» » Қымыздың қадірін енді түсініп келеміз

Қымыздың қадірін енді түсініп келеміз

Биыл бар ғой, жылқының саумалынан бастап, ашыған қымызына дейін армансыз ішіппін. Осыған дейін ағарғанға аңсарым ауып, қолым жетпей жүргенде, сусыннан дәм татуға құрғыр карантин жақсы себеп болды. Әншейінде іздегенде таптырмайтын мұндай орындар ауданның әр жерінен төбе көрсетпесі бар ма? Бәлкім мән бермейміз бе, әйтеуір жұрттан қымыз сататын жер сұрағанда әдрісін оңай сілтеп тауып көрсетіп жатты. Оны қоя беріңізші, асқазанның сұрағанын беріп қажетін басқанды айтсаңызшы. Үлкен сапар кеседегі салқын қымызды қылғыта жұтып, ұртыңнан аққан тамшыны қолыңмен сүйкеп, бойыңның ептеп босаңситыны керемет қой, шіркін! Қамбар ата түлігі мұнша құдіретке ие деп кім ойлаған? Осыдан кейін «Қымыз – қырық ауруға ем» дегенге сенбей көр.
Кешегі карантин уақытында дертке шипа іздеп, жаппай жылқы малын ұстайтындардың қорасын жағалағанымыз рас. Жаңа сауылған биенің сүтін жылылай ішіп, бойға ерекше күш дарыттық. Тіпті «мында қымыз бар» деген жердің бәріне бас сұғып, дәм татудан кенде болмадық.
Әнеу күні жұмыста Сәрсенкүл апайдың «түстен кейін Иіркөл ауылына іс-сапарға шығамыз, фотоаппаратыңды сайлап дайын отыр» деген тапсырмасы әлде бір іліп алар дүниенің бар екенін сездіргендей шабытымды оятты. Қысқа ғана қайырған бұйрық сөздің өзі әрі қарай қазбалап сұрап жатуға дес бермеді. «Не болса да жолшыбай білерсің» деп іштей өзімді тыйып қоям. Біздің апай коммунизмнің тәртібін көрген жан ғой, сағатпен жүреді. Айтқан уақытында межелеген жерге шығып та кеттік. Тақтайдай тегіс жолда терең ойға батып келем. Алдыңғы жақтан апайдың сөйлеген дауысына көңілім тез ауа кетті. Құрғыр мәшиненің желке тұстан гуілдеген дыбысы ештеңені естіртер емес. «Мені тыңдап келемісің? Иіркөлде жылқы бағып, қымыз таратып отырған отбасы бар екен, соны әдемілеп жазсаң» деді алғашқы тапсырмасын жоспарлап. «Ет дегенде бет бар ма» депті ғой біреу. Сол сияқты қымыз дегенде бетпен қоса шабытымды іштей қамшылап «жақсы, жазамын» деп жауап қайтардым. Не керек, жүргізушінің жайлы жүрісімен ауылға да жеттік. Қазақи әдебімізбен ауыл басшысына сәлем беріп, келген жөнімізді айтып жылқы сауатын кейіпкерімізді сұрадық. Ауылды бес саусақтай білетін қызметшісіне ілестіре мені әлгі үйге жіберді.
– Үйі алыс па? – дедім қасымдағы жігітті әңгімеге тартып.
– Ауылдың шетінде тұрады. Үй иесі Төлеген деген кісі. Бұрыннан жылқы малын ұстайды. Оның саумалы мен қымызынан дәм татпаған ауыл адамы жоқ шығар, – деді ол ашылып.
Әңгіменің сарынымен мекен-жайға да келіп қалыппыз. Паһ, шіркін! Не көрдім десеңізші? Жылқыдан бұрын аулада тігілген аппақ киіз үй көзіме оттай басылды. Мен бала кездегі есімде қалған ауылдың таза көрінісі мұнда әлі де бар екен-ау. Қазір көш жаңа заманға ілгерілегелі мұндай қараша үйді сақтаушылардың қатары әлдеқашан сиреген. Тіпті жоқтың қасы. Есік алдынан қарсы алған отанасы «үйге кіріңіздер» деп жылы шырай танытуда. Ішкі бөлмеден «кел, төрлетіңдер» деген отағасының салмақты дауысы нағыз қарапайым жандар екенін көрсетіп тұр. Иә, бұл біз іздеп келген Төлеген Шүкіровтің өзі еді.
Қазекем үйіне жолаушылап мейман келсе бірінші ағарғанын ұсынған ғой. Осы әдеттен жаңылмаған үйдегі Гүлмира жеңгеміз де үлкен сапар кесеге қымызын құйып ұсынды. «Ал балам, сусыннан алып, жөніңді айта отыр» деді жайдары мінезбен ағамыз. Тура кинодан көргендей баяғының би, шешендері секілді сөз бастауын көрмейсіз бе? Салқын қымызды бір-екі жұтып мен де ойдағы сауалымды әріден бастадым.
– Е-е, Қызылдан бері қарай әкемнің ұстап бағып келген төрт түлігі ғой. Соны тоқсаныншы жылдан бастап қолға алып, ауылдың түйесі мен жылқысын бақтым. Тоқсан тоғызыншы жылдары ел тоқырауға ұшырап, малдың бәрін өткіздік. Содан жұмыс болмай сыртқа кеттік. Одан елге қайта оралып, екі бас жылқы ұстап қымызын айналдырдым. Осыдан 5-6 жыл бұрын ауыл шаруашылықтан 5 млн теңге несие алып, жылқыны он басқа көбейттім. Қазір міне, соны бағып отырған жайым бар, – деді жылқы иесі.
Бір қызығы, қорадағы жылқылар үйдегі адамның барлығына үйреніскен. «Үш мезгіл сауарда қолы босымыз сүтін сауып отырамыз» дейді отанасы Гүлмира Төреханова. Осы үйге келін болып түскенде бие саууды енесі Жанша апамыздан үйреніпті. Ол кісі де қойшының қызы болса керек, төрт түлік малдың бәрінен хабардар.
– Бұрын жылқының сүтін кәдімгі сүт дейтін. Қазір саумал дейтін болыпты. Негізі саумал деп шала қымызды айтады. Жалпы қымызды сақтасаң тұра береді. Ол тұрған сайын күшіне енеді. Бұрын биені үйрету үшін сауатынбыз. Ол уақытта сүтін пұлдау деген жоқ. Қымызды ішкенінше ішіп, қалғаны қалатын. Құдай өзі кешірсін, далаға төккен күніміз де болды. Қазір ғой қадірін енді түсініп жатқанымыз, – дейді жетпістегі қарт ана.
Ол уақытта қымыздың қатты ашығаны соншалық, қырық литр пләктің қақпағын аспанға атып жіберген кездері болыпты. «Нағыз қырғыздың бозасынан кем түспейтін» дейді олар.
Кешегі індеттің кезінде ел-жұрт Гүлмира жеңгеміз дайындаған саумал мен қымызды жағалап іздеп келіпті. Ауыл былай тұрсын, алыс жақтан келгендер бие сүтіне сұранысты көбейткен. Қымыздың литрі 800-ден сатылса, үлкен кесеге құйылғаны 300-ден беріліпті. Әйтеуір елге пайдамыз тисін деген ниетпен сұрағандарға тегін де таратыпты. Түскен қаржыға құлындардың жем-шөбі алынған.
Біраз әңгімеден соң қымыздың буынға түскенін сездім. Тысқа шығып қорадағы жылқыларға көз тастадым. «Төлеген ағаның аттары қандай әдемі, біреуіне мініп шапсам ғой» деп қиялдап қоям. «Қой, онсыз да буыным босап тұрғанымда аттан құлап күлкіге қалармын».
Ерсін СӘДУҰЛЫ
02 қыркүйек 2020 ж. 619 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031