ҚАРМАҚШЫДА БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
Ауданда бокстан халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы, талантты боксшы Ерлан Нысанбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир басталды.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін Қазақстан Республикасының және халықаралық жарыстардың жеңімпазы Мұхит Амантаев, Ерлан Нысанбаевтың ағайындарының атынан Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Сақтапберген Медеуов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Ауданда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен және Атырау, Алматы, Ақмола, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Алматы, Астана қалаларынан барлығы 16 команда, 300-ге жуық спортшы қатысуда.
Спорттық шараның негізгі мақсаты – Ерлан Нысанбаевты еске ала отырып, жасөспірімдер арасында бокс спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, боксшылардың спорттық шеберлігін шыңдау.
Ерлан Нысанбаев 2002 жылдан бастап аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс үйірмесіне қатысып, аз ғана уақыттың ішінде өзінің жеңіске деген құштарлығымен көзге түсіп, Қызылорда облысының чемпионы атанған. Арал қаласында өткен республикалық турнирде, бірнеше рет аудандық, облыстық турнирлерде жүлдегер атанған. 2004 жылы Ақсу қаласында халықаралық турнирде чемпион атағын иеленген.