Шығармашыл ұстаз
Қазақ әндерін шырқап, фортепианода өнерін паш еткен пианист жігіт Азат жайында мақала жазып едік. Біз сұқбаттасқан кез жас ұстаздың алғашқы еңбек жолын бастаған күндерінің бірі болатын. Міне, араға тура 1 жыл салып өнерлі ұстаз жақсы жаңалығымен бөлісті. Ал біз ақжолтай хабарды сіздерге жеткізуге асықтық.
23 жастағы Азат Ысқақов №27 орта мектепті бітірген соң Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде «Хорда дережорлық ету» мамандығы бойынша білім алады. Бұл салаға келуі де тегіннен емес. Ол бала күнінен бастап пианист болуды армандаған. Арман жолында таудай талабы мен туа біткен талантының арқасында мақсатына бірте-бірте жетіп келеді. Түрлі әуеннің екпінін қағып алып, нотаға түсіре білетін дарын иесі Ф.Шопеннің «Вальс» cis-moll, Бетховеннің «Патетическая соната» 3 бөлімі секілді күрделі туындыларды орындайды. Талантты жас талай дарын иесін дайындап шығарына үлкен сеніммен қарап едік. Үмітіміз алдамапты.
Бірде оған Алматыда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық «Бойтұмар» байқауына қатысуға ұсыныс түседі. Вокал мен фортепиано аспабында ойнауда талантты ұстаздың 8 шәкірті бағын сынамаққа өнерін бейнебаянға түсіріп, байқауға жолдайды. Бір аптадан соң шешімі шығып, жеңімпаздардың есімі жарияланады. Ал біздің ауданнан қатысқан Азаттың барлық шәкірті жүлделі орынды қанжығаға байлады. Атап айтсақ, фортепианодан Қабілет Әбдірайым бас жүлдеге ие болса, Жасмина Мейірханова І орын, Нұрсипат Зиядин ІІ орыннан көрінді. Ән айтудан Жанерке Асылбек, Дамира Қолдасова, Раянна Қонысбектер І орынды иеленсе, Амина Қолдасова мен Ләйла Есханова ІІ орын алды. Ал осындай талантты шәкірт тәрбиелеп, шығармашылығын шыңдаған Азат Серікбекұлы «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Т.Салқынбайұлы атындағы балалар әуез мектебі – шығармашыл ұстаздардың мекені. Мұнда талай дарын түлеп ұшып, құштарлықпен қанат қаққан-ды. Тағы да талайы құлаш сермемек. Оның бір дәлелі – осы.
Айнұр ӘЛИ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)