» » Меккеге жаяу шыққан Жұматай

Меккеге жаяу шыққан Жұматай


– Алло... Ассалаумағалейкум Ереке!
– Уағалейкумасслам!
– Қалайсыз? Мен қазір ғана қалаға барар жолда кімді көргенімді білсеңіз ғой...
– Жақсымын шүкір. Ал айта отыр, кімді көрдің?
– Алматыдан бір жас жігіт жолда жаяу Меккеге қарай бара жатыр, қолында арбасы бар. Тереңөзектің тұсынан көрдім.
– Рас па? Арбамен дейсің бе?
– Шын айтам. Кездессең болады...
Бұл Мадияр бауырымның қуана жеткізген жаңалығы. Әдетте тосыннан жеткізген бұл хабарға тосырқай қарағаным рас. Меккеге қажылыққа барып жатыр дегенді естіп жүрміз ғой. Бірақ мына жігіттің жаяу арбамен жолға шыққаны кәдімгідей таңқалдырды. Неге велосипед емес? Жолда қорықпайды ма?
Мұны естіп іште отыра алмадым. Жолға шығып іздейін десем жұмысты тастап кетуге тағы болмайды. Бұл жаңалыққа көңілім ауғаны соншалық жан-жақтан сұрастыра бастадым. Қалаға қатынайтын таксистер группасына шығып хабарлама жібердім. Сәлден соң әлгі жігіт туралы сурет, видеолар келе бастады. Рас-ау, ұзын бойлы, жап-жас жігіт. Айтпақшы, оның есімі – Жұматай. Қуанышты жүзінен Пайғамбардың мекені Меккені ниет етіп іздеп шыққаны көрініп тұр. Мұндай қадамға екінің жүрегі дауаламас. Барса ұшақпен не көлікпен барар. Ал мына жігіттің алған бағыты мүлдем бөлек. Естуім бойынша ол көлікке мінбейді екен. Жолай жақындатып тастайын дегендердің көңілін қайтарыпты. Бірақ оған қол көмек созып, су, тамағын алып беріп жатқандар қаншама. Иә, қандай мейірім десеңізші. Бұл жігіттің бұлай шығуына не әсер еткен болу керек? Түсінде аян берді ме екен? Осы сұрақтың жауабы шыдатар емес.
Ертеңгі күні сәске түсте телефоныма хабарлама келді. Дүр Оңғар ауылындағы таныс жігіттің Жұматаймен түскен суреті. Демек бұл жігіт сол ауылдың маңында. Ауыл ауданнан қашық емес. Су мен құрмамды алып сол жаққа тарттым. Екі көзім жол жиегіндегі өткен-кеткенде. Дүр Оңғар ауылынан асып барам, жолығар емес. Жолай сұрастырдым, ешкім көрмепті. Тауым шағылып үйге келдім. Қас қарайған уақытта әлгі ауылдың Нұрлыбек есімді жігіті хабарласып, «Жұматай Дүр Оңғарда, бір үйде ұйықтап демалып жатыр, сәлден соң сол үйге Шарафаддин ағаммен барам» деді. «Ойбүй, сен онда мыналарды сұраш, сұқбаттасшы көмегің болсын» деп көкейімдегі бар сұрағымды айтып бердім. Ет асым уақыттан кейін қайта хабарласып Шарафаддиннің нөмірін беріп, «осы кісімен сөйлес» деді. Ол кісі бес уақыт намазы бар иман жүзді әрі орыс тілі пәнінің мұғалімі екен. Себебі Жұматайдың орысша сөйлейтінін естіген едім. Шарафаддин ағамызбен сөйлескенде «Інім, бұл жігіттің қажылыққа шыққандағы ниеті былай екен?» деп әңгімесін бастады.
– Ол 14 сәуірде шығыпты жолға. Алматының тұрғыны, жасы отызда, үйленбеген. Анасы, төрт әпкесі бар, үйдің жалғыз ұлы әрі кішісі екен. Әкесі қайтыс болыпты. Ал енді Меккеге қажылыққа шыққандағы мақсаты Құдайға рахмет айту үшін бара жатыр екен. Осы өмірге келгеніне, осыған дейін аман-есен жүргеніне Жаратқанға ризашылығын білдіру. Бірақ намаз оқымайды және ораза да ұстамапты. Діннен хабары бар екені көрініп тұр. Иман жүзді, салмақты жігіт, – деді Шәкең.
Жұматай Жұматайұлы қажылыққа шығарда анасының батасын алыпты. Басқа жақын ағайын, достары оның сапарға шығып кеткенінен бейхабар. Оныкі де жөн. Себебі шариғат бойынша қажылыққа шыққаныңды ешкім білмеуі керек, оны жария да етпейді. Оның бұл сапарға шығып кеткенін жолда кездескендер суретке түсіріп, әлеуметтік желісіне салғаннан кейін білген. Достары телефон шалып, «қайда жоқ болып кеттің?» деп сұраса керек. Әңгіме барысында суретке түскісі келмейтінін және сұрағанға сұқбат бергенін қаламайтынын айтыпты. Тіпті жолыңа азық болсын деп қаржы, тамақ берсе алғысы келмейтін көрінеді. «Мен ондайға мұқтаж емеспін» деп жауап беріпті. «Егер мен алсам ұзақ жүрген жолым, ниетім зая кеткендей болар. Ал, ештеңе алмасам шаршамай жеңіл он шақырым қашықтыққа дейін жүре алам» депті сөз арасында.
Жолаушымен сөйлескен Шарафаддин ағамыз оған қажылыққа шыққандағы ниетіне үн қосыпты. Меккеде тек Аллаға ризашылық білдірумен бірге, елдің тыныштығын, халықтың амандығын тілеуді де сұрапты. Қағбаға барып зиярат жасауды, Арафат тауына барып ғибадат қылуды түсіндіріпті. Иә, ол жаққа бару мұсылман баласының арманы ғой. Сол себепті сапар барысында үлкен ниетті арқалануды құп алыпты.
Жұматай түнгі төрт шамасында қайта жолға шықпақ ниетте. Сыр өңірінің таңғы жұпар ауасын жұтып, жаяулатқысы келген де шығар. Оның ендігі аялдайтын нүктелері Байқоңыр, Сексеуіл, Ақтау әрі қарай теңіз асып Баку арқылы Меккеге жету екен. Қайтар жолында ұшаққа мініп туған жеріне оралу. Жұматаймен жолығып, оны шығарып сала алмағанымызға іштей қынжылдық, әрине. Дегенмен бес парыздың бірі – Қажылыққа баруды мақсат еткен бауырымзға Жаратқан иеміз жар болып, жолы ашық болсын, деп дұға еттік.


Ерсін СӘДУҰЛЫ
19 мамыр 2020 ж. 2 528 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031