» » Антисептикті қолдан істеу мүмкін бе?

Антисептикті қолдан істеу мүмкін бе?

– Антисептик бар ма?
– Жоқ, оның орнына этил спирті бар.
Иә, бұл дәріханаға барғанда еститін үйреншікті сөз. Әлемді шарпыған "тәж індеті" елімізге жеткелі халық арасында дәл осы дезинфекция құралын сұрайтындар көбейді. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші, халық барынша індеттің алдын алуға тырысуда. Медициналық маска тағып, тазалау жұмыстарын жиі жүргізуде. Расымен дәл осы шаралар аурудың алдын алады. Ал бұл тазалық жүйесіне қажет құралдар тапшы кезде қалай сақтанамыз?

Антисептик – антибактериялық құрал ретінде әлем ғалымдарымен дәлелденген зат. Алғашында оны хирургтар ота алдында қолын залалсыздандыруға пайдаланған. Кейінірек бактериалды тазалықты сақтау мақсатында да қолданысқа енген. Негізгі құрамы 90 проценттік этил спиртінен тұратын антисептиктің микробқа қарсы күші зор. Құрамындағы микробицидтардың күшімен ауру тарататын микроағзалардың 80-90 процентін жойып жібереді. Әлемді шарпыған індет дәріханаларға да әсер етпей қоймады. Дәрі-дәрмек дүкенінің сөрелерінде бұл гельді табу оңайға түспейді. Ал осындай қиын кезде мұндай құралдың көмегі мол.

Десе де нарықта тапшылыққа енген антисептикті үй жайында да жасауға болады. Айтарлықтай қиындық тудыратындай іс емес. Бастысы – қажетті құралдар үйіңізден табылса болғаны. Ал ол мыналар: 60 проценттен асатын спирт, алоэ вера гелі мен қалауыңызға қарай хош иісті майлар. 6 қасық спирт пен 3 қасық алоэ гелін араластырамыз. Өз таңдауыңыз бойынша 5-10 тамшы эфир майын қосамыз. Дайындаған гель әдеттегі медициналық құралға ұқсамаса да, ең басты мақсатын атқаруы маңызды. Араластырып болған соң керек құтыға құйып қолданамыз. 2-3 секундта кеуіп қалатын құрал барлық бактерияның көзін жояды. Дегенмен, оны тек қол жуатын мүмкіндік болмаған жағдайда қолданған дұрыс. Ал үй жайында қолды сабындап жуу да жеткілікті. Себебі әлемдік денсаулық сақтау ұйымы "қолды жақсылап сабынмен жуу – гигиенаның ең қарапайым әрі мықты түрі" деп пайымдаған.

Сондай-ақ антисептиктің екінші түрі бар. Ол үшін бізге 100 мл этил спирті, 3 проценттік сутегі асқын тотығы 5 мл, 98 проценттік глицерин 1,8 мл және дистилендірілген судың 13 мл қажет. Барлық заттарды жақсылап араластырып, ыңғайлы құтыға құямыз. Бірақ, бұл құралды пайдаланар алдында 72 сағат күту қажет. Осы уақыт аралығында барлық элементтер өзара араласады.


Міне, осылайша тазалық құралын үй жайында немесе кез келген дәріханада табылатын заттардан істеуге болады. Ал бұл індеттің алдын алу мақсатында елде атқарылып жатқан іс көп. Осы орайда антисептиктің бір түрін жерлес ғалым Нұрбол Аппазов ойлап тапты. Шәкірттерімен бірге ойлап тапқан сұйықтықты қазір оқу орны қызметкерлері пайдалануда.

– Біз әзірлеп шыққан сұйықтық сол мезетте микроағзаларды жойып, әрі қарай оның күші бірнеше сағатқа дейін созылады. Бірақ біз ең кемі бір сағатқа дейін созылатын қасиетін айтып отырмыз. Сондай-ақ қолды құрғатпай, ылғалдандырып, терінің қасиеттерін де сақтайтын мүмкіндігі бар, – дейді химия ғылымдарының кандидаты, профессор Н.Аппазов.

Ол жақын арада өзі ойлап тапқан сұйықтықты патенттеп, өндіріске енгізу арқылы індеттің алдын алуға өзіндік үлесін қосуды көздеп отыр.
Әзірше арнайы дүкенде бағасы "аспанға ұшып" тұрған бұл құралды үй жайында осылайша оңай жасауға болады. Әрбір қиыншылық – пендеге берілген сынақ. Осы сынақта сабырлық сақтап, өзіміз бен өзгелерге зиянымызды тигізбеу. Бірлігімізді сақтасақ алынбайтын қамал болмасы анық. Сағат тықылы алға жылжиды, бұл індетті жеңетін күн де жетеді. Оған бек сенімді болайық.


Аслан НҰРАЗҒАЛИ

31 наурыз 2020 ж. 965 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 280

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 375

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930