Ардагер аға асуы
qarmaqshy-tany.kz Мал шаруашылығы – өңіріміздегі ең маңызды саланың бірі. Бұл сала халықты түрлі тағам өнімдерімен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз ететіні халыққа мәлім. Ал, осы малдың түрлі ауруға ұшырамауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз етуде тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандарының қызметі ерекше рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті.
Қазақ қауымының өсіп-өркендеуіне өзіндік маңызды рөлін атқаратын мамандыққа талай атпал азаматтар өмірін арнап, елге қызмет етті. Солардың бірі – Жосалы кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Үміткәрім Досымов.
Біз әңгімелегелі отырған азамат туралы халық не біледі деген сұраққа келсек, негізінен Үміткәрім аға Қазалы ауданына қарасты Байқожа стансасында дүниеге келіп, осы елдегі орта мектепте алғашқы әріпті танып, кейіннен ата-анасымен Тұрмағамбет ауылына қоныс аударып, ауылдағы №29 орта мектепті тәмамдайды.
1965 жылы мектепті бітірген ол замандастары сияқты өмірін жоғары білім алумен бастамай, керісінше ауданда жаңадан құрылған Жаңақала кеңшарында шопан болып жұмыс істейтін әкесіне көмекші болудан бастайды. Бірақ, арада екі жыл өткен соң, жас шопан білімін жетілдіруде Алматыдағы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына құжат тапсырып, емтиханнан сәтті өтіп, онда жоғары білімді ұстаздардан 4 жыл бойы ветеринария саласының қыр-сырын терең меңгеріп шығады. Талапты студент институт қабырғасында білім ала жүріп, ондағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Атап айтсақ, спорт десе ішкен асын жерге қоятын Үміткәрім ағамыз спорттың гандбол түріне деген ерекше ықылас танытып, институт құрамасы сапында көптеген жарыстарға қатысады. Талантты спортшы өзінің дарындылығымен, ерекше қабілетімен көптеген дүбірлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Нақтысын айтқанда, 1970 жылы жоғары оқу орындары арасында институт құрамасы сапында Тәжікстанда өткен бүкілодақтық додалы жарысқа қатысып, жеңімпаз атанса, келесі жылы Украинада өткен бүкілодақтық жарыста жүлделі ІІІ орынды, содан кейінгі жылы Литвада өткізілген жарыста тағы да ІІІ орынды иемденіп, өзі де үздік ойыншылар қатарынан орын алып, қазақ елінің, оның ішінде өзі білім алатын Алматы зоотехникалық институттың мерейін тасытады.
Осындай дарынды азаматтың еңбегін бағалаған институт басшылығы оны өзі білім алған оқу орнында денешынықтыру сабағының мұғалімі, оның ішінде гандболды дамытуға ұсыныс тастайды.
Алайда, «Туған жерге туыңды тік» деген қазақ даналығын бойына сіңірген, әкесінің баласына айтқан ақыл-кеңесімен Үміткәрім ағамыз өзіне қойған талапты орындауға елге оралады.
Жас маманды туған ауылы қуана қарсы алып, оны шаруашылық басшылығы бастапқы кезде мал емдеу бекетінің дәрігері, кейіннен сол бекеттің меңгерушісі қызметіне тағайындайды.
Алғыр да әрбір іске шеберлікпен қараған Үміткәрім ағамыз араға жылдар салып, Жаңақала кеңшарына қарасты Кекірелі елді мекеніндегі мал фермасына дәрігер, ферма меңгерушісі қызметтерін сеніп тапсырып, қызмет жолында сатылап өсуіне жағдай жасайды.
Білімді де білікті маман ауылдағы шаруашылық басшылығы сеніп тапсырған тапсырмаларды жауапкершілікпен орындап, аға буыннан алған өмірлік тәжірибесін шәкірттеріне арнап, олардың қоғамнан орнын сайлап алуына еңбек сіңіреді.
Еліміз егемендік алып, жаңаша өмір сүре бастаған алғашқы жылдарында Үміткәрім Досымов ауыл тұрғындарымен тәуелсіздіктің туын аспандатып, елді жаңаша өмір сүруге шақырғандардың бірі болды. Ол өз ісінің шебері ретінде елге жаңаша қызмет етуде көптеген іргелі істердің басы-қасында жүрді. 1991 жылы ауыл тұрғындарымен ойласа отырып, мал шаруашылығы бағытындағы «Үш ағаш» кәсіпорнын құрды. Оны өзі басқарып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыл тұрғындары басынан өткерген қиыншылықтан аман-есен шығуына аянбай еңбек етті. Көптеген ауыл тұрғындарының төрт түлігінің сақталуына жұмыс жасады.
Сондай-ақ, ол 1996-2000 жылдарда «Мыңтай» шекара бекетінде жетекші мал дәрігері, кейіннен өзі еңбек еткен Тәйімбет Көмекбаев ауылында мамандығы бойынша елге еңбегін сіңіріп, құрметпен зейнеткерлік демалысқа шықты.
«Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарың тіленбей» деп данышпан ақын Абай Құнанбаев айтқандай, Үміткәрім Досымов өзінің саналы өміріне серік еткен мамандығының білгірі ретінде көптеген марапатқа да ие болған құрметті азамат.
Ол Кеңес Одағы дәуірінде өздері қызмет еткен сала бойынша үздік деп танылған азаматтарға берілетін мадақтамалардан да, сый-құрметтен де кенде болған емес. Тіпті, сала үздігі ретінде «Урал» мотоциклін сыйға алса, облыстық, аудандық партия комитеттерінің, әкімдіктердің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен мадақталды.
Т.Көмекбаев ауылындағы №1 мал фермасының меңгерушісі болып қызмет еткен жылдарда оның қолдауымен ферма шопаны Пернетай Игенбаев аудандық атқару кеңесінің депутаты болып сайланса, ферманың енді бір азаматы Жаңабай Сандыбаевтың республикалық комсомолдар съезіне делегат болып қатысуына қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, Пайызхан Қарамұрзаев Тұрсын Сержанов, Құдайберген Шайманов, Жақсылық Тілеубеков, Мұрат Өсербаев, Нұрмахан Айбергенов сынды құрметті шопандарға олардың тұрмыстық жағдайларына қолдау жасады.
«Мал шаруашылығы атам қазақтың басына біткен бақыт. Бұл шаруашылық бізге ата-бабадан аманатталып келе жатқан кәсіп десек те болады. Мен де бала кезден қолына аса таяғын ұстап, Қызылқұмда шопан болып еңбек еткен әкеме көмекші ретінде қой бақтым. Балалық шағымнан өміріме жақын болған бұл мамандықты өсе келе де кәсібіме айналдырдым. Мал дәрігері бұл ауыл тұрғындары үшін қадірлі де құрметті мамандық. «Еңбек түбі – береке» дейді қазақ халқы. Міне, өміріме серік болған сүйікті мамандығымның арқасында көптеген құрметке ие болдым. Ауылдастарымның алғысын алып, мал шаруашылығының өркендеуіне үлесімді қостым. Иә, талай қиыншылықтар басымнан өтті. Ондай кезде аға буын өкілдерінің өнегелі өмір жолдарына, өмірлік, қызметтік тәжірибелеріне сүйендім. Кейіннен мен де осы мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, тіпті шәкірт те тәрбиеледім. Ауылдың әрбір отбасындағы төрт түлікке жақын болып, оның денсаулығына жауаптылығын өзімнің міндетім деп санадым. Қазақта «Еңбек түбі – бейнет, бейнет түбі – зейнет,», «Еңбек етсең емерсің» деген жақсы тәмсіл бар. Ел-жұртымның өсіп-өркендеуіне қосқан перзенттік парызым үшін де бірнеше рет аудан, облыс басшыларының құрметіне ие болдым. Еңбегім еш кетпеді, Бүгінде ауылыма жол салып, той-томалаққа бара қалғанда ауылдастарым қуана қарсы алады. Қонаққа шақырады. Сыйлайды, тіпті кейде менің азды-көпті жақсылықты істерімді айтып құрмет көрсетеді. Бұдан артық маған қандай бақыт керек. Жасым да келді. Қарттарға жақсылықты мақтаулар айтсаң болды олар бір марқайып қалады. Әрине мен де мақтаудан кенде емеспін. Айналамды қоршаған жақсылармен бірге өмір сүріп жатқан жайым бар. Тек өмірімнің мәні, ұл-қыз сыйлаған жарымның өмірден ерте кетіп қалғаны болмаса. Алла маған бақытты өмір сыйлады. Ұл-қыз өсірдім. Немере, шөбере сүю бақытына ие болдым. Айлин есімді тәп-тәтті шөберімнің қолынан күнде бір рет су ішпесем көңілім көншімейді. Немерем Нұрдәулетім менің жолымды ұстанып, аудандық ветеринария стансасында мал дәрігері болып қызмет етуде. Жаман емес, ұжымдастары алдында абыройлы. Кейде маған еркелеп, «ата мен сенің ізбасарыңмын» деп те мақтанып қояды. Ал мен болсам, Аллаға шүкір деп ұрпақтарымның тілеуін тілеп отырамын» деді ағамыз сөз соңында.
Иә, «Өмір – өзен» дейді. Міне, осы өзеннің ағысымен жүзіп келе жатқан ел ардақтысы Үміткәрім Досымов бүгінде аудан орталығы Жосалы кентінде тұрады. Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. Өңірде болып жатқан қоғамдық жұмыстардың белсендісі. Өзінің өнегелі өмір жолымен жастарды қолдап, оларға үлгі көрсетіп жүрген аға буын өкілдерінің бірі.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ