Илья Илин жұмыс сапарымен ауданда болды
Ауыр атлетикадан Қазақстандық тұңғыш олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, әлемнің төрт дүркін чемпионы және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры Илья Илин Қармақшы ауданында жұмыс сапарымен болып, ауданымыздағы бұқаралық спортты дамыту бойынша бірқатар мәселелерді талдадық.
Алғаш жұмыс сапары Жосалы кенті орталығындағы №15 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі ғимаратында болып, іске асырылып жатқан жұмыстармен танысты. Биылғы жылы ғимаратқа «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт ғимараттарының жүйесі кеңейе түсуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтырумен шұғылданушылар саны көбейіп келеді. Ауданда дене шынықтыру мен спорт үйірмелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, бірқатар жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге бағдарлама аясында Жосалы кенті мен Төретам кентінде жаңадан тренажерлық спорттық стритбол алаңдары салынды.
Спортпен шұғылданушы жастарымыздың саны артып, жалпы білім беретін мектептердің залдарында спорттық секциялар ұйымдастыру қарастырылуда. Сондай-ақ спорт түрлері бойынша қосымша секциялар ашуға мүмкіндік берілмек.
Спорт – денсаулықтың ғана кепілі болып қалмай, жастарымыздың уақытты тиімді пайдалануына әсер етіп, тәртіп пен бірлікке шақырып, отансүйгіштікке өз үлесін қосары сөзсіз.
«Жүз жыраудың елі» аталған Қармақшы өңірі жыраулық дәстүрімен бірге спорт саласының майталмандарының шыққан өлкесіне айналды. Сондықтан да тұрғындарымыз бұқаралық спортты күнделікті өмірде серік етене сенімдемін.
Бүгін сапар аясында спорт майталманымен кент орталығындағы бұқаралық спортты дамыту бағытында ойларымызбен бөлісіп, алдағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға кеңесіп пікір алмастық.
Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков