» » Жәндіктің киік деген баласы бар...

Жәндіктің киік деген баласы бар...

Қазақ даласының сәні мен мақтанышына айналған киелі жануар халық арасында әртүрлі атқа ие. Бірі – «киік» десе, екіншісі – «ақбөкен», тағы бірі –«қарақұйрық» деп те атайды. Табиғаттың төл перзенті көз тоймас сұлулықтың иесі. Оның көркемдігі мен әсемдігін, киелілігін табиғатпен тілдесетін өнерпаздар өз шығармасына арқау еткен. Оған «Ақсақ киік» күйі, «Жез киік» әні, С.Сейфулиннің «Ақсақ киік» дастаны, Ғ.Жайлыбайдың «Киік қашқан» поэмасы айқын дәлел. Халқымыз ыңғайлы, әдемі затты «киіктің асығындай екен» десе, сұлу жанды «киіктің құралайындай сұлу екен» деп суреттейді. Сонымен қатар көпке араласпай, саяқ жүретін адамды «кісі киік» деп атаған. Халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан бұл жануар неліктен киелі?
Ертеректе бұл мекенге де киіктер жайылу үшін көптеп келіпті. Көпшілік оны атып, өз қажетіне жаратқан. Десе де киіктің киесі ұрып, өз өмірін өксітіп алғандар аз емес. Мұндай оқиғаның бірқатарын естіп, киіктің киелі екенін санамызға сіңіріп өстік. Осыған байланысты үлкендерден естіген мына бір аңыз есімде жақсы сақталыпты. Әлімсақта, Адам ата жерге түскен соң барлық жануар оны көруге жолға шығыпты. Ақбөкен алғашқы болып Адам атаны көріпті. Ұзақ жол жүргендіктен оған жеткен кезде киік құлап түсіпті. Сонда Адам оған інжірдің жапырағын беріп, аяғынан тұрғызады. Тұмсығынан сипағанда, өзге аңнан ерекше сұлу тұмсық бітіп, арқасынан сипағанда денесінен хош иіс аңқыған екен. Аяғынан сипағанда тұяғына қасиет дарып, жүйрік жануарға айналған. Оған қоса тұяғы түрлі дертке шипа болды. Көзінен өпкенде мөлдіреген жанар пайда болса, мүйізінен ұстағанда түрлі дертке дауа болыпты. Ал алақаны беліне тигенде, буаз кезінде іштегі елігінің жынысын өзгерте алатын өзгеше құдірет бітіпті. Мұны естігенде тіпті таң қалдым. Мұнымен қатар Адам ата ақбөкеннің бұйымтайын орындап, ол төлдегенде құралайы шыбын-шіркейге жем болмас үшін күнді салқын еткен. Қазақ ұғымында «құралайдың салқыны» деп аталатын бұл уақыттың қандай ерекшелігі бар?
Бүгінде бұл тіркесті ауылдағы көнекөз қариялардан естиміз. Оның ұғымы көмескіленіп, сирек қолданылуда. Қаладағы жұртшылық біле де бермейді. Википедия дерегіне сүйенсек, бұл кез – Қазақстанның орталығы мен солтүстік аумағында шамамен 20 мамырдан басталып, он шақты күнге созылатын ауа райы құбылмалы күндер. Қазақ халқы бұл уақытты «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізбесі» дейді. Бұл уақытта күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге қарай бұлт үйіріледі. Мұндай күндер бір апта мен он күнге дейін созылады. Төлдеуге жақындаған қоңыр аңдар бұлт үйірілген жерге топтасады. Яғни күннің көзінен таса жерге төлдеуге ұмтылады. Осыған орай, халық арасында киік лақтаған жерге найзағай ойнайды деген ырым да бар. Аспанды бұлт торлап, аздаған жел тұруы киік төліне өте пайдалы. Бұл уақытта құралайлар желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанады. Бір қызығы киіктер қанша көп болса да, 2-3 күнде толықтай төлдеп үлгереді. Табиғат заңының мұндай ғажабына таң қалмасқа шараң жоқ. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, қашанда аш жүретін түз тағысының да тәбеті тыйылып, етке қарамайды екен. Түз жануарының тағы бір сыры – аналық киіктер кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Сол себепті де киік құралайы ешқашан жетім болып, далада жалғыз қалмайды. Десе де аналық киіктің мыңдаған құралай арасынан өз төлін жазбай танитын қасиеті де бар. Киіктің киелілігін нақтылайтын тағы бір жағдай – мамырдың соңына таман шығатын «түйетабан» өсімдігі. Оның ерекшелігі – жасылдау-қызғылт түсті үлкен жапырақтары жаңа туған құралайды өзгенің көзінен жасырады. Осылайша қырағы бүркіт те оны көре алмайды. Ал бұл өсімдік құралай аяғына тұрысымен өздігінен жоғалып кетеді. Мұны табиғаттың өз перзентін қорғауы мен қолдауы деп түсінеміз.
Адам ата ақбөкенге «Сахараның сәні мен киесі бол!» деп, Бетпақ далаға жол сілтеген. Сол себепті болса керек, ел арасында киікке бата беру дәстүрі болыпты. Онда табын-табынымен жайылып келе жатқан киіктің алдынан шығып әжелеріміз шашу шашса, ақсақалдар бата берген. Мұндай бата «Мамырда құралайың егіз болсын, шілдеде еркетотай семіз болсын» деп басталса, «Тапсырдық көкті тәңір иесіне, қапыда кез келтірме киесіне» деп аяқталады. Ал бүгінде бұл дәстүр ұмыт болған секілді. Киіктің мүйізі мен тұяғын қымбатқа сатып, ақшаға дәніккендер киесін ойлап жатқан жоқ. Себебі оның мүйізінен аса бағалы пантокрин дәрісі алынады. Ал тұяғын күйдіріп, онан алынған күлді денедегі теміреткіге пайдаланса, сусамыр ауруына шалдыққанға да тигізер пайдасы мол.
Дала жануарын, оның ішінде саны азайып келе жатқан киіктерді қорғау тек табиғат жанашырының ғана міндеті емес, қоғамға ортас іс екенін ұғыну қажет. Ғалымдардың зерттеуінше, киік – дархан даланың киесі ғана емес, оның сақтаушысы мен түлетушісі. Оған себеп киіктер шөптің жұмсақ жерін жейді, қой секілді түбірін үзбейді. Сондықтан өсімдіктің өсуі тоқтамайды, керісінше шаң-тозаңын тұмсығы арқылы таратып, тұқымын үшкір аша тұяғымен өзге жерге енгізеді. Осылайша өздігінен тұқым шаша алмайтын өсімдіктің дамуына үлес қосып, топырақтың құнарлылығын арттырады.
Сахараның ботакөзі атанған киіктің көзі әрдайым мөлдіреп тұрады. Жаутаңдаған жанарынан тазалықтың, пәктіктің лебі ескендей. Көзіне ғана қарап сағаттап тұра беруге барсың. Осындай сұлулық пен ерекше қасиетті бір бойына үйіп берген табиғаттың тамаша туындысына ерекше қамқорлық қажет екенін естен шығармаған жөн. Күннен-күнге саны азайып келе жатқан жаратылысы бөлек жануарды жоймас бұрын С.Сейфуллиннің мына өлең жолдары әрбір жанның қаперінде болса екен.
Киікті қазақ және дейді бөкен,
Бетпақты бұл бейшара қылған мекен.
Бөкенді атып мерген өлтіргенде,
Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
10 желтоқсан 2019 ж. 3 025 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031