Зілтеміршілеріміз тағы ерледі
qarmaqshy-tany.kz Киелі Қармақшы өңірінің спортшылары қазақша, самбо, дзюдо мен белбеу күрестері бойынша байрақты жарыстарда ел қоржынына олжа салып жүргені рас.
Ал соңғы уақытта олардың қатарына зілтеміршілеріміз де қосылды.
Бала жасынан зілтемір көтеруге құштар болып өскен Айдар Ерәлиев өсе келе Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт-интернатта білімін шыңдап, туған елге оралған соң олимпиадалық резервтің мамандандырылған No15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің зілтемір бөліміне жаттықтырушы болып орналасады. Содан бастап, жас маман ауданда спорттың осы түрін дамытуды қолға алады. Арада жылдар өте жаттықтырушының еңбектегі жемісі де көріне бастайды. Шәкірттері облыстық, республикалық жарыс тарда топ жарып, ұстаз еңбегін ақтауда.
Бүгінде өз ісінің шебері атанған Айдар Қойшыбекұлының 13 шәкірті «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атанса, Алина Калиушкодай енді бір шәкірті «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды. Сонымен қатар Айдардың Ерасыл Сәулебековтей дарынды шәкірті Әлем жеңімпазы атанса, Данияр Сайлаубеков, Сұлтан Болатов, Мұхаммедәли Қойшыбек пен Бабыр Қожантайлар өз салмақтары бойынша ел чемпионы атағын жеңіп алды.
Міне, спорт саласында ауданның ғана емес, ел абыройын асқақтатып жүрген Айдар Ерәлиев бүгінде өзі баптаған шәкірті Ержан Шамшатовпен бірге 70-ке жуық қармақшылық балғынды зілтемір спортына баулып жүр.
Осы ретте айта кетерлік жайт, материал дайындалып жатқанда Өскемен қаласында жасөспірімдер арасында зілтемірден өтіп жатқан ел чемпионатынан жағымды жаңалық келіп жетті. Айдар Ерәлиевтің дүбірлі додаға үкілеп қосқан зілтеміршілері Ерасыл Сәулебеков пен Алина Калиушко жарыс жеңімпазы атанса, Мұхаммедәли Қойшыбек пен Мұхаммедәли Қасқырбеков өз салмақтарында үздік үштік қатарынан орын алды. Ал, командалық есепте жерлестеріміз жеңіс тұғырынан орын алып, Сыр бойының мерейін асқақтатты.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ