Бір ауылдан шыққан үш балуан
qarmaqshy-tany.kz Үшеуі де – жеңімпаз. Олар – елдің мақтанышы. Қазір халықаралық жарыстарда қазақтың атын шығарып жүр. Қырықтан асса да, үшеуі де спортты тастаған жоқ. Қуанатынымыз бекер емес. Өйткені кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ осындай азаматтарға қарап бой түзейді. Ақиқатын айту керек, кәсіби спортта тұрақты жүргендер ары кетсе, 30-35 жасында мансабын аяқтайды. Ал жұмыс пен спортты қатар алып жүргендер көп емес. Біз сөз етіп отырған үш жігіт те бала жасынан спортшы. Жетістіктері де жетерлік. Өз кәсібі, тіршілік, жұмыстары бар. Бірақ спортты өмірлік серігіне айналдырған жандар. Өйткені ұлт саулығы бәрінен де қымбат.
Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деп атап көрсеткені белгілі. Мұны неге айтып отырмыз? Ағайынды Әбу-Дастан мен Дәулет Арапұлы екеуі де қазір Алматыда бұқаралық спортты дамытып отыр. 2015 жылы Зинали әкесінің бастауымен бауыры Дәулеттің ұйымдастыруымен «Кете Прайд» спорт клубын салды. Қазір аталған спорт кешенінде бапкер Төлеген Сұлтановтың басқаруымен еркін күрес, самбо, дзюдо, қазақша күрес секциялары жұмыс істейді. Сондай-ақ грэпплинг, джиу-джитсу, теннис, гимнастика, таэквондо, бокс, футбол және тағы басқа да спорт түрлері жұмыс істеп тұр. Әрқайсысының өз бапкері бар. Тұрақты түрде жаттығады. Осылай спортты сүйер жұртшылыққа жағдай жасап отырған қос азамат өздері бұл саладан кенде емес. Өздері де спортты бала жасынан серік еткен. Ағайындылардың қырықтан асса да жетістіктері жетерлік. Жақында Болгарияның Варна қаласында жауынгерлік күрестен ерлер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Оған Әбу-Дастан Зиналиев те қатысты. 40-44 жастағылар арасында күрестің грэпплинг және грэпплинг-ги түріне барған ӘбуДастан 1 және 3-орынды иеленіп қайтты. Айта кету керек, ӘбуДастан Арапұлы даңқты палуан әрі бапкер Хайдар Қарпықовтың шәкірті. Сыр өңірінің тумасы бапкер Әділбек Серікбаевтың қол астында жаттыққан. Әбу-Дастан – самбодан спорт шебері. Әлемнің әр түкпіріндегі халықаралық жарыстарға қатысып, қазақтың көк туын көкте желбіретіп жүр. Ал атақты бапкер Әділбек Серікбаев осыдан екі-үш жыл бұрын өмірден өтті. Ол алақандай ауылдан жүзге жуық спорт шебері мен халықаралық, құрлықтық бәсекелердің чемпиондарын даярлаған білікті бапкер. Әділбек самбодан Т.Көмекбаев мемориалының халықаралық деңгейге көтерілуіне де үлес қосты. Енді Әбу-Дастанның жетістіктеріне көз салсақ. Ол дзюдо, самбо, қазақ, еркін күрестен республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болды. Осы жылы маусымда Алматыда қазақша күрестен мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен «Түйе балуан» республикалық турнирінің жүлдегері, өткен жылы желтоқсанда Мәскеу қаласында өткен дзюдодан шеберлер арасындағы «Ресей ашық кубогі чемпионатының» жеңімпазы, биыл маусымда Астана қаласында болған самбодан шеберлер арасындағы «Азия және Мұхит елдері чемпионатының» жүлдегері, Болгарияда Варна қаласында жауынгерлік күрестен ерлер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, Грекияның Лутраки қаласында шеберлер арасында өткен грэпплинг күресінен әлем чемпионатының жеңімпазы, осы қалада шеберлер арасында өткен грэпплинг-ги күресінен әлем чемпионатының жүлдегері. Ә.Зиналиевтің ендігі арманы – «Кете Прайд» клубының шәкірттері арасынан көбірек олимпиадалық ойын түрлерінен әлем және олимпиада чемпионын шығару. Еңбек жеміссіз де емес. 2016 жылы Риоде Жанейро, ал 2021 жылы Токиода өткен параолимпиадалық ойында «Кете прайд» клубының екі спортшысы қос күміс алып, қазақтың атын шығарды. Қуанарлық нәтиже ме? Сөз жоқ, жетістік. Спортшы әке Әбу-Дастанның ізін балалары Құдайназар мен Текей де жалғастырып келеді. Олар да спортты серік еткен. Жұмыс істейді әрі спортпен етене егіз. Екеуі де жасөспірім арасында дзюдо мен самбодан өткен Азия чемпионатында жүлдегер атанды. Атадан өнеге, әкеден тәрбие деген осы. Ал Әбу-Дастанның інісі Дәулет те дзюдо, самбо, қазақ, еркін күрестен республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Былтыр Мәскеу қаласында дзюдодан Ресей ашық кубогі чемпионатында екінші орын алды. Осы жылы Астана қаласында самбодан шеберлер арасында Азия және Мұхит елдері чемпионатында финалға шығып екінші орын алса, Болгарияда Варна қаласында жауынгерлік күрестен ерлер арасында 30 ел қатысқан жарыста әлем чемпионы атанды.
Дәулет – кәсіпкер. «Кете Прайд» спорт клубының ұйымдастыру, шаруашылық жұмыстары мен басқа да тірліктерінің басы-қасында жүреді. Қарбалас жұмыста жүрсе де спорттан еш қол үзген емес. Жетістіктерін жоғарыда сөз еттік. Үшінші әлем чемпионының аты-жөні – Насреддин Айтымов.
Ол оқушы, студент кезінде еркін күрестің атақты бапкері, даңқты палуан Мұқанай Таубаевтың қол астында жаттыққан. Спорт шеберіне кандидат дәрежесіне дейін жеткен. Ол атаулы клуб ашылғаннан бері осында дзюдо, самбо күресінен әлем, олимпиада жеңімпаздарымен қатар жаттықты. Н.Айтымов дзюдо, самбо, қазақ күресінен республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болды. Енді спортшы жетістіктеріне тоқталсақ. Ол 2022 жылы Мәскеуде өткен дзюдодан шеберлер арасында Ресей ашық кубогы чемпионатының жүлдегері. Осы жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде Абу-Даби қаласында шеберлер арасында өткен дзюдо күресінен 60 ел қатысқан жарыста әлем чемпионы атанды. Жұмысын істей жүріп, спортты жанына серік еткен азамат. Данышпан Абайдың бір ұлы сөзі бар: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге, жарар ол». Демек, спортты өмір бойы серік етіп келе жатқан, Сыр бойынан шыққан мұндай жігіттердің барына неге қуанбасқа, неге мақтамасқа?! Үшеуі де – әлем чемпионы. Спортта отызында орда бұзған, қырық жасында қамал алған азаматтар. Ең бір қызығы, үшеуі де бір ауылдан. Қызылорда облысының Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылының тумасы. Ал Ақжар – атақтылар шыққан жер. Жырау Көшеней, Бидас Рүстембеков, жазушы Адам Мекебаев, аңызға айналған Социалистік Еңбек Ері, механизатор Қасымтай Ізтілеуовтің, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Ерасыл Сәулебековтың (аталарының) туған отаны. Ауылдың спорт мектебінде қазірдің өзінде ағалы-інілі, әкелі-балалы Зиналиевтердің суреті құрметпен аталып, қатар тұр. Ерасыл Сәулебековты қосқанда кішкентай бір ауылдан төрт әлем чемпионы шыққанын байқадық. Ал атақтылар өсіпөнген ауылдың азаматтары ешқашан да осал болмайды. Үш азамат Алматыда тұрса да, ауылдан кіндігі ажыраған емес. Азаматқа қарап, ауылын білесің. Ауылға қарап, азаматын танисың. Ризашылығыңды білдіресің. Біз әлемдік додалы жарыстарда қазақтың көк туын желбіретіп, даңқын асырып жүрген үш азаматқа «абыройың аласармасын» деп тілек айттық.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ