» » Сала саңлағы

Сала саңлағы

ЖАСТЫҒЫНА ҚАРАМАСТАН АУДАНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА АТСАЛЫСЫП ЖҮРГЕН ЖАСТАР АЗ ЕМЕС. ОЛАР ӨЗДЕРІНІҢ БІЛІКТІЛІГІМЕН, ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАБІЛЕТІМЕН, ЕЛЖАНДЫЛЫҒЫМЕН ДҮЙІМ ЖҰРТҚА ТАНЫЛЫП, ҚҰРМЕТ ТӨРІНЕН КӨРІНУДЕ. СОНДАЙ ДАРЫНДЫ ЖАСТЫҢ БІРІ - АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕЛІ САЛА МАМАНЫ ҒАЛЫМЖАН ЕРЖАНОВ БАСҚАРАТЫН No16 АУДАНДЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНДЕГІ ҚОЛ КҮРЕСІ БӨЛІМІНІҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ ТАЛҒАТ ҚАНАЕВ.

Байқоңырда өмір есігін ашып, мектепте білім алып жүріп-ақ елімізге танымал жаттықтырушы Әділбек Серікбаевты үлгі тұтқан Талғат өсе келе Алматы қаласындағы жоғары оқу орнында төрт жыл білікті ұстаздардан тәлім алып, қанатын қатайтады. Сол Алматыда оқып жүргенінде қол күресімен айналысып, уақыт өте 70 келі салмақта Қостанайда өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанады. Ол 2015 жылы екінші рет өз салмақ дәрежесі бойынша ел жеңімпазы, келесі жылы Көкшетауда өткен ел біріншілігінде қола жүлдені иеленеді. Осылайша жоғары оқу орнын тәмамдаған Талғат туған елге оралып, өзін биік белеске көтерген спорттың осы түрін аймақта жандандыруға кіріседі.
Бұл жылдары ауданда, тіпті Сыр бойында спорттың осы түрі кенжелеп тұрған шағы болатын. Қол күресі, гір тасын көтеру деген тек той, ұлттық мерекелерде ғана ұйымдастырылатын. Ал қол күресін өңіріде жандандыруды қолға алған Талғат аудан, облыстағы сала басшыларының қолдауына ие болып, алғаш рет аймақта қол күресінен федерация құрады. Өзі сол федерацияның төрағалығына сайланады және өңірдің бас жаттықтырушысы болып тағайындалады. Ол күндіз-түні тыным таппай мақсат еткен жоспарының жүзеге асуы жолында айналасына мықты деген спортшыларды жинап, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орыннан көріне бастайды. Осындай тындырымды тірліктердің нәтижесінде 2019 жылы аймақтағы спорт басшылығының қолдауымен облыс орталығында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының чемпионатын ұйымдастырып, онда Сыр бойы құрамасы ІІ орынды иеленеді. Чемпионатта қармақшылық қол күрес шеберлері Роман Швед пен Бауыржан Бекжанов, жаңақорғандық Рақымжан Махмут жеңімпаз атанса, Нұрай Сәрсенова мен Руслан Әлімов өз салмақтарында жүлделі орыннан көрінеді.
Жас та болса өз ісінің шебері, бүгінде есімі елге танылған спорт маманы Талғат Қанаев 40-қа жуық жас қолкүресшіні спорттың осы түріне баулуда. Олардың арасында Роман Швед пен Бауыржан Бекжанов ҚР спорт шебері атанса, олар Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде ел намысын қорғады, Асхат Әділбеков ел чемпионатында жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, Грузияда өткен Әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті.
Осы ретте Талғаттан ауданымызда қол күресінің дамуы жайлы сұрадық.
– Менің балалық арманым орындалды. Марқұм Әділбек ағамның қолдауымен осы спорт түрімен шұғылдана бастадым. Облыста қол күресінен федерация құрып, сол арқылы жұмысымызды жүргізіп, жетістіктерге жеттік. Чемпион атандым. Шәкірттерімнің де есімдері елге танылуда. Жас буын өкілдері жетіліп келеді. Олардан үлкен үміт күтеміз. Алдағы жоспарға келсек, өзім де, шәкірттерім де Әлем біріншіліктерінде жеңімпаздар тұғырында тұрып, ел байрағын көкке желбіретсек, – дейді білектілер бапкері Талғат бауырымыз.
Нұрбай Жанәділов
19 қазан 2022 ж. 402 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 297

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 394

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930