Азамат есімі ардақталды
qarmaqshy-tany.kz Аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешенінде ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында спорт жанашыры Тілеуберген Айтжановты еске алуға арналған республикалық жарыс өтті.
Ауданымызда алғаш рет ауыр атлетикадан өткізілген дүбірлі жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгіме тінін тарқатып, жерлестеріміздің қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Оның ішінде, республикалық жарыстар мен халықаралық байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген қармақшылық жас зілтеміршілердің жетістігін паш етіп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, салтанатта Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Велорий Пак, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Нұртілеу Салықов спортшылар алдында сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Жарысқа Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан және Шымкент қаласы мен ауданымыздан барлығы 100-ден астам ауыратлет өзара бақ сынасты.
Осы ретте, Тілеуберген Айтжанов туралы айта кетер болсақ, ол 1969 жылы дүниеге келген. 1976-1986 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы №26 мектепте білім алғаннан кейін Қызылорда қаласындағы арнаулы политехникалық оқу орнында білімін жетілдіреді. Кейіннен кәсіпке бет бұрып, ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне үлес қосады.
Тілеуберген Жыланбасұлы жары Гүлмирамен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардың қоғамнан орындарын сайлап алуына еңбек сіңірді.
Спорт жанашыры өңірде спорт саласының дамуына, жастардың спортқа бейімделуіне үлес қосып, демеушілік көрсетті.
Үш күн бойы тартысты сәттерге толы өткен дүбірлі жарыс та өз мәресіне жетіп, әр салмақ бойынша үздіктер көшін бастаған жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, демеушілер тағайындаған сыйқұрметке бөленді.
Дүбірлі спорттық бәсекеде жерлестеріміз қыздар арасында 55 келіде өнер көрсеткен Алина Калиушко жеңімпаз атанса, ерлер арасында 81 келі салмақта бақ сынаған Мұхаммедәли Қасқырбек І орынды, ал 55 келіде өнер көрсеткен Мұхаммедәли Қойшыбек жүлделі ІІІ орынды иемденді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ