» » Жетістігі көп жаттықтырушы

Жетістігі көп жаттықтырушы

Бүгінде өңірімізде ел намысын қорғап жүрген апайтөс балуандар, тау көтерген толағайлар, желмен жарысқан желаяқ спортшылар жетерлік. Солардың арқасында байрақты бәсекеде Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз шырқалып жүр. Ал осы спортшылардың артында білікті бапкер мен жан аямай тер төгетін жаттықтырушы тұрғанын білеміз. Спортшы қанша жерден талантты болса да, бапкерсіз бәсекенің биік шыңына көтеріле алмасы анық.
Кей жағдайда спорт саласында саңлақтардан чемпион шығарған жаттықтырушылардың маңдай тері мен ізденісі көзге көріне бермейді. Ал олардың жұмысына шын үңілсеңіз үлкен еңбек жатыр. Қазақ «жігітті кеткен күшімен сынама, еткен ісімен сына» деген. Бүгінде топ ішінде балаларды танып, оларды шынықтырып, ілкімді ісімен танылып жүрген мақтаулы бапкерлер Қармақшы елінде жетерлік. Солардың бірі – Айдар Ералиев.
Белгілі бапкер кәсіби спорттағы еңбек жолын 2009 жылы бастаған. Бұдан бір жыл бұрын Сыр елінің дарабозы Илья Ильин олимпиада чемпионы болғаннан кейін облыстық спорт басқармасының қолдауымен аудандарда ауыр атлетикадан зал ашыла бастайды. Мақсаты – ауыл балаларын спортқа тарту. Сол жылы аудандағы спорт мектебінің директоры Әлжан Төремаханов пен Артур Әлиев ауыр атлеттен жаттықтырушыға лайық деп Айдарды қызметке шақырады. Себебі ол, Астана қаласындағы спорт мектебіне ауыр атлет бойынша оқуға түсіп, осы салада жаттығып, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы атанған. Мұнан бөлек спорт шебері атағы тағы бар. Сөйтіп спортшы ұсынған қызмет орынға бірден келмейді. Алайда ауылдағы ағалары, достары «елге қызмет ету керек, ауылдан чемпиондар шығару керек» деп жігерлендіреді. Осындай қолдаудан күш алған ол қызметке кірісіп, көптеген шәкірт тәрбиелейді.
– Әдепкі жылдары сәл қиыншылықтар болды. Спортта бала тәрбиелеп, чемпион шығару да оңай жұмыс емес. Елдің абыройын арқалау ол үлкен жауапкершілік. Көпшіліктің жігерлендіруімен алға мақсат қойып, шәкірттерімді үздіксіз жаттықтырдым. Сөйтіп ауылдан мықты спортшылар шықса екен деген арманым орындалып, шәкірттерім жоғары орыннан топ жарды. Атап айтсам, Айшолпан Әмзеева, Гүлназ Шәмиева, Нұрбол Мүсілімов, Әмірхан Қожабаев, Ержан Шамшатов, Еранат Рахметов, Әділет Әбдіқали, Ермахан Орынбеков, Бабыр Қожантай, Данияр Сайлаубеков және өздеріңізге белгілі Ерасыл Сәулебеков. Осы аты аталғандар Қазақстан Республикасының чемпиондары, жүлдегерлері және спорт шеберлері. Мұнан бөлек халықаралық дәрежедегі екі оқушым бар. Мақсатымыз осы киелі топырақтан спорт саңылақтарын шығару. Қазір шүкір ауданымыздың спорттан ойып алар өзіндік орны бар. Барлығы осы үлкен қолдаудың, еңбектің арқасында, – дейді білікті жаттықтырушы.
Айдар Қойшыбекұлы қазіргі таңда аудандағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ауыр атлет бойынша қызметін жалғастыруда. Мұнда 35 оқушы әр күні залға келіп жаттығады. Бапкер оқушыларының әр жаттығуын қадағалап, көз алдынан таса қылмайды. Тіпті үлкен додаларда қасына алып жүріп, жағдайын жасайды.
– Спортта шәкірт тәрбиелеп додаға қосу, астыңдағы атыңды бәйгеге баптағанмен бірдей. Осыдан төрт жыл бұрын елді індет жайлаған уақытта спорт залдар уақытша жабылып, оқушылар жаттығуға келе алмады. Сонда тәуекелге бел байлап жарысқа үміті бар шәкірттерімді жинап, 6-7 ай үйде жаттықтырдым. Соның ішінде Ерасыл қасымда көп дайындалып, менімен бірге болды. Оның тамағын, жаттығуын үнемі бақылап отырдым. Сол үздіксіз жаттығудың нәтижесінде ол 2022 жылы Әлем чемпионы атанды. Кез келген шәкірттеріме қояр басты талабым бірінші – темірдей тәртіп, одан кейін адамдық қасиеттерді үйрету, яғни дұрыс сөйлесу, адамды сыйлау. Үшінші – жаттығудан қалмау. Міне, осының барлығын жиі айтып отырамын, – дейді ол.
Білікті бапкер шәкірттері додаға түскенде оның қарсыласынан сынып қалмауын да қатты қадағалайтынын жасырмады. Мұндай жағдай спортта жиі орын алып тұрады дейді ол.– Ерасылмен екінші рет Албания еліне барар алдында оның қарсыласын әлеуметтік желіден іздеп тауып, таныстырдым. Кейін жарысқа сол елге барғанда әр аймақтан келген барлық спортшылар бір қонақ үйде болдық, бірге тамақтандық. Бірақ шәкіртімді бір елі қасымнан тастамадым. Басқа елдің спортшылары қастарына бірге тамақтануға шақырғанда да жібермедім. Себебі, қазір допинг деген бәле бар. Кім біледі, тамағына қосып жіберуі мүмкін ғой. Спортта тайталас қатты. Жарыста жүргенде Ерасылды қарсыласы армиян жігіт бірден «досым» деп жақын тартып, оған дайындықтағы видеоларын, мынша ауыр зілтемір көтергенін көрсетіпті. Мен оның психологиялық шабуыл екенін бірден байқадым. Содан оны шақырып алып, жеңіс әуелі Құдайдан екенін айтып, қарсыластан ешқандай қорқудың, қобалжудың керегі жоқ екенін түсіндірдім. Жалпы Ерасыл екеуіміз бір адам болып, тек көзбен, ыммен сөйлесіп жүрдік. Ол айтқанды тез түсініп, қағып алады, – дейді Айдар Ералиев.
Иә, «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі, Көк тудың желбірегені» деп елдің абыройын ойлаған бапкеріміздің бүгінде қолға алған жоспары көп. Бұйырса алдағы уақытта басқа да шәкірттерінен жеңіс күтер үміті бар. Біз де жаттықтырушының залы болашақта спорт саңлақтарының ұстаханасына айналсын деген тілегімізді білдіреміз.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
16 қаңтар 2024 ж. 830 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031