ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БОКС ТУРНИРІ
Жуырда 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан Ерлан Бақытжанұлы Нысанбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дәстүрге айналған бұл спорттық бәсеке жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың бойына отансүйгіштік пен табандылық қасиеттерді сіңіруді мақсат етеді.
Халықаралық деңгейде өткен турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен және Қазақстанның әр аймағынан келген 15 команда қатысты. Жалпы саны 300-ге жуық жас боксшы үш күн бойы өзара мықтыны анықтап, тартысты жекпе-жектер өткізді. Әр салмақ дәрежесінде өткен кездесулер көрермендерге нағыз спорттық рух пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті.
Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Ол бұл турнирдің жасөспірімдерді спортқа баулудағы, салауатты өмір салтын насихаттаудағы және елжандылыққа тәрбиелеудегі маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Ерлан Нысанбаевтың ағасы Зал Шаймерденов пен жарысты ұйымдастырушылар атынан Ғалымжан Көшкінбайұлы сөз алып, турнирдің негізгі мақсаты мен тәрбиелік мәніне тоқталды.
Ерлан Бақытжанұлы Нысанбаев жастайынан спортты серік етіп, бокспен тұрақты түрде айналысқан. Ол аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып, спорттағы қайсар мінезімен танылған. Оның елге, спортқа деген адалдығы мен жігері бүгінгі жас спортшылар үшін үлгі болып отыр.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша барлық салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар анықталды. Сайыс нәтижесінде 42 келі салмақ дәрежесінде түркістандық Али Абдикамал, 44 келі салмақ дәрежесінде атыраулық Елдар Тажигали, 46 келі салмақ дәрежесінде қырғызстандық Алинұр Бақытбеков, 48 келі салмақ дәрежесінде алматылық Мухаммед Жасұланұлы, 50 келі салмақ дәрежесінде алматылық Адил Айсаев үздік деп танылды. Ал 52 келі салмақ дәрежесінде тәжікстандық Амурулло Гулов, 54 келі салмақ дәрежесінде алматылық Асылан Асылхан, 57 келі салмақ дәрежесінде шымкенттік Рамазан Абдикарим, 60 келі салмақ дәрежесінде Ақмола облысынан Айбек Садыр, 63 келі салмақ дәрежесінде түркістандық Мусин Асадиллаұлы, 66 келі салмақ дәрежесінде түркістандық Нұрасыл Малдеханов, 70 келі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Сардор Абдуназаров, 75 келі салмақ дәрежесінде шымкенттік Дидар Шарапат, 80 келі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Искандер Абдуллаев, 80 келіден астам салмақта қармақшылық Ерасыл Адилов жеңіс төрінен көрінді.
Түркістан, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола облысының спортшылары, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген боксшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Әсіресе шешуші жекпе-жектер аса тартысты өтіп, төрешілердің әділ бағасына ие болды. Жарыс барысында қармақшылық жас спортшылар да белсенділік танытып, жергілікті жанкүйерлердің қолдауына ие болды.
Он бірінші рет ұйымдастырылып отырған бұл халықаралық турнир аймақтағы бокс спортының дамуына айтарлықтай серпін беріп, жас спортшылар арасындағы тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік жасады. Осындай деңгейдегі жарыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қазақ боксының болашағын қалыптастыратын жаңа есімдердің шығуына ықпал ететіні сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















