» » Спортты серік еткен әулет

Спортты серік еткен әулет

qarmaqshy-tany.kz «Спорт - денсаулық кепілі» деп бекер айтпаған. Бұл ұстанымды Ақай ауылы тұрғындарына есімі танымал Бердалы Дәулетбаевтың әулеті берік ұстанған.
1947 жылы даңғайыр ақын Тұрмағамбет ауылында өмірге келіп, өсіп­өнген ағамыз бертін келе қызмет бабымен Ақай ауылына қоныс аударып, елді мекеннің өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан азамат.
Ол алғашқы жылдары механизатор, кейіннен шаруашылық басшыларының қолдауымен кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланады. Бұл қызметте ұзақ жыл еңбек етіп, ел құрметіне бөленеді.
Бүгінде ағамыз құрметті зейнеткерлік демалыста болса да қоғам белсендісі. Ол Байқоңырдағы билер, ақсақалдар кеңесінің мүшесі және медиатор. Ал, отанасы Қарлығаш Сәдуақасқызы «Алтын алқа» иегері, «Ана даңқы» орденімен марапатталған алтын құрсақты ана.
Негізінен Дәулетбаевтар отбасын ауылдастары спортшылар әулеті деп атайды. Нақтысын айтқанда, бала жасынан ойшылдар ойынын өміріне серік еткен Бердалы аға шахматтан бірнеше дүркін облыстық, аудандық және Байқоңыр қаласының жеңімпаз, жүлдегері. Ал, оның баласы Кендебай да спортқа жақын өскен. Ол қазақ күресі, самбо, шахматтан өңірлік жарыстарда жүлдегер атанған танымал спортшы. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінде ұзақ жыл абыройлы қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан соң салалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде туған жердің өркендеуіне үлесін қосуда. Сондай­-ақ, ғарышкерлер айлағында бұқаралық және ұлттық спорттың өркендеуіне атсалысып жүрген атпал азамат.
Бердалы ағамыздың тағы бір баласы Наурызбек те спорт саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыруда тер төге еңбек етіп жүрген жас спортшылардың бірі. Әскери самбомен бала жасынан айналысып келе жатқан дарын иесі. Ол есімі аймаққа танымал спорт майталманы Төлеби Төлеповтың жаттықтыруымен бірнеше рет республикалық, халықаралық, әлемдік жарыстарда өз салмақ дәрежесі бойынша топ жарып, ел үмітін ақтаған даңқты самбошы. Анығын айтқанда, әскери самбодан Әлем кубогінің және Қазақстан чемпионаттарының бірнеше мәрте жеңімпазы, жүлдегері. Бірақ қазіргі таңда ол спорттық мансабын жаттықтырушылыққа айырбастап, Ақайдағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ауыл балаларын самбо, қазақ күресіне баулуда. Көптеген шәкірті түрлі деңгейдегі додада жасындай жарқырап, ұстаз мерейін асқақтатуда. Наурыздың зайыбы Назерке де есімі өңірге танымал самбо күресінің шебері Дархан Сержановтың шәкірті. Ол да көптеген дүбірлі жарысқа қатысып, жерлестерінің мерейін тасытқан балуан.
Сонымен қатар, Дәулетбаевтар әулетінде жас та болса биік шыңдарды бағындыруда тер төгіп жүрген немерелер де бар. Оның ішінде, Әбдікәрім Бердалыұлының баласы Нұрталап самбодан жасөспірімдер арасында Байқоңыр қалалық, облыстық және халықаралық, анығын айтқанда Ресей Федерациясы қалаларында өткен дүбірлі жарыстардың жүлдегері. Сонымен қатар, Бердалы ағамыздың тағы бір баласы Елтайдың ұлы Әбілмансұр да жасөспірімдер арасында каратэ­додан түрлі деңгейдегі бәсекелерде көш басынан көрінген, әулет абыройын асырып жүрген балғын спортшы.
– Спортшылар арасында «Спорт кермек тер шығаратын ермек» деген ұғым бар. Расында да ол адамнан кермек тер шығарып қоймай, оны әлемге танытады. Тіпті спорт – үлкен бақытқа апарар жол және адам денсаулығына оң әсерін тигізетін бірден­бір себепші екенін білеміз. Мен шахматты бала жасымнан ермек етіп келемін. Біршама жетістіктерім де бар. Шахмат – ойшылдар ойыны. Әркез мен бұл спортты жаныма жақын тартып, оны әр жерде насихаттап жүремін. Жастарды да осы спорт түрімен шұғылдануға шақырамын. Кейде балам Кендебай үйге келгенде шахмат ойнап, ойын көрігін қыздырып тұрамыз. Көңіл­күйім көтеріліп, денсаулығым жақсарып қалады. Ауылдастар арасында да, Байқоңырда да талантты шахматшылар жетерлік. Олармен де кездесіп, шахмат жайлы өз ойымызды білдіріп тұрамыз, – дейді Бердалы аға. 
Нұрбай Жанәділов
20 тамыз 2023 ж. 849 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031