» » Жақсыға жақын көп

Жақсыға жақын көп

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет – ұрпақ міндеті» демекші, қазақ халқының атадан балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі және сол саналы өмірін ұлт болашағы үшін сарп етіп, өзінің өнегелі өмір жолымен туған еліне адал қызмет етіп жүрген атпал азаматтарды құрметтеу парыз - екені белгілі. Осы ретте аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың өңір экономикасын нығайту және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын арттырудағы іс-қимыл бағдарламасы аясындағы басты мақсатының бірі – елге еңбегі сіңген азаматтар, ардагерлердің игі істері мен өнегелі жолдарын өскелең-ұрпақтың жадында сақтау және насихаттау болып табылады.
Міне, осындай ақ адал көңілімен ел-жұртының ықыласына бөленген аяулы жанның бірі – Байқоңыр қаласының тұрғыны Балдай Қалиянқызы.
Елін сыйлаған, құрметтеген, адал еңбегімен байқоңырлықтар мен оның іргесінде орналасқан Төретам кенті, Ақай ауылы тұрғындарының құрметіне бөленген еңбек ардагері, үлкендер арасында да, жастар арасында да «Біздің Балдай апай» атанып кеткен Балдай Қалиянқызы жайында айтар болсақ, өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында өмір есігін ашқан. Кейіпкеріміз өсе келе қатарымен бірге ауыл мектебін тәмамдаған соң арман қуып, металлургтер Отаны атанған Жезқазған қаласындағы педагогикалық училищесіне оқуға - түседі. Одан соң аталмыш арнаулы оқу орнындағы білікті сала мамандарынан саналы тәлім-тәрбие алып, еңбек жолын No8 балабақшада тәрбиеші болудан бастайды.
1994 жылы отбасылық жағдаймен Байқоңыр қаласына қоныс аударған Балдай апамыз алғашқыда Ю.Гагарин атындағы No8 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып балғын шәкірттерді қазақ әліпбимен таныстырса, осы білім ордасында 2015 жылға дейін үздіксіз ұстаздық қызмет етіп, көптеген шәкірттің сүйікті апайы деген ардақты атты иеленеді.
Шәкірт тәрбиелеудегі елеулі еңбектері үшін ұлағат иесі Балдай апайымыз салалық марапаттарға ие болды. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі зор еңбегі үшін ол «Ұстаз ұлағаты» және «Байқоңыр қаласының еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Көп жылғы көрген бейнетінің зейнетін көретін сәт те келіп жетіп, 2015 жылы ұлағатты ұстазды Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылының білім саласы қызметкерлерінің құрметтеуімен зейнеткерлік демалысына шығарып салады.
Білікті маманның қызметі қай кезде де, қай салада да құрметтеледі. Бұл рас. Зейнеттік демалысқа шықса да қаладағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып кеткен ел ардақтысы Балдай апайымыз көп ұзамай-ақ қандай да болмасын қоғамдық ұйымдар арасында беделі жоғары тұратын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Байқоңыр қаласындағы филиалының басшысы тізгінін ұстап, тұрғындарының көпшілігі қазақ ұлтынан болса да орыс тілі басымдық ететін қалада ана тіліміздің өрістеуін кеңінен насихаттап жұмыстар жүргізді. Байқоңырлықтарды ана тіліміз – қазақ тілін құрметтеуге үндеп, көп еңбек сіңірді.
Тынымсыз еңбек адамды жетістікке жетелейді. Елімен құрметтеледі. Әрине, бұл заңдылық. Балдай апайымыздың күндіз-түні тынбай еткен еңбегінің арқасында Жұлдызды қалашықта мекен еткен қазақстандық азаматтардың әлеуетін арттыруда біршама игі істердің атқарылғанын ел-жұрт жақсы біледі.
«Елге қызмет ету – үлкен бақыт» деген екен атам қазақ. Осы ретте өзінің өнегелі өмір жолымен байқоңырлықтарға танылған Балдай Қалиянқызы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Байқоңыр қаласы әкімшілігі және ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі өкілінің жұмысын қамтамасыз ету басқармасы басшыларының құрмет грамоталарымен және басқа да марапаттармен мадақталды.
Туған елінің өсіп-өркендеуіне өмірін арнаған ардақты жан бүгінде Байқоңырдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының және қалалық аналар кеңесінің белсенді мүшесі ретінде өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда тынбай еңбек етіп жүр десек артық айтқандық емес. Айтпақшы – байқоңырлық қазақстандықтар үшін «Біздің Балдай апайымыз» атанған елдің құрметтісі ҚР Президентінің Байқоңырдағы Өкілдігінде орналасқан Жастар бөлмесінде танысқанымыз бар. Бөлмеге кіріп келгенімізде төрдегі терезе алдындағы орындықта отырған апамыз көзіне таққан әдемі де өзіне жарасымды қоңыр түсті көзілдірігін алып, маған қарады. Мен де ол кісіге кішілігімді білдіріп, жақындап келіп сәлемімді бердім. Балдай апайым сәлеміңді алдым дегендей, маған күле қарап басын изеді. Түрлі тақырыпта сөз қозғаған екеуміз бір-бірімізбен тіл табысып кете бардық. Оған да бірнеше жыл өтіпті. Осы аз ғана уақыт ішінде апайымның жұрт алдындағы қадір- қасиетіне қанығып, одан сайын құрметтей түстік.
«Жақсыға жақын көп» дейді дана халқымыз. Балдай апайымыздай жақсылар жанымызда көп болса, әрине біз олардан үлгі алып, қатарымыз жақсылармен толыға берері анық.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
11 қазан 2022 ж. 605 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031