңірдің бізге жіберген арашасы, бұл – кеурек деген өсімдік. Енді бәрің осы кеуректерге араласып тұра қалыңдар» деп тағы бұйырады. Ауыл адамдары оның айтқанын бұлжытпай орындап, кеуректерге араласып тұрыса қалады. Күн шапағы сезіле бергенде жаудың да алды көрініпті. Алда келе жатқан шолғыншылар алдағы төбеге көтерілгенде күн шығар жақта самсап тұрған, қатарласа сап түзеген мыңдаған қолды көріп, қайран қалыпты. Араларынан бірі артта алаңсыз келе жатқан қолбасшыларына көргенін шошына баяндайды. Төбеге көтерілгенде басшылары да сары ала, қара ала киімді, басына даңғарадай сары дулыға киген өңкей жауынгерлерді көреді де көзі атыздай болады. Азаматтары базаршылап жүр деп ойлаған жау әскері өздерінен екі-үш есе көп, тастүйін әскерді көргенде төбе шашы тік тұрады. Осы сәтте әулиенің бұйрығымен кеурек арасында тұрған жұрт аттандап, айғайға басады. Мұны көрген жау жағы сол жерден кері бұрылып, бытырап, артына қарамастан қаша жөнелген екен. Содан соң қайтып бұл елге қарай аяқ аттап баспаған дейді. Міне, осылайша бұл кеурек сол заманда ата-бабамызды жау тырнағынан аман алып қалыпты. Үлкендер «Құдайдың құдіретімен, әулиенін түн бойы тілеген тілегімен бір түнде өсіп шыққан екен» деп отырады. Кейін ашаршылық кезінде де әжелердің үйретуімен кеурек теріп, одан көже пісіріп, дүйім жұртты аштықтан құтқарған несібелі шөп болған. Кеурек – киелі өсімдік. Күзге қарай қурағанда одан түйенің жазысына салатын ағаш жасаған. Ал басындағы дәнін піскенде қағып алып, қысқа сақтап малға берсе, нағыз соғымға байлаған малдың азығы болады екен.
Түйін
Киелі өсімдіктің қатары сирегендей. Әрі көзге көрінбейтін жерде өсетін шөп көпшілікке дәмін татқыза бермейді. Өйткені оны бірі білсе, бірі білмейді. Қазір қыстың соңғы айы. Бір аттасақ шуақты көктеммен де қауышамыз. Сол көктемде кеуректің кермек дәмін татуға Көмекбаев ауылы құшақ жая күтіп тұр.
Айнұр ӘЛИ
06 ақпан 2021 ж. 10 021 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031